Ақтөбеде жұмысқа шыққан бір топ ауыл тұрғыны қар құрсауында қалды

0
528

Мұғалжар ауданы Құмсай ауылының тұрғындары аудан орталығына 210 шақырым жол жүріп баруы тиіс.


Ақтөбеде жұмысқа шыққан бір топ ауыл тұрғыны қар құрсауында қалды

ERNUR.KZ. Ақтөбеде Мұғалжар ауданы Құмсай ауылының тұрғындары таңнан бері қар құрсауында тұр. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін тұрғындар жыл сайын осы күйге түсіп, қиындық көретінін айтты, деп жазады inform.kz.

Мұғалжар ауданы Құмсай ауылының тұрғындары аудан орталығына 210 шақырым жол жүріп баруы тиіс. Ал тура жол 110 шақырымды құрайды. Қыста айналма жолды пайдаланатын олар қазір орта тұсында қалып, көмек күтіп отыр.

- Құмсай ауылынан Ембі қаласына дейін - 90 шақырым. Біз қазір сол қалаға жете алмай, жолда тұрмыз. Қар аршуы тиіс мердігер компанияны мүлде көрмедік, жолды бірде бір рет тазартпады. Бірнеше жылдан бері ауыл адамдары өз күшімен жүр. Аудан орталығы Қандыағаш қаласына барар жолда да қатынас жоқ. Ол - 110 шақырым. Орталыққа Ембі қаласы арқылы барсаң 210 шақырым жол жүресің. Қазір жұмысымызға жете алмай, көлік ішінде отырмыз. Ауылдан 15 шақырым жерде тұрмыз. Барлығы - төрт көлік. Бәрі де вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдар, студенттер. Таңғы сағат 7:30-да шықтық. Мердігер қашан жол тазалайды деп үйде жатамыз ба? Жұмысқа баруымыз керек, сондықтан жолға шықтық. Жанымызға шаруа қожалығының тракторы келді. Оның жол тазалауға қатысы болмаса да, соның соңынан ереміз деп үміттінемін, - деді Құмсай ауылының тұрғыны Есет Оспанов.

Мұғалғар аудандық әкімдігі бүгінге дейін жолды қар баспағанын айтты. 1 ақпанда борап, қатынас қиындаған. Ауа райының өзгерістері туралы хабарлама берілгенімен, тұрғындар жолға шығып кеткен.

- Көлікті шығарып жіберу үшін техника жіберілді. Қазір боран соғып тұр, жолды тазартқанмен бірден басып қалады. Қар тазалайтын мердігер бүгін анықталып жатыр, - деді Мұғалғар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.