Балабақша кезегінде дәрігерлердің балаларына басымдық берілуі мүмкін

0
1 111

Асхат Аймағамбетов атап өткендей, қазір Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау туралы заң жобасын қарап жатыр.


Балабақша кезегінде дәрігерлердің балаларына басымдық берілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сала мамандарын қолдау үшін депутаттар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Құрметті дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздердің мамандықтарыңыз ең қиын, жауапты және асыл мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалып, нағыз ерлік жасап жүрсіздер», - деп жазды депутат өзінің Telegram арнасында.

Асхат Аймағамбетов атап өткендей, қазір Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау туралы заң жобасын қарап жатыр. Оған сай, медицина қызметкерінің мәртебесін бекіту, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдануы мүмкін.

Депутат мәліметіне сәйкес, бұл мақсатта өзі жетекшілік ететін комиттетің депутаттары мынадай бірқатар түзетулерге бастама жасаған:

- Ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлері үшін 10 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы белгілеу жөніндегі норманы заңға енгіздік.

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз жарналарын төлейтін барлық медицина және білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы, міндетті медициналық тексеруден тегін өтуі, яғни МӘМС есебінен өтуі туралы норма ұсынылды;

- Үкімет ұсынған заң жобасында 2025 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің өздері кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру бойынша жыл сайынғы сақтандыру ақыларының 50%-ын төлеуге міндеттеу көзделген. Біз 100% сақтандырудың барлық сомасын жұмыс берушінің есебінен жабуды ұсынып отырмыз;

- Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін дәрігерлердің балаларын балабақшаға басым тәртіппен қамтамасыз ету, демалыстың мерзімін ұлғайту жөніндегі нормалар ұсынылуда. Сондай-ақ, өздерінің кәсіби міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған немесе мүгедек болған медицина қызметкерлерінің балалары үшін жоғары білім беру гранттарын бөлу кезінде басым құқықты белгілеу бөлігінде түзету енгізілді;

- Медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау жөніндегі норма және дәрігерлерді қорғауға бағытталған басқа да нормалар ұсынылып отыр.

Асхат Аймағамбетовтың мәлімдеуінше, бүгінде бұл түзетулер Үкіметтің қарауына жіберілген.