Абай облысында "Qnet" қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 6 жылға сотталды

0
705


Абай облысында

ERNUR.KZ. Абай облысында "Qnet" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады Polisia.kz.

2018 жылы К. тәуелсіз өкіл сертификатын ала отырып, "Qnet" халықаралық компаниясының сайтына тіркелген. 2021 жылдың наурыз айының басында халықтың экономикалық сауатының төмендігін пайдаланып, заңсыз табыс табуға және пирамиданы басқаруға ниеттенген. Өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында К. бұрынғы танысы Б.-мен біріккен.

"К. және Б. (Гонконг) Малайзияда тіркелген "Qnet" халықаралық компаниясы өнімдерінің интернет-саудасын пайдалана отырып, жасырын әрекет етті. Бірлескен қызметке қатысу үшін клубтық саяхат картасын сатып алу және "Qnet" компаниясының тәуелсіз өкілі ретінде тіркелу үшін 780 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейінгі мөлшерде азаматтар жарна жасау керек болды", - делінген хабарламада.

Қаржы пирамидасын дамыту үшін және қатысушыларды көптеп тарту мақсатында Б және К. 2021 жылы кеңсені жалға алған. Қатысушыларға психологиялық әсер ету, кездесулер, дәрістер, оқыту семинарларын өткізіп, К. кеңседе жарнама науқанын ұйымдастырды. Нәтижесінде К. және Б-ның қаржы пирамидасына Қазақстан Республикасының жалпы 30 азаматы қосылды, олар жалпы сомасы 25 млн теңге қаражат салған.
Олар қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. ҚР ҚК-нің 217-бабы бойынша алты жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтейді.