​Шымкентте Наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігілді

0
5 783

Шымкентегі этноауылда ұлттық мерекеде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда.


​Шымкентте Наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігілді

Шымкентте Наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ.
Шымкентегі этноауылда ұлттық мерекеде ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда. Ақ шаңқан үйлер тігілді. Ұлттық спорттан бәсеке қызып, алтыбақанда тербелген жастар ән салуда.

Сондай-ақ, думанды мерекеге келген қонақтар арнайы әзірленген наурыз көжеден дәм татты. Этноауылда 2 тонна көже пісіріліп, қонақтарға таратылып жатыр.

Айта кетейік, Шымкент қаласында жаңадан ашылған ипподромда «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шара өтті.

Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік бағдарлама әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталды. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары бар. Батыс керуенін елімізге білгілі әнші Тамара Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі Мадина Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева бастап шықты.

Мұнан кейін ат құлағында ойнайтын спортшылар бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерімізді көрерменге паш етіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ұлыстың Ұлы күні Наурызға арналған "GREAT QAZAQ GAMES" іс-шарасымен жалғасуда. Онда еліміздің барлық өңірлерінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы мен Иорданиядан келген спортшылар бақ сынауда. Олар 3 күн бойына көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және өзге де ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынайды.