Еріңізге МҰНЫ істеуге РҰҚСАТ бермеңіз!

0
6 912

Әйел баласы кейбір жайттарды ер-азаматына істеуге рұқсат бермегені жөн екен.


Еріңізге МҰНЫ істеуге РҰҚСАТ бермеңіз!

иллюстрациялық фото: avrorra.com

Ер-азаматтарға қарағанда әйел заты отбасы мен сүйген жары үшін кешірімді, сабырлы, төзімді болуға тырысып, көп жағдайға көз жұма қарайды екен. Әрине әркімнің жақсы көру, отбасын сақтау туралы ойы, көзқарасы әртүрлі. Дегенмен, әйел баласы мына төмендегі жайттарды ер-азаматына істеуге рұқсат бермегені жөн екен.


Ең бірінші - физикалық күш қолдану

Әйелді ұру, оған күш қолдану - ұлт, жер, нәсіл таңдамайды. Қай елде болмасын, мұндай жайттар көптеп кездесіп жатады. Әйелге зорлық көрсету, күш қолдану өкінішке орай біздің елде де көп кездеседі, тіпті дінімізде бұған тыйым салынған болса да. Әсіресе қазіргі пандемия кезінде отбасылық дау-жанжалдар, әйелдер мен балаларға деген күш қолдану, ресми дереккөздердің мәліметінше тіпті де өрши түскен. Әдетте әйеліне қол көтеріп, күш жұмсайтын еркектер не тәрбиесіз, не әйелін сыйламайтын, өз жекеменшігіндей көретін немесе психикалық ауытқуы бар, өз-өзін басқара алмайтын жан болып келеді екен.

Алайда кейде күйеуінің мұндай қылықтарын ақтап алып жататын жандар да кездесіп жатады. Әсіресе мұндай жайт қазақ келіншектері арасында жиі орын алады. Көпшілігі әзілде айтылғандай, «өзімнен де бар ғой» дегенге сайып қоя салады.

Қандай жағдай болғанда да бір рет ұрған, қол көтерген жанмен арадағы мәселені жылдам шешіп, бір жағына шығармасаңыз, мұның екінші рет қайталанып, қайта жалғасын табатынына бек сенімді болыңыз.

Тек есте болсын! Күйеуіңіз қол көтерген уақытта бірден ол жерден кетіп қалуға тырысыңыз, әрине төркінге емес. Кейін ашуы басылған соң, ақылмен, сабырмен, бірақ қатқыл үнмен барлығын айтып түсіндіріп шығыңыз. Сондықтан келешекте денсаулығыңызға зиян тимесін десеңіз, жолдасыңызбен жақсылап сөйлесіп, түсіндіруге тырысып көрген дұрыс. Өзіңізді ұруға жол бермеңіз!


Жәбірлеу, қорлау

Жәбірлеу – бұл өзгенің жеке басын, ар-намысын қорлау. Ал өз сүйгенінен, жолдасынан жәбір көру қай қыз-келіншекке болсын ұнамасы анық. Сондықтан жолдасыңызға ар-намысыңызға тиетін сөз айтып, сіздің сезіміңізді қорлауға жол бермеңіз. Әрине ұрыс-керіс кез-келген жұптың арасында болады. Бірақ ұрыс кезінде де тіпті ол жолдасың болса да, жеке басты қорлауға, намысқа тиюге болмайды. Сол себепті жолдасыңыз жеке басыңызға, ар-намысыңызға тиген болса, бірден тоқтатып, тек сабырға келгенде ғана сөйлесетініңізді айтыңыз.



Өз пікіріңіз, ой мен сөзіңізді айтуды шектеуге жол бермеңіз!

Өзінің ішіндегісін, ойын, отбасына қатысты жеке пікірін жолдасына айтқысы келсе де айта алмайтын қыз-келіншектер сирек болса да кездесіп жатады. Өзін бақытсыз сезінсе де, бәрін ішіне жинап, шыдап жүре беретін жандар бар. Алайда шыдамның да шегі болатынын ескерсек, бір күні мұндай қатынастың соңы жақсы болмайтыны түсінікті. Егер жолдасыңыз аузыңыздағы сөзді айтуға мүмкіндік бермесе, не істеуге болады?

Алдымен жолдасыңыздың сөзін толықтай тыңдап алғаныңыз жөн. Ары қарай өз ойыңызды жинақтап, нақты бір-екі ауыз сөзбен ғана өз ойыңызды толық жеткізуге тырысыңыз. Ал егер сіздің пікіріңізді мүлде тыңдағысы келмесе, онда ондай жанның сізге деген мүлдем сыйластығы жоқ деген сөз.


Бопсалау және түрлі айла-шарғылар

Егер жолдасыңыз өзінің қажетіне «егер сен бүйтсең, мен сөйтем деген» сөздермен қол жеткізгісі келсе, онда бірінші рет айтылғанда, бұлай айтатындай оның кішкентай бала еместігін ескертіп қойған дұрыс. Сондай-ақ, қалағанына қол жеткізу үшін түрлі айла шарғысыз-ақ сыйластық танытудың өзі жеткілікті екенін айтыңыз!

Бопсалау мен түрлі айла-әрекет – бұл сүйген жанның сезімімен ойнау. Яғни, қалағанына жету үшін, сүйікті жарының өзіне деген сезімін пайдалану. Сондықтан ер-азаматыңызға өзіңізді бопсалауға жол бермегеніңіз абзал. Мұндай қатынастың ерлі-зайыптылар арасында дұрыс жайт емес екенін айтып, түсіндіруге тырысыңыз!


Кемсітіп күлуге, келемеждеуге жол бермеңіз!

Егер мұндай жағдай әсіресе жора-жолдастардың, өзге жандардың алдында болса, бұл өте ығайсыз. Себебі бұл сізді сыйламағандықтың бір белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдай сіздің өзгелер алдында беделіңізді төмендетіп, сыйластық, құрметті жоғалтады, аяушылық сезімін тудырары сөзсіз. Сондықтан өзіңізге бұлай жасауға жол бермегеніңіз дұрыс.

Әрине, бұл деген жолдасыңыз айтқан жерде, көпшілік арасында ұрыс шығарып, бетінен алыңыз деген сөз емес. Бірақ, бұл туралы кейін міндетті түрде жолдасыңызға айтып, мұның дұрыс емес екенін түсіндіруге тырысыңыз. Әрине сізді сыйлайтын, түсінетін жан бірден кешірімін сұрап, өз қателігін түзетері сөзсіз!

Әрине, әйел заты ер-азаматтан сыйлауы қажет-ақ, бірақ бұл деген барлық нәрсеге толықтай көну деген сөз емес. Жолдасыңыздың сізге деген жоғарыда айтылғандай қарым-қатынасы бала тәрбиесіне де кері әсер беретінін ескерген жөн секілді.

Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ