Астаналық дәрігерлер ауыр сырқатқа шалдыққан жүкті әйелді өлім аузынан алып қалды

0
1 550

жүктіліктің 39-шы аптасында келіншектің бойында панкреонекроз өршіп кеткен.


Астаналық дәрігерлер ауыр сырқатқа шалдыққан жүкті әйелді өлім аузынан алып қалды

ERNUR.KZ. Астанада екінші көпбейінді қалалық ауруханаға түскен жүкті келіншектің панкреатиті асқынып кеткен. Дәрігерлер ота жасамай, баланы да, анасын да аман алып қалды, деп жазады sputnik.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, жүктіліктің 39-шы аптасында келіншектің бойында панкреонекроз өршіп кетті. Бұл – жедел панкреатиттің өмірге қауіп төндіретін асқынған түрі.
"Ондайда ұйқы безінің тіндері "өліп" қалады. Соның салдарынан адам ағзасы дұрыс істемей, қанның улануына және науқастың өліміне әкеліп соқтырады", - дейді дәрігерлер.
Ауруханаға түскен келіншек ішінің жоғарғы бөлігі қатты шаншып тұрғанын айтты. Жүрегі айнып, құсқысы келді. Оны шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызған. Ана мен сәбидің өміріне қауіп төніп тұрған. Содан жансақтау бөліміндегі акушер-гинекологтар бригадасы жедел босандыруға шешім қабылдаған. Босанғаннан кейін келіншектің жағдайы ауыр болған.
Ал аурухананың бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев әріптестерімен бірге диагностика жасап, клиникалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, отасыз емдеуге шешім шығарған.
"Жүргізіліп жатқан ем аясында жағдайды тұрақтандырып, әйелді жалпы хирургия бөлімшесіне ауыстыруға мүмкіндік туды. Бақытымызға орай, операция қажет болмады, көп ұзамай әйелдің жағдайы оңалды", - дейді емдеуші дәрігер Айдар Жұмағалиев.
Қазір ана мен бала өздерін жақсы сезінеді және ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.