ЕСТІРТУ: мұны ӘЙЕЛ жасамағаны дұрыс

0
3 035

Бұған апа-әжелеріміз өте сақ болған...


ЕСТІРТУ: мұны ӘЙЕЛ жасамағаны дұрыс

фото: womenofkz

Әйелге қойылатын талап та, салынатын тыйым да аз емес қазақта. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым», «Қыздың жолы жіңішке» деп қыз баланың тәрбиесін әуел бастан қадағалаған.


Мұның қандай тәрбиелік мәні бар болса да, ата-бабамыздың дәстүрінде де дінінде де әйел ерден бір саты төмен тұруы қажет екенін айтқызбай-ақ түсінеміз.

Кейде осы сатыдан аттап, алға шығып кететін сәттердің болып тұратынын және оның соңы жақсылыққа алып келмейтінін кейбіріміз сезбейтін де шығармыз. Сондықтан, қай кезде де әйелдің өзіне өлшеп берілген орны болады, сол орыннан шығып, басқаға таласуға ұмтылмаған жөн болар.


Дастархан басында кілең әйел отырса жөні басқа, егер алты жасар ұл бала отырса да әйел адам құран оқымайды, дастарханға бата жасамайды, бұл ер адамға деген құрмет, әйел адамның өз орнын білуі. Аяғы ауыр келіншектің алдынан сексенге келген кейуана болса да кесіп өтпейді, өйткені ол әйелдің құрсағында ұл бала болуы мүмкін. Осыны есепке алған байырғы әже-аналарымыздың көрегенділігіне бас имеске шараң жоқ. Ер-азаматтарын қашанда ардақ тұтып, пірім деп есептейтін елдің ұрпағы бүгінде сол дәстүрлерді ұстана ма? Бірақ әттең-ай дейтін көрініс көп екенін жасыра алмаймыз. Қазір заман өзгерді, ескіліктің сарқыншағы бізге қажет емес деп ойлайтын жас қыз-келіншектер мынаны есінде ұстаса екен. Әйелге тыйым салынса демек оның да астары бар деп ұққанымыз жөн.


Соның ішінде қаралы хабарды әйел адам естіртуге болмайды. Олай еткен жағдайда қайғы көбейіп кетеді деп қорыққан. Мұны білетін адамдар әрдайым ескертіп, айналасындағы қыз-келіншектерді құлағдар етіп отырған дұрыс-ау. Өйткені білместіктің кесірінен талай естіртулер әйелдер арқылы жетіп жатқаны өкінішті.


Қазаның жолы ауыр десек те, оны естірту дәстүрімен қаралы жанның жүрегіне ауыртпалық түсірмеуді ойлаған халқымыз жақынын жоғалтқан жанға басу айта да білген, оның қайғысын осындай жолмен жеңілдеткен. Қайғының емі естірту, басу айту екені де анық. Бірақ естіртуді де жақынынан айырылған адамға төтесінен айта салмай, ол адамды алдын ала суыт хабарды қабылдауға дайындап, содан кейін жұбата отырып қазаны естірткен.

Даналыққа толы дәстүр адамды психологиялық жағынан суыт хабарға дайындап, сабырға шақыруға негізделген. Қазақ ешқашан да жасқа, балаға және әйел адамға қаза туралы айтқызбаған. Осы дәстүріміздің бұзылуына ешбір жан мән беріп жатқан жоқ. Осыған орай, көптеген мысалдар келтіруге болады.

фото:in.adym.kz

Бір құрбымның айтқаны бар еді, соған қарағанда қазақтың дәстүрі де, ғұрпы да тегіннен тегін шықпаған шығар деген ой келеді.

«Жұмыста алаңсыз отырған кезде телефоныма әпкем қоңырау шалды. Даусы да жайшылықтағы жайбарақат дауыс емес, жылағысы келіп, дірілдеп тұр. Нағашы атамыздың өмірден өткені туралы қаралы хабарды жеткізді. Бір мезетке миым жұмыс істемей қалғандай болды. Отырған орнымнан тұра алмай, қадалып қалған сияқты болдым. Арада бір мезеттік үзіліс болып, одан кейін ғана санам іске қосылып дабыл кешігіп жеткендей, көзімнен еріксіз жас ақты. Қабылдай алмаған шығармын мұндай хабарды, «ол енді жоқ» дегенді санама сіңіре алмадым. Солай төбемнен жай түсіргендей қаралы хабардан соң, бір жылдың ішінде бұл азаймады».

Мүмкін жәй ғана сәйкестік болар, Алла әр адамға өлшеулі ғұмыр береді ғой десек те, қазақтың сенімі дәл келетіндігіне шүбә жоқ, сондықтан, мейлінше сақтанып, қаралы хабарды әйел адамның жеткізбеуіне тырысуымыз керек шығар.

Ел ішінде індет тарап, жасы үлкен кісілер бұл ауруға төзе алмай қалғандығынан солай болып жатыр деп ойласақ та, әйел адамның қазаны естіртуі жақсылыққа бастамайтынын естен шығармауымыз керек.

Естірту де ежелден келе жатқан дәстүріміз, оның жөн-жобасын білетін, өмірді көрген, мосқалдау адам естіртсе құба-құп. Үлкеннің сөзін тыңдайтын, ақылына құлақ асатын халықпыз ғой, осындайда жаныңа жұбаныш болар солардың сөзі ғана.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


КӨКПАРда тартылған серкенің ЕТін КІМдер жейді?


«ТҮЙЕ МҰРЫНДЫҚ» кәдесі - тойдың ЖАРШЫСЫ