Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне қатаң талап қойды

0
356

Облыс әкімінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған шараға өңірдің 210 кәсіпкері әкімдермен бірге барды.


Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне қатаң талап қойды

Аудан, қала әкімдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысына инвестиция тарту мақсатында аудан, қала әкімдерінің Қытай Халық Республикасына жасалған іссапар нәтижесінде өңірде өнеркәсіптік өндіріс жаңа қарқынмен дами бастады. Облыс әкімінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған шараға өңірдің 210 кәсіпкері әкімдермен бірге барды.


Сапар барысында делегация заманауи технологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларымен, сондай-ақ әлемдік нарықта дамып келе жатқан ноу-хау технологияларымен танысты. Облыс делегациясы шетелдің 10-нан астам провинциясы мен қалаларында болып, 70-ке жуық өндіріс орындарының жұмысын көрді. Сапар нәтижесі бойынша аудан, қала әкімдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға есеп берді.


Қазақ-Қытай бірлескен компанияларында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бүгінгі таңда 8 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағыттау көзделген.


Дархан Сатыбалды әкімдерге қатаң талап қойды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды айтқан облыс әкімі бұл бағытта белсенді әрекетке көшуді ескертті. Жұмыстарды ширату бойынша аудан, қала әкімдеріне бірқатар міндеттер қойды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды арттыруды тапсырды.


Атап айтқанда, Түркістан қаласында жиһаз шығару зауытына 2,3 млрд. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, жұмысын бастап кетті. Түркістан қаласында шұлық өнімдерін шығаратын цех ашылды. Шардара және Келес аудандарында жалпы құны 45 млрд. теңгеге мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын өндіру, тамшылатып суару жабдықтарын өндіру және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауыты салынады.


Мақтааралда инвестор 2 мың тонна мақта сатып алып, аудандардан ірі қара мал терісін жинау жұмыстары қарастырылуда. Арыс қаласында жалпы құны 70 млрд. теңгеге 4 000 жаңа жұмыс орнын құратын текстиль кластері құрылады. Қазіргі таңда шетел компанияның өкілдері облыста зерттеу жұмыстарын жүргізуде.


Сондай-ақ шетел инвесторлары Мақтаарал ауданындағы мақта өңдейтін зауытқа жалпы құны 2 млрд. теңгеге қуаттылығы 600 тонна құрайтын құрал-жабдықтырын сатып алды. Инвестициялық жоба толығымен іске қосылған. Сауран ауданында жиһаз шығару зауытына қытайлық құрал-жабдықтар сатып алынып, жиһазға қажетті 180 түрлі пластмасса және 4 түрлі металл бұйымдары өндіріледі. Одан бөлек тұрмыстық жиһаз, мектеп, кеңселік және аурухана жиһаздары шығарылады.


«Gezhouba group» компаниясы Созақ, Сауран, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында жаңартылған энергия көздері саласында жалпы құны 700 млрд. теңгеге қуаттылығы 1,3 ГВт құрайтын күн және жел электростанциялары инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Сауран ауданында жалпы құны 2 млрд. теңгеге жаңа технологияларды қолдана отырып, жаңбырлатып суару құрылғыларын шығару зауытын жүзеге асыруда. Бұдан бөлек компания қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығына арналған тракторларын құрастыру жобасын жүзеге асыруды көздеуде. Жобаға шамамен 8 млрд. теңге инвестиция тартылады.


Өңір кәсіпкерлері қытайдың озық технологиялармен танысу арқылы өңірдің өнеркәсіп салаларында жаңа бастамаларды енгізуді қарқынды түрде жүргізуде.