Тойды "қазақоамерикано" стилінде жасаңыз, өкінбейсіз!

0
3 040

Америкада өткен тойдың айырмашылығы қандай болады?


Тойды

Жастар арасында әсем әндерімен танымал Тәуірбек Бозекенов өзі куә болған Америкада өткен тойдың қызығын инстаграм желісінде бөлісті.

Тәуірбек: Бүгін, бүгін, бүгінде, Американың төрінде, Атлант мұхитының жағасында, Бруклиннің баурайында тамаша бір қазақ отбасы өмір сүреді. Олардың шаңырағына ат басын бұрсаңыз Қазақияда жүргендей күй кешесіз. Ал үйінің төрінде әркез ілулі тұратын көк туды көргенде «Мен Қазақпын...» деп еңсеңді тіктейсің. Шет жерде болса да қонақжайлылық пен кеңпейілділікті, тек қазаққа тән құрмет пен ізгілікті, ар мен ибаны бойына сақтай білген, сақтап қана қоймай өзінің ұрпағына да үйретіп келе жатқан бұл отбасы АҚШ-ты паналаған біраз қазаққа үлгі, өнеге.

Ұрпағы демекші бүгін осы шаңырақта ұлан асыр той болды. Тұла бойы тұңғыштары бір жасқа толып, оның тұсауын кесіп Америкадағы көп-көрім қазақтың басы қосылды. Сөз етіп отырған отбасының мүшелері Арман мен Жұлдыз және әлемді бағындырамын дейтін кішкентай ғана тентек – Әлем. Есімін де келістіріп қойған, ә? Тіл көзіміз тасқа. Тфә-тфә-тфә...


Ал енді Америкада болған «қазақоамерикано» стиліндегі туған күн мен тұсаукесер тойы туралы баяндайын. Той Бруклиндегі италияндық мейрамхананың бірінде өтті.

Қазақ қай кезде де қазақ қой, шіркін! Күндізгі 12-ге шақырылғанған тойға қонақтар сағат 14:00-де толық жиылып дастарханға жайғасты-ау. Тойда 50-дей адам болды. Оның 10-ы бала-шаға. Бірақ ата-анасымен алысып жүрген оларды көрмедім. Тойға арнайы келген клоундар балапандардың тілін тауып алған. Үстел үстінен біздегі секілді аста-төк асты, бес жерге қойылған сары май мен колбасаны, үш жақта тұратын қызыл балық пен қара уылдырықты, дастарханның төрт бұрышындағы тауық еті мен қазы-қартаны көрмедім. «Еееее, даяшылар дастархан жасап үлгере алмай жатқан шығар...» дедім ішімнен. Өйткені үстелде үш түрлі салат пен жүзім шырыны және мұз салынған су ғана болды.

Арқалы топтағы азулы асаба өзім. Америкадағы алғашқы тойым. «Әп, бісімбіләә...» деп бастап кеп жібердім. Той иесіне «Даяшылар дастархан жасап үлгермей жатыр ма? Көмек керек емес пе?» деп сұрағым-ақ келіп тұр. Бірақ қонақ-асаба болып келгесін «Менің шаруам қанша...» дедім.

Шаршы топ алдына шығып қонақтарға сөз кезегін беріп дастарханға жайғасқаным сол еді, даяшы жігіт құлақ түбіме кеп ағылшын тілінде «Сәлеметсіз, бе... Не тапсырыс бересіз? Сізде үш таңдау бар. Тауық еті, сиыр еті немесе балық...» деді. Мен түсінбедім! Біздің тойлардағы даяшылардан «Не ішесіз? Су, сок...» дегенді естіп үйреніп қалған құлаққа "анау" сөздер ауыр тиді. Сасқанымнан «a fish...» дей салдым. Сөйтсем Американың тойларында аса ысырапшылдыққа жол жоқ екен. Үш түрлі салатыңызды жеп, суыңызды ішіп, өзіңіз қалаған ыстық тамаққа тапсырыс беріп, күліп-ойнап, ағайын-туыс, дос-жаранмен шүйіркелесіп қайтасыз. Мейрамхана қызметкерлері болса әр қонақтың ішіп-жеміне дейін есептеп қояды. Ал оның тиімді тұсы, ертесіне тойдан артылған сусындарды дүкенге кері өткізіп, қалған асты далаға лақтырмайсыз деген сөз. Маған ұнады.

Әдетте әр тойдан соң асқазаным түйіліп ауратын еді, ал бүгін ондай болмады. Көңіл тоқ, асқазан мәз. Ал келген қонаққа сөз кезегін беру, торқалы той басталар алдында үлкеннен бата сұрау, тұсау кесу рәсімі бәрі-бәрі өзіміз көріп жүргендей болды.

Той соңында Әлем батырдың құрметіне жасалған тәтті тортпен шәй іштік. Оны қазақ «десерт» дейді. А, айтпақшы десертке де таңдау болған, басында. Той иесіне мейрамхана әкімшісі «торт пен шәй ішесіздер ме? Әлде жеміс-жидек болсын ба?» депті. Шәй ішпесе басының сақинасы ұстап қалатын қазаққа шәйдан асқан сусын бар ма?! «Қазақоамеиркано» стиліндегі той осылай өз мәресіне жетті.

Бұл бала ішіп-жегенін айтып кетті ғой деп қалмаңыз. Мен жай ғана Америкадағы қазақтардың тойы қалай өтетінен баяндадым. Байқағанымыздай, қаймағы бұзылмаған қазақтар. Әлемнің қай қиырында жүрсек те дәстүрі мен салтына, діні мен діліне берік, текті халықпыз деген осы шығар?!".

Бұл жазбада айтылған ысырапшылық тойшыл қазаққа біраздан бері маңызды мәселе болып келе жатқаны белгілі. "Дәстүр" деген сылтаумен дарақылыққа бой алдырып жүрген кейбір қазақтар қуанышын бөлісемін деп қарызға кіретіні де өтірік емес. Сондай сан соғып қалудың алдын алу үшін "қазақоамерикано" стиліне көшу керек сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Фото: @tawerbek

ERNUR.KZ