​ӨМІРІҢІЗДІ бір-ақ айда ӨЗГЕРТЕ АЛАСЫЗ

0
1 179

Ең нәтижелі жолы – ОСЫ.


​ӨМІРІҢІЗДІ бір-ақ айда ӨЗГЕРТЕ АЛАСЫЗ

фото: ашық дереккөзден алынды

Инстаграмдағы таныс-білістердің жүктеген фото-видеоларын, қыбырлап қыр асып жатқан дос-жаранды көрген сайын «Өмірімді өзгертуім керек» дейсіз бе? Осылай ойлап жүргеніңізге қанша жыл болды?

Мүмкін неден бастарыңызды білмей жүрген боларсыз. Ендеше, біз арбаңыздың доңғалағын қозғалысқа түсіретін нұсқаулық картасын ұсынайық, ал сіз орындаңыз.

Қай психологқа барсаңыз да, өмірде тәжірибесі мол аға-әпкелерден ақыл сұрасаңыз да сізге «ең бірінші өз өміріңізге жауапкершілік алыңыз» деп айтады. Біз де осы жолды нұсқаймыз. Өйткені өзгеріс осыдан басталады. Жауапкершілікті өз қолыңызға алмайынша өміріңізде ешқандай оң өзгеріс те, жетістік пен даму, алға жылжу да болмайды.



Жауапкершілік алу деген не?

Бір сөзбен айтқанда, бұл – саналы түрде есею. Жалпы есею шақ – 18 жасқа толған соң басталады. Бұған дейін баланың мектептегі бұзықшылығына ата-анасы шақырылып, құқықбұзушылық әрекеттеріне әке-шешесі айыппұл төлесе, кәмелеттік жастан бастап заң бойынша бала өзі жауап береді. Міне, есеюдің басты белгісі.

Есейіп ересек жасқа жеткен адам не істейді? Білім алады, ата-анаға алақан жаймай өз қамын өзі жасауды ойлайды, отбасы құрады, жұмыс істеп ақша табады, бала тәрбиелейді, ертеңіне көз жүгіртеді, әр қадамын жеті рет өлшеп басады. Сондай-ақ бұның бәрін ешкімге міндет етпей, өзі үшін істейді. Себебі, өзіне қатысты нәрсенің бәріне тек өзі жауапты екенін біледі.

Осы орайда неліктен әр адам өз өміріне жауапкершілік алу керектігін түсіндірейік.

Мысал: Қылмыс жасап істі болсаңыз, ешкім сіздің орныңызға отырып жазаңызды өтеп бермейді. Сот алдында әрбір әрекетіңізге тек өзіңіз жауап бересіз.

Сол секілді рамазан айында әркім өзі үшін ораза ұстайды. Сіздің орныңызға ешкім ораза ұстап, 30 күн ас-судан, зиянды әдеттерден тыйылмайды. Оразаның медициналық пайдасын досыңыздың, я болмаса әпкеңіздің, ата-анаңыздың ағзасы емес, таңнан кешке дейін ауыз бекіткен сіздің жан мен тәніңіз көреді. Дәл солай, әркім өз амалының жемісін жейді.

Немесе ешкім сізге бақытын, табысын, жетістіктерін, жүрек тыныштығын, тіпті жары мен баласын да бөліп бермейді десек, мүмкін жауапкершілік алуға асығатын шығарсыз?!

Рамазан айы бір жағынан осыны ұғындыратын секілді. Олай болса, осы рамазан айында өміріңіздің тізгінін өз қолыңызға алып, қолда бар нәрселерден бақытты өмір жасап алуды ойланыңыз. Әрине, ол үшін жауапкершілік алудың мынандай қадамдарын жасауыңыз қажет:



1-қадам

Ең алдымен М. Жұмабаев атамыздың «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деген сөзін ұғу. Яғни өміріңізде болып жатқан жақсы-жаман сценарийдің бәрі тек өзіңізге байланысты екенін мойындау. Мойындаған соң бақытсыздығыңыз бен сәтсіздіктеріңізге, қатарыңыздан қалып бара жатқаныңызға өзгелерді, жағдайды кінәлау біртіндеп тоқтайды. Немесе оның автоматты түрде жүзеге асқанын күтпей-ақ өзіңіз әркімге кінә арту әдетінен арылуды бақылаңыз.


2-қадам

Айналаңыздағы адамдарды, мемлекетті, ауа райын т.б. кінәлауды доғару. Жұртты айыптау, кінәлау саналы түрде тоқтаған соң, «Өмірімнің сапасын жақсарту үшін мен не істеуім керек?», «Жалақысы көптеу жұмысқа ауысуым үшін мен қандай болуым қажет?», «Баспана алу үшін ақшаны қайдан алам? Қандай ипотеалық бағдарламалар бар» деп адам өзіне сұрақ қоя бастайды. Кез келген мәселенің шешімі сұрақ қоюдан, сұраққа жауап іздеуден басталады.

Әр сұрақты ерінбей қағазға жазып, тұсына кемінде 10 жауап жазған дұрыс. Яғни, ми ізденіп, іске қосылады. Осылай ұйықтап жатқан миыңызды оятасыз. Ми оянса ол сұрағыңызға қарай түрлі жол қарастырып, идея туғыады, денені әрекетке шақырады.


3-қадам

Жеке өміріңізге қатысты сұрақтарға жауап тапқан соң, жөндеу, ретке келтіру ойға келеді. Бұдан мақсат пайда болады. Бұл әр күнді, айды, жылды, өмірді жоспарлауға жетелейді.

Жоспар құрыңыз. Алдымен әр күнге жоспар құрып, соны кешке дейін орындап үйренген дұрыс. Әр орындалған іс алға ұмтылыс береді, сенімділікті арттырады. Бірте-бірте белсенді әрекетке қалай көшкеніңізді өзіңіз де байқамай қалайсыз. Ары қарай мақсаттарыңызға жоспар түзіңіз.


4-қадам

Жоспарға қарай әрекет жасау. Әр әрекеттің белгілі бір нәтижесі болады. Нәтижеге баға беру арқылы ми орындалмаған істерге, қателіктерге талдау жасайды. Ал дұрыс-бұрыс қадамдарын ойлап саралаған адам өз өміріне, отбасылық мәселелеріне байланысты шешім қабылдауды үйренеді. Шешім қабылдау деген мәселелерін өз бетінше шешу.

Өз өміріне жауапкершілік алу осы төрт қадамнан тұрады. Ойланып отыра бермей алғашқы қадамды бастасаңыз. Егер бірінші қадамнан соң қадам басу қиын сияқты көрінсе, өзіңізге мына 2 сұрақты қойыңыз:

- Бұдан басқа тағы өмір беріле ме?

- Өміріңіздегі ең маңызды адам кім?

Әрине өмір ешкімге екінші рет берілмейді, ал әркім үшін ең маңызды адам – өзі! Осы екі сұрақ пен жауап өз өміріңізге жауапкершілікті алу қадамын тоқтатпайтынына сенемін.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

"Жабылмаған гештальтты" өз бетінше қалай жабу керек?

Жалғыз перзентті тәрбиелеуде ескеретін 5 жағдай