Ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру ақысы өтеледі

0
614

Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап берілетін болады.


Ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру ақысы өтеледі

ERNUR.KZ. Басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығыстары өтеледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке «...студенттердің жекелеген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шығыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтауды» тапсырды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Президент тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тиісті қаулы қабылдады.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген.

Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады.

Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алатын болады.

Олардың ішінде 4 651 жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер.

2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедек адамдар, мүгедектігі бар балалар бар.

Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап берілетін болады.