​Жиендер нағашыларына қандай «ЕРКЕЛІК» жасай алады

0
4 195

Жиеннің НАҒАШЫға еркелеуінің жөні бар.


​Жиендер нағашыларына қандай «ЕРКЕЛІК» жасай алады

фото: videozerk.com

Нағашы-жиен қазақтың түп-тамырын біріктіретін, елдік түсінігімізден жырақтамаған, тіпті кейбіреулер үшін нағашы туғаннан артық жақын түсінікке ие.

«Балалығыңды сағынсаң, нағашыңа бар», «Жиен мыңнан үлкен, күйеу жүзден үлкен», «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөздер де нағашы мен жиеннің арасында қаншалықты тығыз байланыстың бар екендігін меңзейді.

Жиен - баланың нағашы жұртымен туыстық қарым-қатынасын білдіретін ұғым, қыздан туған баланы қыздың төркіні және рулас адамдары, яғни нағашылары«жиен» деп атайды.
Жиеннен туған баланы жиеншар дейді. Қазақ дәстүрінде нағашы мен жиен арасында үлкен сыйластық үлгісі қалыптасқан. Олар бірін-бірі күндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш болмайды, өзара әзілдесіп қалжыңдасады, «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деп, жиендерін барынша еркелетеді. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» деген мәтел соны меңзейді. Жиендік жасқа қарамайды. Жиен нағашыдан үлкен болуы да мүмкін. Мұның нағашы-жиендік рәсімдерге кедергісі жоқ. Жиен жасына қарай «жиен аға», «жиен апа» деген секілді айтылады. Жиен ерке, батыл болғанымен, «нағашымен күрескен жиен жығылады» дейді, яғни нағашысы алдында әдепті, ізетті келеді. Ел ішінде жиенді бөтен рудың өкіліне есептей отырып, нағашы жұртына үйлендіру салты да сақталған. Оны «жиен күйеу» дейді. Жиеншар тағайларына (әкесінің нағашысына) әкесі тәрізді жиендік ғұрыпты жалғастырады.


Жиендік ғұрыптарға не кіреді?

Мысалы жиен нағашысының ауылына қыдырып келгенде қалаған бұйымтайын еркін айта алады. Жиендік еркелігіне салып, нағашыларының назарын, бүкіл ықыласын өзіне аудартуға құқылы.


фото: alashainasy.kz

«Қазанға қи салу» ғұрпы

Осындай нағашы мен жиеннің арасында әзіл-шыны аралас ғұрып бар. Жиен нағашыға еркелеу, назарын аударту мақсатында осындай ежелгі ғұрып бар. Мұны қазір қолдану аясы кең емес. Солай бола тұра, қазақтың әр оқиғадан астар іздейтін әдеті емес пе?

Бұл ғұрыптың астарында да жиеннің нағашы ауылына келіп, өзіне лайықты деңгейде көңіл бөлінбей қалған кезде жасалатын салт.

Жиен нағашыға қыдырып келген кезде аса сыйлы қонақ ретінде күтіледі. Егер нағашыларының назары өзіне жетпей жатса, «қазаныңа қи саламын» деп «қорқыту», сол арқылы өзінің талабын айтып, қалауын орындату бұл тек жиендерге ғана жарасатын жағдай.

Кейбір тентектеу жиендердің бірі болса, шынында да алақанына уыстап қи толтырып, ет қайнап жатқан қазанның басына барып, қиды тастап жіберетін жағдайлар да кездескен екен. Бұған нағашылары ренжімеген, керісінше, жиеннің алдында айыптымыз деп қайтадан қазан көтеріп, сый-құрметімен күтіп, шығарып салған.

Қазіргі кезде мұндай дәстүрдің аса қажеттілігі жоқ секілді. Дегенмен, нағашы мен жиеннің арасындағы жіпсіз байланысты тереңдету үшін, қазақтың ежелгі дәстүрін жаңғырту үшін нағашысына ат терлетіп, қонақ болып келген сыйлы жиен «қазаныңа қи саламын» деп өзінің базынасын жеткізуі нағашы-жиен арасындағы әзіл-қалжың, күлкі ретінде орындалып жатса несі айып?

Керісінше, қазақтың осындай ғұрыптары көңіл-күйді көтеріп, әркімнің өз орнын сезіне алуына жол ашады деп сенемін.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Психологиялық қысымға ТӨТЕП БЕРЕ АЛАСЫЗ БА?


ҚҰРАҚ тіл-көзден сақтай ма?