Әр бишінің көрерменге жеткізетін дүниесі бар

0
122

Оның өмір жолы қызметін енді бастап келе жатқан жас әртістерге үлгі.


Әр бишінің көрерменге жеткізетін дүниесі бар

Танымал балерина, «Астана Операның» жетекші солисі, Бордо Ұлттық операсының (Франция) шақырылған солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева сахнада өз партияларын шебер орындап қана қоймайды, сонымен қатар өнер, құрмет пен отбасының арасындағы үйлесімділікті бейнелейді. Оның жасаған әсерлі бейнелері мен тұтас шығармашылығы көптеген жандарға шабыт сыйлайды, ал оның өмір жолы қызметін енді бастап келе жатқан жас әртістерге үлгі.


Құрмет күші

Жуырда Мәдина Өнербаева Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінде Марияның рөлін сомдап, көрермендер аудиториясының, музыка сыншыларының жоғары бағасын алды. Ол бұл партиямен алғаш рет 19 жасында танысқан. Сол кезде қоюшы хореограф актерлік ойын тұрғысынан қандай міндеттер қоймасын, ол үшін негізгі басымдық барлығын техникалық жағынан дұрыс орындау болатын. Нәзік бойжеткеннің бейнесін жеткізу керек болғандықтан, ол өзінің жас қалпымен ұтатын. Араға уақыт салып, осынау спектакль енді «Астана Опера» театрында Ресейдің Халық әртісі, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында ұсынылды.

«Ол менімен қимыл ерекшеліктері, ишарат, көзқарас тәрізді партияны теңдессіз ететін барлық маңызды тұстар бойынша жұмыс істеді. Өсіп-жетілуге және баға жетпес тәжірибе алуға мүмкіндік бергені үшін Алтынай Абдуахимқызына өте ризамын. Ол басты кейіпкердің, бұл Жизель, Китри немесе Одетта болсын, уайымын дұрыс жеткізу үшін балеринаның бейнемен ішкі жұмысы маңызды екенін, бұл үшін адам ең алдымен өмір мектебінен өтуі керектігін әрдайым айтып отырады», - деді Мәдина Өнербаева.


Балерина болу – Мәдина үшін жай кәсіп қана емес, бұл тағдыр. Оның бейнеге асқан шеберлікпен және құштарлықпен енетіні сонша, сахнадағы әрбір қимылы жанның мөлдір бейнесіндей көрінеді. Оның орындауындағы рөлдер шынайы шығатындықтан көрермен ұлы сезімдер мен әсемдік әлеміне енеді. Оның өнердегі жолы А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінен басталды. Бұл жол әркез жеңіл болған жоқ.


«Бала кезімізден-ақ сауық құрудың, классик пен қуаласпақ ойнаудың, таудан сырғанаудың не екенін білген жоқпыз, шын мәнінде осының бәрінен айырылдық. 10 жасымда мен А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеге келдім. Таңғы 8-ден 20.00-ге дейін біз мектепте болуға тиіс едік, тәрбие қатаң болды: салмағымызды, дене бітімімізді қадағалады, кейде бүкірейсек арқамыздан шапалақпен соғып қалатын кездер де болды. Ұстазымыздың жоғарыға созылған аяқты белгілі бір уақытқа дейін ұстатқаны, сөйтіп күш түскен аяқтың дірілдегені жиі есіме түседі. 10 жаста мұндай жүктемелердің не үшін қажет екенін әлі түсінбегендіктен, бұл ең әуелі психологиялық тұрғыда күрделі. Осының барлығы кейін театрда қажет болады, ол жерде саған бірден жеке партияларды беріп қоймайды.

Алғашқы бес жылда мен кордебалетте болдым, кейін халықаралық байқауларға қатыса бастадым, түрлі елдерге бардым, содан кейін ғана жетекші солист атандым. Мен «Астана Операға» он жылдық орындаушылық қоры бар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болып келдім. Жас кездерінде солистер өз-өздерімен, егер қандай да бір партияны орындатпаса, өздерінің реніштерімен күреседі. Өз басым әр нәрсенің өз уақыты бар деп шештім, осы біліміммен еңбек етуді жалғастырдым. Ал кейін көп нәрсенің ұстазға байланысты екенін түсіндім, өйткені кез келген партияны орындаушыға лайықтап, одан кейіпкердің бейнесін айрықша ашатын қырларын табуға болады.

Жалпы, барлық жерде, біздің театрда да балериналар әртүрлі. Әркімнің өз бейнесін дара етіп жасайтыны сонша, бізді бір-бірімізбен салыстыру мүмкін емес. Маған қатысты айтатын болсақ, мен шетелде өте көп өнер көрсеттім, өзіміздің сахнада барлық жетекші репертуарды орындадым, сахна өмірінің құндылығы да осы. Осынау мерзім ішінде жанкүйерлерімнің жылдан жылға көбейіп келе жатқанына қуаныштымын, демек мен бекер жұмыс істеп жатқан жоқпын», - деп түсіндірді балерина.

Шабыт көзі

Үйлесімді тұлға деуге нағыз лайық жан Мәдина расымен де көрерменмен бірлесіп әрекет ете біледі. Көбінесе бұл балеринаның сахнадағы әрбір сәттен ләззат алатындығымен байланысты, мұны көрермендер де сезеді.

«Сүйікті классикалық партияларым көп, бірақ әсіресе маған Баядерка жақын. Бәлкім, онда өмірдің шынайылығы көп болғандықтан шығар. Жалпы алғанда, заманауи қойылымдарға қарағанда барлық классикалық балеттердің негізіне өмірлік жағдайлар арқау болады, заманауи қойылымдардың көбі сюжетсіз болып келеді және олардың басты құраушы бөлігі – музыка. Классикалық балеттерде көбірек ашыла алатының сондықтан шығар, себебі сен өзіңнің өткеніңді еске түсіресің, көрерменге өзіңнің ішкі жай-күйіңді жеткізесің. Бұл драмалық «Жизельге» де, әдемі «Аққу көліне» де қатысты. Көгілдір классика, күрделі спектакльдер.

Кейде балериналарда балет мәтінін ұмытып қалатын жағдайлар болады, алайда шатастырып алғаныңды түсінсең де (бұл туралы педагог пен балерина білетін болады), тоқтап қалмай, билеуді әрі қарай жалғастыра білу шеберлік. Бұл кез келген тәжірибелі әртістің қолынан келуі керек, бастысы барлығы өте үйлесімді болса болды... Әртістер ретінде бізге мыңдаған өмірді сүру, орта ғасырлардағы Англияда, Шотландияда, Францияда, Париж Құдай анасы соборының шыңында да болу бақыты бұйырды, осының барлығы шабыттандырады. Көрермендердің қызығушылығы біздің спектакльге ынта қойғанымызға байланысты. Жанкүйерлер маған балеттен кейін өздерінде бізбен бірге сонда барып келгендей сезім пайда болғанын бірнеше рет айтқан еді. Мен үшін бұл жоғары марапат».


Мәдина Өнербаева сахнаға 21 жылын арнады.

«Осынау уақыт ішінде театрға деген қарым-қатынасыңыз өзгерді ме?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап берді. «Ұраным әрдайым бір – жұмыс істеу! Осынау жылдар ішінде мен көп еңбектендім. Егер адам жұмыс істесе, қайтарым болса, демек қолдан бәрі де келеді. Ал егер ерініп, өз-өзіңді аясаң, көрсетпейтін жерде мінезіңді көрсетсең, онда нәтижесі де сондай болады. Маған тамаша әріптестеріммен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Сол үшін бүгінгі Алғыс айту күні оларға рақметімді айтқым келеді, сондай-ақ өнерді қолдағаны үшін мемлекетімізге, Мәдениет және ақпарат министрлігіне және, әлбетте, барлық тәлімгер ұстаздарым мен жеке Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратоваға ризашылығымды білдіремін, - дейді Мәдина.


Бәрі де ұстаздан басталады

Айта кетейік, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова сонау 2015 жылы (елордалық театрмен әріптестік басталған кез) басқа әртістердің арасынан Мәдина Өнербаеваны байқап қалған.

«Мәдина – керемет балерина, кәсіби маман, ол өзіне одан арғы өсуді қамтамасыз ететін тың дүниені қуана-қуана үйренеді, ол ойлай білетін әртіс, әрдайым бар күшін салып жұмыс істейді, еркінсімейді, дайындықтарға әркез жақсы көңіл күймен келеді, сондықтан онымен жұмыс істеу бір ғанибет. Біреуді қайтадан үйретуден гөрі оны басынан өзің үйреткен жеңілірек екенін жақсы түсінемін, әсіресе қандай да бір дағдылар қалыптасып қалғанда, белгілі бір бұлшықет машықтары болған кезде өзгеру қиындау болады.

Мен келгенде Мәдинаның балерина ретінде жоғары мәртебесі, беделі бар болатын, билеген партиялары да көп еді. Соған қарамастан, ол ықыласпен ден қойып, әлденені қайта өзгертеді, бұл менің талаптарыма сай келеді. Мәдина – таптырмайтын сенімді қызметкер, театр шын мәнінде онымен мақтана алады. Сонымен бірге ол өте тартымды, сұлу балерина, оған қарай отырып, эстетикалық ләззат аласың, оның бойының аласалығының да пайдасы бар, өйткені біздің труппада ер әртістердің барлығы дерлік бойшаң емес, сондықтан ол олардың кез келгенімен жұп болып билей алады».


Балет труппасының көркемдік жетекшісі Мәдинаның үш баланы дүниеге әкелгеніне қарамастан, әрдайым декреттік демалыстан мінсіз қалпында оралатынын еске алды:

«Ол бір баладан кейін екіншісін босанғанда балетке енді келмейтін шығар деп ойладым. Өйткені босану кезінде арқаға салмақ түседі, көбінесе арықтау қиын болып жатады, үйде тыныға алмайсың. Алайда Мәдина қайтып келгенде мен шынымен де таңғалдым. Ол құдды бір еш нәрсе болмағандай өз қалпында оралып, бірден жұмысқа кірісіп кетті, бойкүйездікке салынбады. Труппада камертонның бар болғаны жақсы, себебі бой түзейтін, соңынан ілесетін көшбасшы әрдайым болуы қажет.

Біздің мамандық өте қатал, мұнда уақыт шектеуі бар, бірақ «уақыт» сөзінің Мәдинаға түк қатысы жоқ. Жасы ұлғайып жатқанымен ол өсуін жалғастыруда. Оған қарасаң, алдыңда билеуге құлшынған жап-жас әртіс тұрғандай болады. Сол үшін оған бар білімімді бергім келеді. Әртістің басты қасиеті – даралығы, рөлді, бейнені түсінуі деп санаймын. Осы тұрғыда Мәдина маған сан қырлы болып көрінеді. Әртістің амплуасы бар, тек лирикалық балериналар болады, бірақ оларда темперамент жоқ, жартылай сипаттамалы бишілер бар, бірақ олар лириканы орындай алмайды. Мәдинада барлығы да бар, ол романтиканы да, лириканы да, драманы да түсінеді», - деп әңгімеледі Алтынай Асылмұратова.


Жеткізетін дүниесі бар

Ұстаз бен әртістің арасында өзара ықпалдастық қалыптасуы керек деген түсінік бар, өйткені солистің орындайтын барлық партиясы ұстаздың арқасында мүмкін болады. Бишінің шығармашылығы үшін сол жауап береді.

«Менің кейде түнімен ұйықтамайтынымды көбі біле бермейді. Әртістер бір жарым-екі сағат дайындалады да, кетеді. Бірақ олардың барлығы менімен бірге, менің санамда қалады, сосын қалай жасасам жақсырақ болады деп ойлана бастайсың, осы ойлармен ұйықтап, таңертең солармен бірге оянасың, жұмыс үздіксіз жалғаса береді», - деп пікірімен бөлісті Алтынай Абдуахимқызы.

«Мен өзімнің білім қорыммен, өзімнің тәжірибеммен келдім. Кезінде менен нені талап етсе, әртістерден де соны сұраймын. Техника, пируэттердің саны, аяқты жоғары көтеру – барлығы да қажет, бірақ өнер деген бұл емес. Өнерде детальдер, нюанстар, мәнерді түсіну өте маңызды. Әрбір спектакльдің өзінің мақсаты мен міндеті бар, қандай да бір бейнені қандай да бір мәнерде жасауымыз керек. Мәселен, «Дон Кихотқа» жарайтын қимыл «Жизельге» немесе «Аққу көліне» жарамайды, тіпті олардың барлығы классикалық қимылдар болса да. Айырмашылық деп отырғанымыз нюанстардың өзі, яғни бастың бұрылуы, қолдардың позициядан позицияға өтуі, неге екпін түсіру қажет, немесе екпінді мүлде жасамау. Кезінде осыны маған талапшылдықпен егжей-тегжейлі үйреткен болатын, сол үшін ұстаздарыма, әсіресе Ольга Николаевна Моисееваға өте қатты ризамын, осы мектептен өткеніме бақыттымын. Бұған қоса Морис Бежар, Ролан Пети, Кеннет Макмиллан сынды батыстың біртуар балетмейстерлерімен жұмыс істеп, құнды тәжірибе алдым.

Әртістер келесі буынмен өз білімдерімен бөліссін деген ниетпен енді осы кәсіби қорымды соларға беруге тырысудамын. Осы ретте Мәдинамен жұмыс істеу қуаныш сыйлайды, оның өз дәрежесіне қарамастан жастарға қуана көмектесетіні ұнайды. Бұлай дейтін себебім, шәкірт тәрбиелеуге балериналардың барлығы бірдей дайын бола бермейді. Білгеніңді жастармен бөлісу қалыпты құбылыс, кезінде бізді де солай тәрбиелеген. Жас балеринаға партия берілгенде оның жанында кеңесін айтып, қолдау білдіретін тәжірибелі серігі тұратын.

Мәдина Өнербаева қызметін енді бастап келе жатқан жас құраммен құлшынып жұмыс істеп, жас дебютанттарға қолдау көрсетеді. Өзіне бірер дайындық қана жеткілікті болса да, дебютанттар партиясын жақсылап меңгеруі үшін ол олармен қанша дайындалу керек болса, сонша дайындалуға әзір, бұл – оның тағы бір жақсы қыры. Келешекте, күндердің бір күні ол өзінің кәсіби жолын ұстаздық қызметпен байланыстырып, әртістерге өзінің үлкен қорын береді деген сенімдемін».


Мәдина Өнербаева барлық марапатқа лайық. Себебі оның тарихы – тұрақтылық, еңбекқорлық пен өнерге берілгендік жайлы хикая. Әртістің дарыны мен кемелденуге деген ұмтылысы оны танымал қазақстандық балерина ғана емес, сонымен қатар үлгі тұтарлық тұлға етеді. Оның балерина ретіндегі қызметі оны көптеген жандар үшін шабыт пен даналықтың қайнар көзі етіп, шығармашылық жолдың қиындығы мен рақатына сәулесін төгеді.