ТҮРКІСТАН: Азаматтар үй жануарларын есепке қоюға міндеттеледі

0
1 321

Бос жүргені анықталса, ҚР ӘҚБК-нің 407-2 бабы бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.


ТҮРКІСТАН: Азаматтар үй жануарларын есепке қоюға міндеттеледі

Тұрғындар 2023 жылғы 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын есепке қоюға (тіркеуге) міндеттеледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының 21-бабы 2 тармағына сәйкес үй жануарларының иелеріне 2023 жылғы 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын есепке қоюға (тіркеуге) міндеттеледі.


Аталған Заңды Түркістан облысы бойынша іске асыру, кешенді жоспарды орындау және үй жануарларын ұстау, серуендету қағида талаптарын сақтауды қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және заң талаптарын сақтамаған құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік іс-шара ұйымдастыру мақсатында жұмысшы топ облыс деңгейінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының бекітуімен құрылған болатын.


Жұмысшы топ өкілдерімен бірлесіп, Сауран, Ордабасы, Отырар, Шардара ауданында, Түркістан, Арыс және Кентау қаласында іс-шаралар өткізілді. Шара барысында ауыл тұрғындарына аталған Заң нормалары мен ережеде көрсетілген міндетті талаптар бойынша биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларының иелері ит, мысықтарды чиптеуден өткізіп, тиісті ақпараттық жүйеде тіркеуге қою қажеттілігі туралы айтылды. Сондай-ақ иттер мен мысықтарды қараусыз қалдырмау, қоршаған орта мен адамдарға қауіп төндірмейтіндей етіп ұстау, көшелер мен саябақтарда, рұқсат етілмеген орындарда қараусыз бос жібермеу және аумақта иттер бар екенін ескертетін тақтайшалар ілу қажеттілігі жөнінде 450 жадынамалар тарқатылып, бос жүргені анықталса, ҚР ӘҚБК-нің 407-2 бабы бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығы жеткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта облыс деңгейінде құрылған жұмысшы топ өкілдерімен бірлескен рейдтік шаралар жалғасып жатыр.


Есепке алу жануарларға неғұрлым жауапкершілікпен қарауға септігін тигізеді және қаңғыбас иттер мен мысықтарға қатысты мәселені шешуі мүмкін. Иесі жануар үшін жауапты, ол жануар қоғамға қауіпті болмайтындай жағдай жасауға міндетті. Чип салу – арнайы чиптерді қолдана отырып, жануарларды таңбалаудың қауіпсіз және заманауи әдістерінің бірі. Чипті жануарға енгізу ауыртпай жасалатын процедура. Бірдейлендірудің заманауи әдістері жануарларды ауыстырып алмауды, құтыруға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егілмеген жануарларды анықтауды, жануарды иеленуге қатысты дауды дер кезінде шешуді қамтамасыз етеді.


Үй жануарларын есепке алу бұйым құралдары (чип) 650 теңге, ал бұйым құралдарды салу жұмыс ақысы 500 теңгені құрайды. (жалпы құны 1150 тг). Чип жануардың өмір бойы қауіпсіз және сенімді түрде сәйкестендірілуіне, алдағы жүз жыл ішінде нөмірдің қайталанбауына кепілдік береді, ал биоүйлесімді шыны микрочиптің жылжып кетуіне жол бермейді. Бүгінгі күні жануарларға чип салумен аудан, қалалардағы ветеринариялық мал дәрігерлер айналысады.


Жануарды тіркеудің екі әдісі бар. Бірінші әдіс бойынша жануардың иесі деректерді «TAÑBA» жануарларды есепке алу ақпараттық сервисіне дербес енгізе алады https://tanba.kezekte.kz. Екінші әдісте жануармен TANBA жүйесінде тіркелген ветеринарлық клиникаға хабарласып, осы ветеринарлық клиниканың ветеринары жануар туралы мәліметтерді енгізеді және жануарды TANBA жүйесінде тіркейді. Жүйеге тіркегеннен кейін жануар иесінің жеке кабинетінде жануардың барлық сипаттамасы бар электрондық паспорты, сондай-ақ жануар бойынша үзінділерді жүктеп алу және жүргізілген барлық ветеринариялық емдеу-профилактикалық іс-шараны қарауға болады.


Айта кетейік, облыс көлемінде 216 нүкте қосылады. Жануарларды есепке алу жөніндегі ақпараттық сервиске қол жетімділікті ұсыну жөніндегі қызметтер бойынша 6000,0 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу порталына баға ұсынысы тәсілімен жарияланымға беріліп, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен үй жануарларын тіркеу бойынша «Таңба» дерекқор базасымен қамтамасыз етуге «Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі жеңімпаз болып танылып, келісім шарт жасалып жұмыстар жүргізілуде.