ТҮРКІСТАН: Жолдар қысқы мезгілге дайындалып жатыр

0
1 007

Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы - 4014,74 шақырым.


ТҮРКІСТАН: Жолдар қысқы мезгілге дайындалып жатыр

Түркістан облысында көлік жолдарын қысқы мезгілге дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өңірлік комммуникациялар қызметінде Түркістан облысындағы автомобиль жолдары мен медициналық қызметтердің, жылыту пункттерінің қысқы дайындығы бойынша брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов өңірдегі автожолдардың қысқы әзірлігі, техникалардың дайындығы туралы баяндады.


«Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы - 4014,74 шақырым. Оның ішінде 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдары болса, 434 шақырымы - таулы аймақтарда қар қатты басып қалуы қаупі жоғары аймақтар. Өңірдегі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына 125 арнайы техника жұмылдырылған. Жолдарды дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу үшін 4636 м3 құм және 437 тонна тұз әзірленген. Бүгінгі таңда, инертті материалдар аудан, қалалардағы қоймаларға жиналған», - деді Ролан Бекмағамбетұлы.


Басқарма басшысының айтуынша, арнайы техникаларға пайдаланылатын жанар-жағармай жеткілікті. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, асуларда 4 жылыту бекеті әзірленді. Яғни, «Шыбықбел», «Одаманбұлақ», «Ащысай» және «Таскөмірсай» жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар. Төсек-орынмен және азық-түлікпен басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етілген.


«Бәйдібек, Созақ, Төлеби аудандары аумағымен өтетін автомобиль жолдарының бойында, қар басып қалу ықтималдылығы жоғары аймақтарда жалпы ұзындығы 2560 қума/метр қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылған. Сондай-ақ, 715 дана ескертуші «Тайғақ жол» 1.15 жол белгілері қойылды», - деді Ролан Бекмағамбетұлы.


Брифингте Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Ерік Сарыбаев өңір тұрғындарын сақтық шараларына мұқият болуға, дауылды ескертулер берілген кездерде алыс жолға шықпауға шақырды.


«Қысқы дайындық жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Департамент тарапынан 502 адам, 33 техника дайындыққа келтірілді. Бүгінгі таңға облыс аумағында есепке алынған қар басатын жалпы 22 аумақ бар. Қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жалпы 11 жылыту пункті, 3 «Апаттар медицина орталығы» филиалының бекеттері дайындалған. Облыс тұрғындары мен қонақтарынан дауылды боран, қар т.б. ескерту алған соң ұзақ жолға шықпауды сұраймыз. Қыс маусымында ауа райының күрт өзгеруі кезінде жолдарды жабу барысында басқа айналма жолдармен автокөлік иелерінің жолға шығып кетудің соңы үлкен өкінішке әкелуі мүмкін. Автобекеттер басшылары да қысқы маусымда жолға шығу мәселелерін пысықтап, яғни автобустардың доңғалақтарының сәйкестігіне, қыстық дизель отынымен қамтамасыз етілгендігіне және техникалардың жарамдылығына аса назар аудару қажет», - деді Ерік Темірханұлы.