Әйелдер мен қыздарға арналған семинарлар өткізіледі

0
417

Проблемалық мәселелерді шешу үшін Ұлттық комиссия алаңында мемлекеттік органдарды жедел тыңдау кестесі қалыптастырылды.


Әйелдер мен қыздарға арналған семинарлар өткізіледі

ERNUR.KZ. Отырыс барысында Комиссияның жаңартылған жұмыс жоспары мен регламенті бекітілді, деп жазады El.kz

Комиссия төрағасы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева отырысты ашық деп жариялап, Комиссия жұмысының негізгі басымдығы – адамгершілік-отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттер екенін айтты.

«Құжат мемлекеттік отбасы, демографиялық және гендерлік саясат саласындағы өзекті міндеттерді айшықтауға бағытталған бастамалар топтамасын қарастырады. Олардың қатарында, ана мен бала өлімін азайту, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттілік пен суицидтің алдын алу, жыныстық зорлық көрсету қылмыстарынан қорғау, Гендерлік білім орталығын құру және т.б. тақырыптар бар», - деді А. Балаева.

Сонымен қатар, проблемалық мәселелерді шешу үшін Ұлттық комиссия алаңында мемлекеттік органдарды жедел тыңдау кестесі қалыптастырылды.

Жоспарда Комиссияның сараптамалық-талдау жұмысын жүргізу құралдары мен тетіктерінің кең спектрі көзделген. Атап айтқанда, түрлі бейімдеу және әлеуметтік қолдау орталықтарын әдістемелік сүйемелдеу қамтамасыз етіледі, қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен аналарға қажетті көмек көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ететін отбасылардың әлеуметтік картасы жасалады.

Күн тәртібі аясында балалар мен жасөспірімдерге рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесі де қаралды. Кәмелетке толмағандар арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмыстың алдын алуға, балаларға қатысты құқық қорғау құралдарын дамытуға бағытталған профилактикалық шаралар кешені ұсынылды. Сонымен қатар, ата-аналар үшін өз балаларын тәрбиелеумен көбірек айналысуға мүмкіндіктер жасауға ықпал ететін құқықтық ортаны дамыту бойынша нақты шаралар ұсынылды.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі А.С. Данилов орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік басқару жүйесінде әйел басшылардың әлеуетін арттыру бойынша жобаны іске асыруды ұсынды.

«Жобаны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия эгидасы аясында БҰҰ-ның әйелдер құрылымымен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр. Жобаға түрлі сарапшылар тобы мен басқа да халықаралық ұйымдарды тарту көзделуде. Жоба аясында елдің барлық аймағындағы әйелдер мен қыздарға арналған оқыту іс-шаралары өткізіледі (семинарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары коуч сессиялар). Жоба биылғы жылдың шілде айында басталады. Аталған жоба елдің саяси және қоғамдық өміріндегі әйелдердің рөлін күшейтуге септігін тигізеді», деп атап өтті.

Сонымен қатар, Ұлттық комиссия мүшелері – Риза Молдашева мен (Абай облысынан, «Семей таңы» газетінің бас редакторы) Ләзәт Қожахметованың («Талбесік» көп балалы аналар одағы» ҚБ басшысы) баяндамасы тыңдалды. .

Олар отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайту тетіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар айтып, отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі әке институты мәселелеріне, проблемалық мәселелерді шешу мониторингіне және осы бағыттағы комиссия қызметінің перспективаларына назар аударды.

«Бүгін біз азаматтық қоғамның барлық институттарын тарта отырып, Президенттің гендерлік саясат саласы мен барлығына тең мүмкіндік беруге арналған реформасын ары қарай іске асыруға қажетті кешенді қадамдар қамтылған Жоспарды бекіттік. Комиссия Жоспарда көрсетілген барлық бағыт бойынша қоғаммен барынша ашық және жан-жақты байланыс орнатып, алдағы ортақ жұмысымызда алдын-алу шараларына үлкен мән беру керек» деді Аида Балаева.

Отырыс соңында Ұлттық комиссия төрағасы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.