ТҮРКІСТАН: Арыс автопаркі жаңа автобустармен толықты

0
381

Шаһар басшысы жаңа автобустардың кілтін табыстап, қызметкерлерге сәттілік тіледі.


ТҮРКІСТАН: Арыс автопаркі жаңа автобустармен толықты

Арыс қаласының автопаркі отандық зауытта құрастырылған 14 жаңа автобуспен толықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Арыс қаласында тарихи сәт. Қала автопаркі отандық зауытта құрастырылған 14 жаңа автобуспен толықты.


Орталық Әл-Фараби алаңында өткен жаңа қоғамдық көліктерді маршруттарға үлестіру шарасына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, «СемАЗ» авто зауытының Шымкент қаласындағы филиалының директоры Руслан Қасқарбек, «Түркістан» ӘКК АҚ төраға орынбасары Асланбек Исахов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.


Шаһар басшысы жаңа автобустардың кілтін табыстап, қызметкерлерге сәттілік тіледі. Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау тапсырмасына сәйкес қалада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартып, барша арыстықтарды айтулы сәтпен құттықтады.


«Осыдан үш жыл бұрын, тұрғындар ұсынысымен қаламызда қоғамдық көліктерді жүргіздік. Халыққа тиімді бағада болған соң үлкен сұранысқа ие болды. Міне, Арыс халқына жайлы болу үшін автобустарды жаңартып отырмыз. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын» - деді қала басшысы.


Бұдан кейін, қала әкімі №2 бағытта қатынайтын жаңа автобустардың алғашқы жолаушысы болып, тұрғындармен бірге қала ішін аралады. Жаңа автобусқа отырған жолаушылармен тілдесіп, қаланың өркендей беруіне тілектес екенін жеткізді.


Жаңа автобустарды Арыс қаласында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Arys BUS» серіктестігі «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясының сүйемелдеуімен лизинге сатып алған. Сыйымдылығы 40 адамға лайықталған, Семей қаласында құрастырылған отандық заманауи жолаушы көліктері жылдамдықты шектейтін датчиктермен жабдықталған. Үш есікті, төмен еденді, электронды табломен, 5 видео камерамен жабдықталған әрі «Евро-5» экологиялық стандартына сай автобустар 1 мамырдан бастап пайдалануға берілмек.


Айта кетейік, 2021 жылдан бастап, тұрғындарының сұранысы бойынша Арыс қаласында қоғамдық көлік жүре бастады. Бүгінде 14 автобус 3 бағыт бойынша тұрақты түрде қатынап жатыр. Жолақысы бойынша Түркістан облысында ең арзан аумақ саналады. Сонымен бағалары ересектерге 50 тг, 18 пен 7 жас аралығындағы балаларға - 25 тг, болып бекітілген. Сондай-ақ, Батыр аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, және 7 жасқа дейінгі оқушыларға жолақысы тегін.