Қазақстанда әйелдердің 17 пайызы зорлық-зомбылық көрген – БҰҰ

0
3 404

Мүмкіндігі шектеулі әйелдер мүгедектігі жоқ әйелдерге қарағанда зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды.


Қазақстанда әйелдердің 17 пайызы зорлық-зомбылық көрген – БҰҰ

Әлемнің 57 еліндегі әйелдердің жартысына жуығы серіктесімен жыныстық қатынасқа түсу, контрацептивтерді пайдалану немесе медициналық көмекке жүгіну құқығынан айырылған. Бұл туралы БҰҰ Халықтың қоныстану саласындағы қорының (ЮНПФА) «Әлем халқы» баяндамасында айтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ қордың Қазақстандағы өкілдігіне сілтеме жасап.


«Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасында алғаш рет дене автономиясына баса назар аударылып отыр: зорлық-зомбылықтан немесе басқа біреудің шешім қабылдауынан қорықпай, өз денесіне қатысты таңдау жасауға мүмкіндік беру туралы айтылуда. Дене автономиясының болмауы жекелеген қыздарға, әйелдер мен жастарға терең зиян келтіріп қана қоймайды, сонымен бірге экономикалық өнімділікті төмендетеді, кәсіби дамуды шектейді және денсаулық сақтау мен сот жүйесіне қосымша шығындар әкеледі. Дене автономиясының бұзылуы жыныстық, физикалық, психологиялық және басқа да зорлық-зомбылық түрлерін қоса алғанда, әртүрлі формада жүреді», - деп хабарлады Қазақстандағы ЮНПФА өкілдігі.


Қордың айтуынша, Қазақстанда бұрын серіктесі болған 18–75 жас аралығындағы әйелдердің 17%-ы физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген, немесе интимдік серіктес тарапынан жоғарыда айтылған екі форманы да бастан кешірген.


«Мүмкіндігі шектеулі әйелдер мүгедектігі жоқ әйелдерге қарағанда зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды. Біздің сауалнама көрсеткендей, COVID-19 кезінде мүгедектігі бар он әйелдің жетеуі зорлық-зомбылық жағдайында қайда көмек сұрау керектігін білмеген, ал сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі оқшаулану кезінде олардың отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы нашарлағанын хабарлады. Дене дербестігінің бұзылуына репродуктивті денсаулық саласындағы ақпарат пен қызметтерге «иә» деп айтудың және қалаусыз жыныстық қатынасқа, мәжбүрлі некеге, жыныстық қысымға, жыныстық қудалауға және зорлық-зомбылықтың басқа түрлеріне «жоқ» деп айту мүмкіндігі мен қабілетінің жоқтығы да ықпал етеді», - дейді өкілдік.


Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық өмір тәжірибесі бар екенін хабарлады, бірақ олардың көпшілігі – 91%-ы АИТВ және ЖИТС туралы жеткілікті білмейтінін айтып отыр. Қазақстандағы жасөспірім қыздар арасында да кездейсоқ жүктіліктің жоғары деңгейі байқалады. Жыныстық белсенді жасөспірім қыздардың 16,7%-ы бұрын-соңды жүкті болғандарын атап отыр.


«Дене автономиясына қол жеткізу гендерлік теңдікке және әйелдер, қыздар, жасөспірімдер, жастар және оқшауланған топтар үшін таңдау мен мүмкіндіктерді кеңейтуге байланысты. Дене автономиясынан бас тарту – бұл адамның негізгі құқықтарының бұзылуы, ол теңсіздікті күшейтеді және гендерлік және басқа да кемсітушілік нысандарынан туындаған зорлық-зомбылықты күшейтеді», - деді БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қорының Қазақстандағы өкілі, Қырғызстан мен Түркіменстан бойынша директоры Джулия Валезе.


Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНФПА гендерлік теңдікті, жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығын ілгерілетудің және жастар денсаулық орталықтарын (ЖДО) нығайтудың маңыздылығын арттыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті.


«Өткен жылы қазақстандық тәжірибеде бірінші рет денсаулық сақтау жүйесінің гендерлік зорлық-зомбылық жағдайларына ден қою туралы клиникалық хаттамасы мақұлданды. Осы хаттаманы іс жүзінде қолдануға көмектесу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНФПА Ұлыбританияның Нұр-Сұлтандағы елшілігінің қолдауымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері үшін қазақ және орыс тілдерінде онлайн-курсты әзірледі, себебі олар көбінесе гендерлік зорлық-зомбылықтан аман қалған адамдар үшін «алғашқы байланыс нүктесі» болып табылады», - дейді Қазақстандағы ЮНПФА өкілдігі.