"Жабылмаған ​гештальтты" өз бетінше қалай жабу керек?

0
1 180

Сіздің гештальтыңыз бар ма?


фото: ашық дереккөзден алынды

Инстаграм желісіндегі психологтардың тікелей эфирінен «жабылмаған гештальт» дегенді жиі естіп жүрген боларсыз. Бұл не? Оның қазіргі сәтке кері әсері бар ма? Гештальт жабылмаса не болады?
Көптің көкейіндегі осындай сұрақтарды талдап, қарапайым тілмен түсіндіруді жөн көрдік.


Гештальт деген не?

«Гештальт» деген неміс сөзі, ол «образ», «форма», «тұтастық» деген мағыналарды білдіреді. Бұл ұғымды психологияға 1890 жылы австриялық философ, психолог Христиан Фон Эренфельс енгізген.
Ал «Жабылмаған гештальт» дегеніміз бұл:

  • кез келген шешілмеген іс
  • қанағаттандырылмаған қалау
  • аяқталмаған әрекет
  • орындалмаған арман
  • қайталана беретін сценарий
  • саналы түрде нүкте қойылмаған қарым-қатынас
  • толық талқыланбаған тақырып т.б.

Қысқа да нұсқа айтар болсақ, уақыт – емші бола алмаған жағдай. Керісінше уақыт өткен сайын сол бір жағдайда, процесте адамның сезінген ойлары мен эмоцияларының «айтылмауынан» жан жарақатының қабынуы, асқынуы. Физикалық тұрғыда бәрі аяқталса да (мысалы, қарым-қатынас үзілген) психологиялық тұрғыдан аяқталмағандықтан уайымның, реніштің күшеюі.

Түсінікті болу үшін бірнеше мысал келтірейік.

1-мысал: Біреуге қарыз бердіңіз делік. Қарызға берген ақшаңыз қолыңызға тигенше ол туралы ойлай бересіз. «Қайтара ма, жоқ па? Қайтармаса қайтпекпін?» деп уайымға салынасыз. Жабылмаған гешталт та осындай.

2-мысал: Кафедегі даяшы тапсырыс қабылдаған соң қай үстел қанша төлеу керек екенін есіне сақтайды немесе жазып алады. Барлық төлемдерді қабылдап, кассаны жапқанша ол әр тапсырыстың ақшасын ойлай береді. Ашық гешталт. Кассаны жапқан соң даяшы қай үстел қанша төлеу керек екенін ұмытады, яғни гештальт жабылды.

3-мысал: Әнші болуды қаладыңыз, бірақ ата-анаңыздың бағыттауымен есепші болдыңыз. Қазір әншілердің бір тойда екі ән айтып миллион теңге алып жатқанын естіген сайын өкінесіз. Неге сол кезде әнші болам деп табандап тұрып алмадым екен деп күрсінесіз. Жабылмаған гештальт!

4-мысал: Дәрігер болғыңыз келді. Бірақ медицина мамандығының жыл сайынғы оқу ақысы қымбат, сондықтан да тұрмыстық жағдайға байланысты мұғалімдікті оқып алдыңыз. Арада қанша жыл өтсе де «Дәрігер болуым керек еді» деп өкінетін болсаңыз, гештальт ашық. Ал егер педагогтік жұмысыңызда жетістіктерге жетіп, жақсы жалақы алып, балаларға білім үйреткеннен қуаныш тауып жүрсеңіз, дәрігерлік туралы ойламайсыз. Демек, гештальт жабық.

5-мысал: Тойға бара жатырсыз. Жол ұзақ, күн ыстық. Жол-жөнекей дүкендерден су таппадыңыз. Тойханаға кеп дастарханға жайғасқаннан соң да су іздейсіз. Даяшы дастарханға қоятын суды той иелері ұмытып кеткенін, тапсырыспен енді алдырып жатқанын айтады. Оның орнына ыстық шай әкеледі. Дастархан дәмді тағамға толы. Бірақ оның ешқайсысы мұздай судың орнын баса аламйды, қалауыңызды қанағаттандырмайды. Миыңыз да, көзіңіз де суды іздей береді. Жабылмаған гешталт осыған ұқсайды.

Неліктен қауіпті?

Адамның миы басталған істі соңына дейін жеткізуге, оны аяқтауға түрлі жол іздейді. Оның құрылымы сондай. Ал адамнан амал болмаса, сол бір нәрсе гештальтқа айналады. Сіз ұмыттым дегеніңізбен ми оны ұмытпайды, ойға дабыл жіберіп тынбайды. Өйткені гештальттың эмоциясы (қуаныш, реніш, ашу, айтылмаған сөз т.б.) бойда қалып қойды. Бұл белгілі бір жағдайларға байланысты қайта-қайта негативті эмоцияны еске салады. Соның салдарынан адам мазасыз күйге түседі, энергиясы сарқылады. Соңы – стресс пен депрессия және апатия мен невроздық аурулар.

Қауіптілігі осында! Яғни, адамның қазіргі сәтте бақытты өмір сүруіне кедергі болуында. Осы тұста қарапайым мысал келтірейікші.

Мысал: Бір жігітпен сөз байласып жүргеніңізге үш жылдан асты. Үйлену туралы тақырып қозғамайды. Сұрауға ұяласыз. Ал құрбыларыңыздың бәрі бұл уақытта бала-шағалы боп отыр. Жаңа қарым-қатынас бастайын десеңіз, жігітіңіздің нақты ойын білмейсіз. Үміттенесіз. Үмітіңізді үзіп, жаңа қарым-қатынас бастау үшін жігітіңізбен ашық сөйлесіп, бір шешімге келуіңіз керек. Яғни, ол туралы ойлауды доғаруыңыз қажет. Немесе ноутбугыңызда бірнеше файл, бағдарлама, сайттар ашық тұрса, оның жұмыс істеуі баяулайды. Немесе қуаты тез таусылып, қызып кете береді. «Жабылмаған гештальт» та осы секілді. Өмірлік қуатыңызды сорады.

Адам неліктен көңілсіздік пен жағымсыз ойлар қаумалап ала беретінін түсінбеуі, себебін таба алмауы мүмкін. Адамның осы мәселесін шешу үшін гештальт-терапия пайда болған.


Гештальт-терапия

Жабылмаған гештальтты емдеуге болады. Оның емі – гештальт-терапия. Аталмыш терапияның көмегі – мазасыз күйге түсіріп жүрген жағдайды кеңінен саралау, қайтадан ол туралы ойламау, санадан босатып жіберу, мидан өшіру жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, гештальтқа ойша, эмоциямен бара отырып, оны тұтас сезіну арқылы сол бір сценарийді бастан өткізу, эмоцияларды шығарып (сурет салу, айқаулау, ән айту, күлу, жылау, қағазға жазу арқылы т.б.) оны бойдан да, ойдан да азат ету.

Әрине, гештальтты жабу үшін, алдымен оны табу керек. Себебі, қол жетпеген арман мен аяқталмаған істің бәрін «жабылмаған гештальт» деп қабылдау қате. Сондай-ақ бір адамда бірнеше «жабылмаған гештальт» болуы мүмкін. Бірақ оның барлығы бақытты, жайлы өмір сүруге кедергі деуге де болмайды. Кейбір гештальттың әлдеқашан заряды таусылған болуы да кәдік. Сондықтан да гештальтты табу және жабу үшін арнайы маман көмегіне жүгінген дұрыс. Өйткені білікті маман маза бермеген жағдайды анық көретін көзілдірік пен майшамды қолыңызға ұстатады.

Мысалы, балаңыз мәтінді көшіріп жазғанда дауысты дыбыстардың бәрін қалдырып кетті делік. Сіз оның не жазғанын түсінбейсіз, ал мұғалім түсінеді. Сол сияқты гештальт-терапевтке жүгінген дұрыс.


Нәтиже

Гештальт жабылғанын қалай білуге болады?

  • бойда жеңілдік, ойда еркіндік пайда болғанын сезіну;
  • қиын боп көрінген істің бәрі оңайланады;
  • қуат көбейеді, еселенді;
  • өмірді жаңа парақтан бастауға құлшыныс;
  • жаңаша, басқаша өмір сүруге ұмтылу;
  • құрбан болуды доғарып, өз өміріне жауапкершілік алу;
  • болашақтан қорқу, үрей сезімі жойылады;
  • күннен-күнге өмірге, айналадағы адамдарға көзқарас өзгереді;
  • күрделі проблемаларды шешуге талпыныс;
  • агрессия әлсізденіп, ақыл толысады.


Гештальтты өз бетінше жабуға бола ма?

Әрине болады. Оның бірнеше әдісі бар.


1-әдіс: Кейбір қылмыс пен құқықбұзушылық істердің уақыты өтіп кеткендіктен сот оны қарамайтынын білесіз. Сол сияқты сіз үшін бұрынғы сәтсіздіктерді қазбалаудың қажеті бар ма? Дәл қазіргі сәтте сізді не мазалайды? Өткен шақтың өкініштері, қателіктері қазір маңызды ма?

Осы сұрақтарға жауап жазыңыз. Маңызы, мәні жоқ екенін түсініңіз. Ендеше, ол жөнінде ойлай берудің пайдасы жоқ екенін ұғыныңыз. Есте ұстаңыз, ешнәрсе ізсіз ұмытылып кетпейді, тек оны ойлағанда бұрынғыдай жүрек езіліп, жан ауырмайды. Бұл саналы түрде түсінгеннен пайда болатын сезім. Өкініштер мен реніштің, бала кездегі қалаудың, ата-анаға деген реніштің қазіргі шақта пайдасыз екенін түсінген соң, өткен шақтың есігі өзі-ақ жабылады.


2-әдіс: Жүрегіңіздің тыныштығын ұрлап жүрген, өкіндіретін, мұңайтатын жағдайларды, оқиғаларды жазыңыз. «Мен бұл оқиғадан қандай сабақ алуым керек?» деп ойланыңыз. Өмірлік сабақты тауып жазыңыз. Жабылмаған гештальттарыңыздан сабақ алғанда, оларға тек тәжірибе деп қарайтын боласыз.


Жалпы, интернеттен іздесеңіз, гештальтты жабатын техника көп. Бірақ ең бірінші гештальт жабу сіздің сол жағдайларға қарым-қатынасыңыз бен психикаңызға тікелей байланысты екенін біліңіз. Өткенді ойлай бермей, қазіргі сәттен ләззат алып, әрдайым көңілді жүруге талпынып өмір сүретін болсаңыз, ешқандай «жабылмаған гештальт» сізге кері әсерін тигізе алмайды. Сондай-ақ мұндай адамға гештальтты жабудың да керегі жоқ.

Ақылға салып ойланыңызшы, өткенді өзгерте аласыз ба, жоқ. Өткен шақтан гештальтты іздегенше, қазіргі сәттен бақыт іздеген дұрыс емес пе? Қайдағы бір өткен шақтағы жағдайлар өміріңізге кедергі болатындай әлсізсіз бе?

Осы сұрақтарға асықпай отырып жауап жазыңыз да, гештальтты жабу керек пе, әлде сол күйі ашық қалдырған дұрыс па, өзіңіз шешіңіз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жалғыз перзентті тәрбиелеуде ескеретін 5 жағдай

Баланың оқуға қызығушылығын арттыратын 5 кеңес