Аққулардың жаппай қырылу оқиғасынан кейін Rixos Aktau-ға қатысты іс қозғалды

0
615

Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл есептелуде.


Аққулардың жаппай қырылу оқиғасынан кейін Rixos Aktau-ға қатысты іс қозғалды

ERNUR.KZ Аққулардың жаппай қырылуынан кейін Rixos Aktau қонақүйіне қатысты іс қозғалды, деп жазады Stan.kz.



Ақпаратқа қарағанда, тексеру қорытындысы бойынша "Aktau Tourism Ltd" компаниясының табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтамағаны анықталған.

Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 331-бап (Атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластану мен қоқыстанудан қорғау жөніндегі талаптарды бұзу) және 328-бап (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) іс қозғалған.

Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұл есептелуде. Департамент Қаракөл көліне ағынды суларды ағызуды ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген нормаларына немесе қалалық кәріз желілеріне ағынды суларды ағызуға тазарту дәрежесін келтіргенге дейін тоқтата тұру қажеттілігі туралы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарған.

Еске салайық, бұған дейін желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтықтың төгіліп жатқаны жөнінде кадрлар пайда болған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды.

21 желтоқсаннан бері үш апта бойы Қаракөлде аққулар жаппай қырылған. Олардың саны қазір 870-ге жетіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, бастапқы тексеріс қорытындысы "аққулар құс тұмауынан өлген" болуы мүмкін екенін көрсеткен. Кейін мамандар "құстар жем таппай суықта қырылған" деген тұжырым жасаған. Егер Қаракөлде аққулардың қырылуына қонақүй кінәлі екені расталса, оған айыппұл салынуы мүмкін.

Rixos Water World Aktau қонақүйі — Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.