"Дәрігерлердің өзі аң-таң болды": Астанада 11 жастағы жеткіншектің ауыз қуысына шаш өскен

0
211

14 наурызда жеткіншек тамағы ауыратынын айтып шағымданған.


ERNUR.KZ. Астанада 11 жастағы жеткіншектің ауыз қуысына шаш өскен. Анасы Ақмарал Шалабаева оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп жазады sputnik.kz.

14 наурызда жеткіншек тамағы ауыратынын айтып шағымданған.
"Мен тамағына суық тиді екен деп ойлаппын. Жұмыстан келіп тілін қасықпен басып, тамағын қарасам қап-қара шаш анық көрініп тұр, өсіп тұр. Шошып кеттім. Содан жедел жәрдем шақырдым, олар да аң-таң. Нөмірі екінші балалар клиникалық ауруханасына апардық. Жас лор дәрігер қабылдады, оның өзі аң-таң болды. Тіпті тәжірибелі дәрігерлердің өзі төбелеріне жай түскендей болды, бәрі аң-таң", - дейді жеткіншектің анасы Ақмарал Олжабаева.

Дәрігерлер шаштың біразын пинцетпен жұлып, біразын тексерту үшін қалдырып қойған. Ауыз қуысын тексеретін дәрігерлерге жіберген.

"Тістерінің арасында да шаш өсіпті. Ең қызығы қызымның басындағы шашы сары, ал тамағындағы шашы қап-қара, қалың. Ұзындығы 2 см болады. Шаш біраз өсіп қалған. Бұған дейін басындағы шашы біраз түскен, бірақ тез өсіп кетті. Біз мемлекеттік ауруханаға да, ақылы ауруханаға да қаралдық. Ақылы ауруханадағы генетик маманға барғанда ол тіпті қорқытып тастады. Мутация дегенге келтірді. Мен көңілім қалып қайтып кеттім", - дейді Ақмарал.
Ақмарал - 6 баланың анасы, бір де бір рет баласы ауырып, ауруханаға жатқан кезі болмапты. Бұл қызы да денсаулығына бұған дейін шағымданбаған. Ешбір балам мазамды алмаған, тұмаумен де өте сирек ауырамыз, дейді ол.
"Біз туралы ақпараттардың комментарилерін оқысам, егіздің сыңарынан болуы да мүмкін дейді. Менің бұл қызым - егіздің сыңары. Өте ерте жүктілік кезінде егіздің біреуін сақтай алмадым, ішімде жатып шетінеп кетті", - дейді анасы.

Ақмарал баласының сараптама қорытындысын шетелге де жіберген.

"Америка, Ресей және Қытайға жібердім. Қытай ғана жауап берді. Айтуларынша, бұл өте-өте сирек кездесетін жағдай, ота жасап алып тастау керек, бірақ содан кейін де емін жалғастыру керек. Бірақ әлі нақты ақпарат ала алмай жатырмыз. Негізі сараптамалардың бәрі жақсы. Тамағына ФГДС жасатқызды, іш қуысында шаш жоқ. Басқа да сараптамаларды күтіп отырмын, олар дайын болған соң Қытайға да жіберемін", - дейді анасы.
Ақмаралдың айтуынша, жеткіншектің аузын қарамаған дәрігер жоқ, бәрі қызық көрген. Ал ғаламтор беттерінде дәл мұндай жағдаймен бетпе-бет келгендер саусақпен санарлық қана, бірақ нақты ешнәрсе айтылмаған, дейді ол.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл оқиғаға қатысты мәлімет беретін спикер дайындалып жатқанын хабарлады.