Бұталардың түбіне лақтырып кеткен: СҚО-да колония қызметкері әріптесін қағып, оны қала сыртына апарып тастаған

0
293

26 мамырға қараған түні орын алған оқиғаны Александр есін жиғаннан кейін бірден ағасына айтып берген.


Бұталардың түбіне лақтырып кеткен: СҚО-да колония қызметкері әріптесін қағып, оны қала сыртына апарып тастаған

ERNUR.KZ. СҚО-да бірер апта бұрын Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерін көлік қағып кеткен. Әріптесі соғып кеткен колония қызметкері есін жиып, оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын айтып берді. Айтуынша, өзін қаққан полиция майоры оған көмектесудің орнына орманға апарып тастап кеткен. Ал жәбірленушінің жақындары кінәлі тұлға жауапкершіліктен құтылып кете ме деп алаңдауда, деп жазады Stan.kz

26 мамырға қараған түні орын алған оқиғаны Александр есін жиғаннан кейін бірден ағасына айтып берген. Өз кезегінде ол бауырын осындай халге жеткізгендер жазадан құтылып кетпеуі үшін редакцияға хабарласып, ақпараттық қолдау білдіруді сұрайды. Оның айтуынша, інісі 25 мамыр күні қала сыртындағы монша кешендерінің бірінде қыдырады. Ал түнгі шамасында такси шақыра алмағандықтан, жаяу жолға шыққан.

"Жол жиегімен келе жатқан оны артынан келе жатқан көлік соғып кеткен. Соққының қатты болғаны сонша, Александр машина капотының үстінен ұшып барып жерге құлаған. Бірақ қасына екі адамның келгені есінде. Оның бірін інім бірден таныған. Ол – Ольшанка елді мекенінде орналасқан колония қызметкері. Полиция майоры мас күйде болған. Және жерде жатқан бауырыма былапыт сөздер айтып, ауруханаға апарудан бас тартқан", - дейді жәбірленушінің ағасы Алексей.

Кейін әлгі екеу жәбірленушіні қол-аяғынан ұстап, көліктің артқы орындығына жатқызады. Сосын орманға әкеліп, сөмкесін бір, ал Александрдың өзін екінші бұталар астына лақтырып кетіп қалған.

"Інім бұталарға қарманып, аяққа тұрмақ болған. Алайда, оның оң қолы мен аяғы және барлық қабырғалары сынған. Сондықтан сол қалпы жата берген. Ал, есін жиғанда таң атыпты. Сол кезде ол жақын маңда үрген иттің дауысын естіп, ба күшін жинап, көмекке шақырады. Оның айқайын естіген қыз жүгіріп келіп, жедел жәрдемге хабарласқан. Бұл таңғы 8:30-дар шамасында болған", - деп баяндады Алексей.

Александр екі жұмадай ес-түссіз жатқан. Тек кеше ғана есін жинады.

"Бауырымды ауруханаға әкелгенде дәрігерлер енді бір-екі сағат болғанда, құтқарып қалу мүмкін болмайтын еді деп айтты. Көп қан жоғалтқан. Осы уақытқа дейін ол өздігінен тыныстай алмағандықтан, ИВЛ аппаратына қосулы болды. Александрдың өмірі үшін қатты алаңдадық. Оның аяққа тұрып кетуі үшін әлі біраз уақыт қажет. Алда бірнеше жылдарға созылатын оңалту шаралары тағы бар. Інім спортқа жақын болатын. ҚАЖД қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын жарыстарға үнемі қатысып, жүлделі орындардан көрінетін. Бүгіндері оның мына жағдайына қарап, адамдардың соншалықты айуандыққа баратындығына сене алар емеспіз", - дейді Александардың ашынған ағасы.

Олардың айтуларынша, Александрды соғып кеткен колония қызметкері жұмыстан шығарылып, үйқамаққа алынған. Сондықтан олар полиция майоры жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.

"Александр есін жиғалы екі күн болды. Алайда оған полициядан келіп ешкім жауап алған жоқ. Істі жүргізіп жатқан тергеуші жұбайының сұрақтарына жауап беруден қашып, телефон тұтқасын көтермейді. Сол түні інімнің телефоны да жоғалып кетті. Бірақ алғашқы уақытта әйелі қоңырау шалғанда ол істеп тұрған. Банк картасындағы ақшасы да болмай шықты. Ал, бауырымды соғып кеткен адамға тек жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша ғана іс қозғалған. Сонда оның қылмысты жасыру үшін інімді орманға апарып тастағаны есептелмейді ме? Бір қызығы, ол келесі күні түк болмағандай жұмысқа барған. Ол өзінің жасаған қылмысы жайлы ешкім білмейді, ал Александр өлді деп есептеген болар. Шыныменде, жақын маңда өтіп бара жатқан қыз болмағанда, оны таба алмайтын да едік", - дейді Алексей.

Көлік тігзінінде отырған адамға қатысты ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, үй қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Қызметкер жұмысынан босатылғаны да айтылды.

Дегенмен полиция көлікте болған екінші адамды да іздеуге асықпай отыр. Ал, Александр сол түні әріптесінің қасында тағы бір кісінің болғанын анық біледі. Сондықтан оның жақындары қылмыс жасаған жан жазадан құтылып кетпесе екен дейді. Бүгіндері жәбірленушіні үйде 13 жасар қызы тосып отыр.