«Қазақстанда шын мықтыны бағаламайды»: «Голос.Дети» жеңімпазы Сағын Өмірбайұлымен сұхбат

0
10 339

«Бұл байқау оңайға түспеді»


«Қазақстанда шын мықтыны бағаламайды»: «Голос.Дети» жеңімпазы Сағын Өмірбайұлымен сұхбат

Шымкенттік Сағын Өмірбайұлы жуырда ғана «Голос. Дети» байқауында 3 орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Полина Гагаринаның командасына түскен жас өнерпаз суперфиналда Филипп Киркоровтың «Единственная моя» әнін орындады.

Жеткіншек 10 мың баланың ішінен іріктеуден сүрінбей өтіп, таланты мен табандылығының арқасында мыңнан қара озып шықты. Қазыларды ашық үнімен, мықты вокалымен тәнті етті. Бұл Сағын бақ сынаған бірінші байқау емес. Бұған дейін де Қазақстан атынан 2020 жылы Польшада өткен «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауында қатысқан 684 үміткердің ішінен өткен 30 жас өнерпаздың бірі болған еді. Біз Сағынмен сұхбаттасып, Мәскеуде өткен байқау туралы, алған әсері жайлы сұрадық.


– Сағын, алдымен «Голос.Дети» жобасынан алған жүлделі 3 орныңмен құттықтап қояйық. 10 мың баланың ішінен суырылып шығып, үшінші орын алдың. Оған дейін де қаншама республикалық, халықаралық байқауларды бағындырып келе жатырсың. Бұл байқаудағы дайындығың, жауапкершілік жүгі қалай болды?

– Әрбір байқаудың өзіндік қиындықтары, салмағы, жауапкершілігі болады ғой. Шындығына келгенде үшінші орын да оңай емес. 20 күндей қонақүйде тек жатқан жоқпыз. Анам, жетекшім Роза Әміринамен бірге бір сәт те дамылдамадық. Күн сайын дайындықтан дайындық болды. Азанда ұйқыдан оянып, таңғы шәй ішкен соң Роза апай екеуміз дайындықты қызу бастаймыз. Түскі астан кейін кейін сәл далаға шығып келіп, қайта дайындыққа кірісеміз. Филипп Киркоровтың «Единственная моя» әнін бұрын-соңды орындамағандықтан, оны нақышына келтіріп шырқау оңай болды деп айта алмаймын. Әннен бөлек сахнадағы харизмамды, жүріс-тұрысымды реттеймін. Оның бәрін ойластырып жатқан кезде анамның көңіліне бір нәрсе ұнамай қалса, бәрін басынан бастаймыз. Концерт алдындағы уайым, күйзеліс, қобалжу бұл жолы екі есе көп болған сияқты. Өйткені, нағыз кәсіби мамандардың алдында ән айту оңай емес екен. Қаншама көз сұқтанып қарап отырғанда денем құрысып, абдырап, өз-өзімді әрең бастым.


– Бұл сапардан көкейіңе не түйіп қайттың?

– Көп нәрсе түйіп қайттым. Не болса да жеңілмей, тек алға жылжу керектігін, сахнада өзімді еркін ұстауды, қандай жағдай болса да, қобалжымауды үйрендім. Вокалдық мүмкіндіктерімді, ән айту жағынан тәжірибемді арттырдым.


– Полина Гагарина қандай тәлімгер болды? Қатал ма?

– Шоудың көрмей тыңдау кезеңінде «Скажите, девушки, подружке вашей» атты шығарманы орыс және итальян тілдерінде орындадым. Менің өнерімді алғашқы болып Полина Гагарина бағалады. Жалпы үш қазының екеуі кері бұрылды.Мен Полина Гагаринаның тобын таңдадым.

Ол кісі қаталдығын бізге көрсетпеді. Жеңілмеуге ерік-жігер беріп отырды. «Өтесің бе, өтпейсің бе, ол жағын ойлама, әніңді көрерменнің жүрегіне жеткізуді ойла» деді. Жалпы байқау өте жоғарғы деңгейде өтті. Мені қолдап, қолпаштаған барша жанкүйеріме рахметімді айтамын. Өмірімде ең бір қымбат қызықты естелік болып қалары сөзсіз.


– Қазылар алқасы әділ болды деп ойлайсың ба? Қандай да бір сын, ескертпелер айтты ма?

– Иә, «Голос.Дети» жобасы әділ де шыншыл өтті деп толық сеніммен айта аламын. Мен әнімді орындап болған соң ән айтудан бөлек, домбыра тартқанды, сурет салғанды ұнататынымды айттым. Өз кезегінде Полина Гагарина мүлдем сурет сала алмайтынын, менен үйренгісі келетінін жеткізді. «Әрине, оп-оңай үйретемін» дедім. Тәлімгерлер «Шымкенттік екенің көрініп тұр» деп күлді. Ал басқа ешқандай сын, ескертпе естімедім.



– Шетелдерге байқауға көп шығып жүрсің? Елдер арасындағы мәдениетті, өнерді салыстырып көрдің бе? Не байқадың? Қазақ эстрадасының деңгейі қандай екен?

– Елімізде өнерге баулитын, оқытатын «Шабыт» университеті, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы сияқты көптеген ЖОО-дары бар. Шетелдерге шығып жүріп байқағаным, біздің елде басқаларға қарағанда вокал жағы жақсы дамыған. Бірақ, сол дамығанымызды өзіміз бағалай алмаймыз. Мықты әншілеріміз басқа елдерге кетіп жатыр. Мәселен, өзімді дәлелдеу үшін Димаш Құдайбергенов ағам сияқты мен де шетелге барып өнер көрсетіп келдім. Өзге елге мойындатып келген соң ғана мойындайтыны көңіл құлазытады. Қазақстанда өнер мықты болғанымен, бағалау жағы әлсіздеу.

Ал ресейліктер өнерді қатты бағалайды екен. Әуежайдан түскенде жергілікті тұрғындар топтасып тұрған біз туралы егжей-тегжейлі сұрастырып жатты. Яғни, оларға өнер қызық, бағалайтыны содан-ақ көрініп тұр. Ал бізде пысқырып та қарамаушы еді. Дегенмен, туған-туыс, мектептегі ағай, апайларым әуежайдан әрқайсы қолына гүл мен ту ұстап, алаулатып, жалаулатып күтіп алды.


– Қандай оқушысың? Ән айтамын деп жүріп сабағың қалып қойған жоқ па?

– №90 мамамандандырылған мектеп гимназиясында қарапайым оқушымын. Мектептегі іс-шараларда ән шырқаймын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін сүйіп оқимын. «Голос. Дети» байқауына қатысамын деп 6 сыныптағы бағдарламадан қалып қойдым. Бірақ, менің негізгі мақсатым – көптеген ән додаларында бақ сынап, өнерімді дамытып, атақты болып, төрткүл дүниеге қазақ атын шығарғым келеді.


– Білім жағы ақсап қалады деп уайымдамайсың ба?

– Қатты уайымдаймын. Білім жағы ысырылып қалуда. Өйтіп-бүйтіп реттеу керек.


– Келешекте кім болғың келеді?

– Жұртқа жанашыр, елін, жерін қолдап, қорғап, бар жақсылығын аямайтын Президент болғым келеді.


– Әнің қалып кетеді ғой ондай болатын болса... (күліп)

– Оны уақытында көре жатармыз...


– Алға қойған қандай жоспарларың бар?

– Құдай қаласа, Италияның Сан-Ремо қаласына байқауға барамыз деген ой бар. Бір орында тұрып қалғым келмейді. Өнерімді дамыта түссем деймін.


– Сағын, сұхбатыңа көп рахмет. Өнердің өрінен, сахнаның төрінен түспегейсің!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Мерей – туған қызым емес»: Мақпал Жүнісова қызының тастап кеткенін айтты


«Заңды нөмір таққанын көрген емеспін»: Журналист ASANALI нөміріне қатысты шындықты айтты