Ақтауда сарбаздарды ұрған командир қызметінен қуылды

0
332

Ақтаудағы әскери бөлімнің командирі билікті асыра пайдаланды деп айыпталған.


Ақтауда сарбаздарды ұрған командир қызметінен қуылды

ERNUR.KZ. Ақтауда әскерилерге қысым көрсеткен взвод командирі қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2023 жылғы тамызда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде взвод командирінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге билігін асыра пайдалану дерегі тіркелді. Бұл дерек бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп, Ақтөбе гарнизоны әскери сотының шешімімен тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылды.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 26-бабы 2-тармағына сәйкес сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін әскери қызметші теріс себептермен Қарулы күштердің қатарынан босатылады, – дейді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Құқықбұзушылықтардың алдын алу, әскери ортадағы жарғыға жат әрекеттерді анықтап, олардың жолын кесу мәселесі Қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында. Мұндай әрекетке жол бергендерге құқықтық және тәртіптік шара қолданылады.

Қарулы күштерде мұндай құқықбұзушылықтың бірен-саран фактісі тіркеледі. Алайда олар назардан тыс қалмайды.

Ақтаудағы әскери бөлімнің командирі билікті асыра пайдаланды деп айыпталған. Мұндай жағдай бірнеше рет болған.

Ол әскерге жаңадан шақырылғандардың жеке құрамын жасақтап, олардың біреуін басынан дубинкамен ұрған және «тегімді білесің бе» деп сұраған. Жас сарбаз оның тегін қате айтқаны үшін командирінен тағы бірнеше соққы алған. Тағы бірнеше сарбаз да дәл осындай соққы алған.

Тағы бірде айыпталушы сапқа тұруға кешігіп келгені үшін сарбаздардың бірін жұдырықпен ұрып жіберген. Кейін сол сарбаздың басынан орындықпен бірнеше рет ұрып, аяғымен және жұдырығымен төмпештеуін жалғастырған.

Басылымның мәліметінше, мұндай агрессияға қатардағы жауынгердің оқу сабақтарында бейәдеп сөз айтуы себеп болған-мыс.

Бұдан бөлек айыпталушы полигонда тағы бір сарбазды ұрып, тісінің бір бөлігін сындырып жіберген.

Тергеу бойынша бес әскери қызметкер жәбірленуші деп танылған, бірақ олар айыпталушыны кешіріп, тараптардың татуласқаны туралы арыз жазған. Ал командирдің өзі кінәсін мойындап, татуласуға келіскен.