ТҮРКІСТАН: Түлкібаста қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді

0
549

60 жалпы орта мектепте алғашқы қоңырау соғылды.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді

Түлкібаста 150 орындық қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түлкібас ауданы, Таусағыз ауылында қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Таузағыздықтарды 1 қыркүйек – Білім күні және мектеп жанынан қосымша 150 орындық ғимараттың ашылуымен аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов құттықтап, мектеп табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған 1 сынып оқушыларына сәттілік тіледі.


Көп жылдан бері бала санының артуына байланысты өзекті мәселенің бірі болып келген Титов мектебін ұлғайту мәселесі осылайша өз шешімін тапты.


Жаңа ғимаратта 12 кабинет қарастырылған. Оның 4-еуі арнайы пәндерге ыңғайластырылып жабдықталған. Қосымша ғимараттың құрылысымен бірге мектептің ескі ғимараты да толық жөндеуден өтіп, ауласы абаттандырылуда.


Мерекелік шарада «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қ.Еркебаев және ауыл ақсақалдары құттықтау сөз алып, ауыл тұрғындарын жаңа білім нысандарымен құттықтап, мерекелік лебіздерін білдірді.


Жаңа ғимараттың лентасын қию рәсімінен соң жиналған қауым жаңа нысанды аралап, білім күніне орай ұйымдастырылған «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы ашық сабаққа қатысты.


Айта кетейік, бүгін ауданда 60 жалпы орта мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Онда 23 мыңнан астам оқушы білім алса, соның ішінде 2204 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.