Шымкентте cауда орындарын модернизациялану жүріп жатыр

0
339

Біршама сауда орындарында жұмыстар аяқталған.


Шымкентте cауда орындарын модернизациялану жүріп жатыр

Шымкент қаласы аумағындағы базарлар «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңында көрсетілген құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестендіріліп, модернизациялаудан өтетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазір қалада 19 базар жұмыс істейді. Олардың 15-де атап айтқанда «Бекжан», «Шымкент Тұлпар», «Исатай», «Акбар», «Ынтық ата», «Барыс», «Жабық базар», «Көктем», «Жібек Жолы», «Жаңа шахар», «Назым апа», «Көмеш бұлақ», «Нұр Сайрам», «Дархан», «Айна» базарларында жұмыстар аяқталған.

Сонымен қатар, 4 базарда («Авто Нұр», «Қырғы базар», «Алаш», «Самал») модернизациялау жұмыстарын жүргізу туралы Жол картасы бекітілген. Осыған сәйкес «Алаш», «Самал» базарларын заманауи талапқа сай жаңарту жұмыстары 2024 жылдың соңында аяқталады. «Авто Нұр» мен «Қырғы базар» базарларында бұл бағыттағы құрылыс 2025 жылдың соңында атқарылады.

Еске сала кетсек, жыл басында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтің төрағалығымен өткен жиында базарларды модернизациялау, ретсіз және заңсыз саудамен күрес мәселелері талқыланған болатын.

Сауда және интеграция министрлігімен базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасы әзірленіп, орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілгендігін айтқан еді сала басшысы. Сонымен қатар, қала аумағындағы базарларды жаңғырту жұмыстарын тездету қажеттігі бар екенін айтып, келеңсіздіктер қала көркіне кері әсер етіп қана қоймай, халыққа қолайсыздық туғызатынын жеткізген.
– Мақсат – сіздердің жұмыстарыңызға тосқауыл жасау емес, дұрыс түсініңіздер. Керісінше, өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірлесе отырып шешу. Сіздер жұмыс орындарын беріп, салық төлеп, тұрғындарымыздың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып отырсыздар. Дегенмен сауда орындарына, ретсіз саудаға қатысты халықтан да кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағым бізге көптеп түсуде. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ең алдымен, заң талаптары орындалуы керек. Бұл ретте мәселелерді ашық түрде талқылап, оңтайлы шешуде өз тарапымыздан қолдауға қашан да дайынбыз, – деп ескерткен еді қала әкімінің орынбасары.
Жиын барысында кәсіпкерлер толғандырған сұрақтарын жолдап, өрт қауіпсіздігін алдын алудағы өзекті мәселелерді ортаға салып, сақтандыру мәселесіне қатысты, базарларды модернизациялауда, санитарлық ақуалды жақсартуда, ретсіз саудамен күрес шараларын жүргізуде ұсыныстар пысықталған.