​Жаңа туған сәбиге неге ИТКӨЙЛЕК кигізеді?

0
2 551

"Ит қуу" деген ғұрып та бар.


​Жаңа туған сәбиге неге ИТКӨЙЛЕК кигізеді?

фото: lv.1ttd.ru

Иткөйлек немесе итжейде - сәбидің қырқынан шығарылғанша киетін көйлегі. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан салты. Сәбидің денесіне батпауы үшін тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігіледі. Кейде оны көп өмір сүрген ата-әжелердің киімінің қалдығынан да тіккен. Бұл әрине, өмірге келген сәбиге сол кісілердің жолын беріп, ұзақ өмір сүрсін деген ниет. Етегін, шеттерін бүкпей, кең-мол, үлкен етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеуден туған.


Иткөйлекті баланың кіндік шешесі тігеді. Бұл киімнің шығу тарихы туралы ел арасында мынадай аңыз бар:
«Алла тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

-Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.

Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты.

Бала қырқынан шыққан соң «иткөйлектің» ішіне тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жетіп, түйілген тәттіні бөліп алып, оны иесіне қайта тапсырады. Бұл ғұрып «ит қуу» деп аталады, мәні сәбидің пәле-жаласын қырық жаны бар ит өзімен бірге алып кетеді деп сенген. Балаға иттің жүйрік, алғыр қасиеттері дариды, сәби күшікше бауырын тез көтеріп, жаны берік, «итжанды» болады деп ырымдаған. Қазақта «итжанды» деген сөз адамның төзімділігі мен мықтылығына қатысты айтылады. «Баламыз көп болсын» деген ниетпен алғашқы сәбиге кигізген иткөйлекті келесі балаға деп сақтап қоятын ырым да болған. «Үйге сәби шақырып тұрады» деп сақтап қоюмен қатар, иткөйлекті баласы жоқ келіншектер ырым ретінде алатын да дәстүр бар.

фото: matvejka.ru

Ертеде дауға, сапарға шыққан адамдар, жауға шапқан батырлар баланың иткөйлегін сақтап, өзімен бірге алып жүрсе, пәле-жаладан сақтап, баланың періштесі қағып, аман-есен сапардан алып келеді деп сенген. Иткөйлек атының шығуы оның иттің мойнына байлағанында емес, халық итті «жеті қазынаның» бірі деп бағалауында жатыр екен.

Иттің де адамға жасаған жақсылығы көп, иесіне адал жануардың достыққа адалдығы, төзімділігі, сатқындыққа бармайтыны секілді жақсы қасиеттерінен «жұқсын» деп иткөйлек аталса керек.

Қазіргі таңда ешкім арнайы өз қолымен иткөйлек тікпейді, қариялардың теберік көйлегінен де арнайы тікпейді. Барлығы дайын күйде сатылып жатқандықтан, сатып алғанды қолай көретін шығар. Дегенмен, иткөйлектің артықшылықтарын ескере жүрген абзал.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«АҚ ЖАМЫЛУ» - жесір әйелге жасалатын салт


КИІМге қатысты ырым-тыйымдарды білесіз бе?