​«Қаңтарда қауқарсыздығын көрдік»: Нұрлан Өнербаев Отан қорғаушылар мерекесінің атауын ауыстыруды ұсынды

0
444

«Әйелім ақшалай сыйлық жасады»


​«Қаңтарда қауқарсыздығын көрдік»: Нұрлан Өнербаев Отан қорғаушылар мерекесінің атауын ауыстыруды ұсынды

Халықтың сүйікті әншісі Нұрлан Өнербаев Отан қорғаушылар күнінде әйелінен сыйлық алғанын айтып, қуанышымен бөлісті. Өнер иесі сондай-ақ, бұл мерекенің мән-мағынасы жайлы өз ойымен бөлісті.


«Соңғы күндердегі мерекелерге байланысты мен де құттықтау алдым. Алақай! Жоқ, рас, қуанып қалдым. Тіпті «ұсынған гүлім деп қабылда» деген қаржылай сыйлығы бар. Қалай қуанбайсың?! «Нурик, сенің бүгін туған күнің ғой, маған не сыйлайсың?» деп бүгінге дейін өзімнен ғана сыйлық алып келген жан жарым маған сыйлық жасады. Жан жарым Жаннаның ниетін «Отан отбасынан басталады» дегендей, отбасымызда қырық жылдан астам жаққан отымызды сөндірмей, берік сақтап келе жатқанымды меңзегені болар. Қырық бес жылдан астам ұлтымның өнеріне қызмет жасай жүріп, ұлтымның тілін, әнін, дәстүрін дәріптеп келе жатқандығымды Отансүйгіштігіме балағаны болар деп қабылдадым», - деді Нұрлан Өнербаев.


Әнші «Отан қорғаушылар күні» деген мерекені «Қазақстанның Қарулы күштерінің күні» деп ауыстыруды ұсынды.


«Жалпы, мен мерекелік даталарға аса қатты әсерленбейтіндердің қатарынанмын. Әсіресе, кешегі дәуірдің ескі мерекелеріне. Ал тәуелсіз ел болғалы күнтізбемізге енген Отан қорғаушылар күніне деген өз пікірімді білдіргім келіп отыр.


Отан қорғаушылар деп кімдерді атағанымыз дұрыс? Әскери мундир киіп, министрлік кеңсесінен ұзап шығып көрмеген офицерді ме, әлде қолына қару алып, әскери бөлімше алаңының шаңын көтеріп жүрген жауынгер жігіттерді ме? Бәрімізге белгілі, қаңтардың қасіретті күндерінде Отанымызға шын мәнінде қауіп төнгенде, қауіпсіздік жауынгерлері мен қарулы күш жауынгерлері қауқарсыздығын көрсетіп алды. Менің түсінігімде, Отан қорғау деген қолға қару ұстап ел шебінде тұру ғана емес. Отан қорғау - халқыңның өткен тарихын білу, ана тіліңде сөйлеу, дәстүріңді дәріптеу, мәдениетіңді насихаттау. Міне, осындай ұстанымы бар кез келген азаматты Отан қорғаушы деуге болады.


Негізі 7-Мамыр күні, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін құру туралы Жарлық шыққан күн. Сондықтан бұл күн, «Қазақстанның Қарулы күштерінің күні» ғана болуы керек деп ойлаймын. Кең байтақ жерімізді неше бір жаугершілік жылдарында ерлігімен қорғап келген батыр бабаларымызды айтпағанда, соңғы дүние жүзілік соғыста жасаған ерлігін өздері қорғаған СССР мойындамаса да, батырлықтарын бүкіл әлем мойындаған Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев аталарымыздың бірінің туған күндеріне орайластырса да жарасар еді. Сіздер қалай ойлайсыздар? Бұл менің өз ойым», -деді Нұрлан Өнербаев.