ШЫМКЕНТ: Асар-2 шағын ауданын кәрізбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
1 079

Құрылыс жұмыстарының бүгінде 40 пайыздан астамы аяқталды.


ШЫМКЕНТ: Асар-2 шағын ауданын кәрізбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласы Асар-2 шағын ауданы тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мердігер мекеме «Монолит дизайн» тарапынан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының бүгінде 40 пайыздан астамы аяқталды. Кәріз жүйесінің құрылысы толығымен 2023 жылы аяқталатын болады. Айта кетейік, биыл барлығы 16 нысанда құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік – Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын болады.
Өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда.