Наурыз - МОЛШЫЛЫҚ АЙЫ

0
1 048

Әз-Наурыз молшылықтың бастауы


Наурыз - МОЛШЫЛЫҚ АЙЫ

фото: el.kz

Наурыз мейрамы қарсаңында ерекше көңіл-күйде болатынымыз анық. Өйткені, Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз тек қазақ халқына ғана емес, күллі шығыс халықтарының тойлайтын мерекесі. Жер дүние жаңарып, Жаңа жылдың басталуы деп ұғатын халықтар өз дәстүріне сай бұл мерекені атап өтеді.

Ата-бабаларымыздан жалғасып, ұрпақтарына мұра болып келе жатқан мейрамда қазақ халқы молшылық шақыру үшін үйдегі барлық ыдысты тағамдармен, дәнді-дақыл, бұлақ суы, сүт, айранмен толтырып қойған. «Ақ мол болсын!» деп тілек тілейтін халқымыз мұндай дәстүрді жаңа жылда жақсы өнім болады деген сенімге негіздеп шығарған. Бұдан бөлек мереке қарсаңында жасалатын бірқатар үрдістерді шама-шарқынша орындауға тырысады.


Жаңа жылға ҚАРЫЗсыз кіру

Адамдар ескі жылда қалған қарыздарын өтеуге тиіс. Жаңа жылға қарызсыз кіру - жақсылықтың нышаны. Араздасып қалған жақын жандармен татуласуға тырысады. Өкпе-реніштің барлығын артта қалдырып, осы кезеңді қайта достасу үшін нағыз қолайлы сәт деп есептейеді. Өйткені ескі жылдан жаңа жылға өкпе-ренішті тасуға болмайды деген сенім бар.


Жаңа КИІМ

Наурыз мейрамы келгенде оны жаңа киіммен қарсы алу керек деген тұжырым бұрыннан қалыптасқан. Бұл дәстүр халқымызда келер жылы тоқшылық, молшылық болсын деген тілектен туған. Ертеде көктем мерекесіне дайындықты таң атқаннан бастап кірісіп кетеді. Күн шыққанша үлкендер де, жастар да, балалар да бұлақ көздерін аршып, тазалауға қатысқан. Сонымен қатар тал егетін. Бұл үрдіс жер-жерде жалғасып, балаларға тәрбие көзі ретінде де пайдаланады. Наурыз мейрамы - көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Халық арасында бұл мереке ұлттық таным бойынша үйге жыл бойы молшылық пен сәттілік әкеледі деген сенім бар.


ТАЗАЛЫҚ

Бұл мейрамда адамдар ең жақсы киімдерін киіп, туған-туыс, көрші-қолаңмен жиналып, дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырады, ән айтып, би билейді. Бұл әлбетте көтеріңкі көңіл-күйдің болуына ықпал етеді. Наурыз мейрамына тән салт-дәстүрлер де қалыптасқан. Оның ішінде ең маңыздысы – жаңаруға, тазалыққа бет бұру. Ол көптеген ғасырлар бұрын пайда болып, бүгінде жойылған жоқ. Адамдар тек үй ішін емес, ауланы да тазалайды. Халқымызда Наурыз мейрамына қатысты түрлі сенім-наным бар.

Мысалы, егер мерекеде үй іші таза болса, онда оның тұрғындары жыл бойы қиындықсыз, уайымсыз өмір сүреді, ауру-сырқау, пәле-жаладан аулақ болады.


фото: top-fon.com


НАУРЫЗ КӨЖЕ

Мерекеде, әрине, дастархан жаю - басты міндет. Түскі уақытта дастарханға қойылған мерекелік астан ауыз тиген. Асқа бата жасалған. Сонымен қатар, әулеттің үлкендері жиналғандарға да ақ батасын берген. Жаңа күннің дастарханына арнайы әзірленетін басты тағам «Наурыз көже». Көженің құрамы жеті түрлі өнімнен тұрады: оның құрамына міндетті түрде салынуы керек деген азық түрлері нақтыланбағанымен, ағарған, тұз, сүрленген ет пен дәнді дақылдар қосылады. Наурыз мейрамында жеті үйді аралап, жеті қонақ үйінен дәм татқан адам келер жылы шексіз бақытқа кенеледі деп есептелген.

Ендеше мейрамды дәстүрге сай, мерекелік көжеден дәм татып, жақындарыңызбен бірге өткізіңіз. Салт-дәстүрді жаңғыртып, жан-жағымызға тазалық жұмысын жасап әрі дәмді тағамдар дайындап, құтты қонақтарыңызды күту арқылы алдағы жылдың табысты болатыны сөзсіз.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


КӨГЕНТҮП салты ҚАЙ КЕЗДЕ орындалады?


«БӘЖІ басу», «АЛЫҚ малы» не үшін жасалған?