Шымкенте еріктілер жазғы мектепте бас қосты

0
428

Еріктілер өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларымен бөлісті.


Шымкенте еріктілер жазғы мектепте бас қосты

Шымкент қаласында волонтерлер жазғы мектепте бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаланың жоғары және орта оқу орнынан келген 100-ге жуық ерікті екі күнге созылатын іс-шарада белгілі тренерлердің қатысуымен «Soft skills» тұлғалық қабілетті дамыту, мобилография шеберлігі мен «Еріктілердің қоғамдағы рөлі» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырды.

Еріктілер өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларымен бөлісті.

Аталған іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен биыл үшінші рет өтіп отыр. Волонтерлер осы мектепте алған білімдерін практикалық тұрғыда шыңдайды. Бүгінде қаламызда 15 мыңға жуық волонтер және 12 волонтерлік және қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. Олардың дені жоғарғы оқу орындарының жастары.
Мемлекет басшысы "Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер" деп атап өтті. Қазіргі таңда ерікті жастардың атқарып жүрген игілікті істері өте көп. Кез келген жұмысын алып қарасақ, мемлекеттік қызметті атқарғанмен пара-пар. Сіздердің ел дамуы жолында атқарған қызметтеріңізге алғыс білдіремін, – деді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы.
Айта кетейік, үшінші мегаполис халқының 32 пайызын жастар құрайды. Шаһарда орын тепкен 9 жоғарғы оқу орнында 115 064 студент білім алады. Орта арнаулы оқу орындарының саны – 38, оның 11-і мемлекеттік, 27-і жекеменшік. Онда 45 622 жас білім алады.
Жалпы қала жастарына төрт «Жастар ресурстық орталығы» қызмет көрсетеді. Төрт ауданда орналасқан орталықтарда 2023 жылдың алғашқы тоқсанында 8200 жасқа қызмет көрсетілген.
– Жастар ресурстық орталықтарында жыл басынан бері 113-іс-шара ұйымдастырылып, оған 38 мыңнан астам жас тартылды. Арнайы құрылған мобильді топтар ұдайы жастарға қажетті деген мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттарды жеткізіп, түсіндіріп отырады. Олардың маңыздылары –тұрғын үй және жұмыспен қамту бағдарламалары, - дейді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Мағжан Исахов.