​«АҚ ЖАМЫЛУ» - жесір әйелге жасалатын салт

0
2 112

Жесір қалған әйел бір жыл бойы қара жамылады. Мерзім аяқталған соң орындалатын салтты "Ақ жамылу" деп атайды.


​«АҚ ЖАМЫЛУ» - жесір әйелге жасалатын салт

фото: yvision.kz

Ақиқатында, қазақтың қара жамылмайтынын білмейтін қазақ жоқ. Ақ - жарық дүние, қара - бақилық дүние деген мағынада қолданылатындықтан, ежелгі ата-бабаларымыз «қара» деген сөзге де, қара киімге де құштар болмаған.

Бүгінде ескіліктің сарқыншағы деп назар аудармай жүргендерге бұл ата-бабаларымыздың ұстанған жолы екенін айту парызымыз.

Қазақтың ата салты бойынша жұбайы өлген әйел ғана шашын жайып, қара жамылған. Осыған сәйкес ондай үй «қаралы үй» деп аталған.

Сондықтан қара жамылу, қазақ қызы үшін өте жаман ырым. Қара жамылу өзіне, жұбайына, отбасының өзге де мүшелеріне, бүкіл қазақ еліне жамандық тілеу болып табылады.

Дәстүріміз де діннің шеңберінен шықпайтын болғандықтан, бұл біздің қазынамыз екендігін мойындайтын сәт келді. Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар дегенімізбен түбінде терең пәлсапа бар екенін ойлана білген адам ұғады.

Қара жамылған әйел азасын тұтып, жоқтауын айтып бір жыл отырған соң, қара жаулығын шешеді. Оның орнына ақ жаулықты қайта тағады.

Бұл да өз алдына орындалатын дәстүр және арнайы кәдесі де болады. Ері қаза болып, жесір қалған әйелдің бір жылдық азасы аяқталған соң, абысын-ажындары келіп, қаралы әйелдің көңілін аулайды, өмірдің жалғасып жатқанын ескертеді. Балалары бар болса, балалардың болашағы үшін әйелдің еңсе көтеріп, ел қатарына қосылып, ағайынмен араласып, той-жиындарға баруына рұқсат етіледі.

фото: pinterest.com

Қаза болған кісі ер адам болып оның әйелі болған болса, абысындарының біреуі ‹‹қормалың жоқ боп қасыңда, ақ бүркеп салдық басыңа›› деп дауыс айтып, басына ақ шаршы жаулық салады, жаулық байланбайды, омырауына түсіріп қояды. Жыл нәзірі берілген күні, жаулық салған абысыны арнаулы жасаған кимешек немесе салы әкеліп, алмастырып салып ақ бүркеншекті алады. Бұғанда өзіндік жол-жоралғысы беріледі.


«Көңілің ағарсын, балаларыңның қуанышында елмен араласып, қазаның орнын қуанышқа алмастыр» деген ізгі тілектерін айтып, бұдан былайғы өмірінде жолы ашық, өмірі жарқын болуын қалағандықтан туындаған дәстүр.


Адам болған соң, өмір жалғасады. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жалғастырады» деп Алланың басқа салғанына көніп, өмірді бұрынғысынша қабыл алып, ары қарай тіршілік етуіне ықпал етеді.

Қара жамылған әйел бір жыл бойы той-томалақтарға, ойын-сауыққа қатыспайды. Бір жыл өтіп, қара туды төмен түсіріп, әйелдің азасын тоқтатады.

Ақ жамылудың мәні осында.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


КИІМге қатысты ырым-тыйымдарды білесіз бе?


КӨЗ АҚЫСЫн беру деген не?