Бақытты болудың ЕҢ ОҢАЙ формуласы

0
4 380

Сіз бұны білмейсіз-ау...


Бақытты болудың ЕҢ ОҢАЙ формуласы

фото: klike.net

Барлық адамның іздегені, көксегені, тілегі – бақыт. Білім алса да, жұмыс істесе де, отбасы құрып балалы болса да, саяхаттаса да бәрі-бәрі сол бақытты болу үшін. Дұрыс-ақ, бірақ бұлар бақытты сезіндіретін компоненттер ғана, бақытқа апаратын жол. Шын мәнінде адам көңілді кезде бақытты болады дейді психологтар.

Рас. Дәл қазір бақытты сәттеріңізді еске түсіріңізші. Мысалы, Жандос «Жаңа баспананың кілті қолыма тиген сәт» десе, Айман күйеуінің көлік сыйлаған күнін, ал Жаннұр алғаш ана атанғанын еске алады. Қасыңыздағылардан да сұраңызшы, олар да қатты қуанған күнін «бақытты сәтім» дейтіні анық. Ал адамның көбісі «балалық шағым – ең бақытты кезім» дейді. Байқасаңыз, бәрі де көңіл күйдің жоғары кезінде бақыттың дәмін сезгенін айтады. Демек, бақыт көңіл күймен байланысты.


Міне, бақытты боп жүрудің ең оңай формуласы осы: көңілді жүру. Осыны әркез есте ұстап, көңілді жүруге, өз көңіліңізді өзіңіз көтеруге тырысыңыз.


Осы орайда күнде көңілді жүруге көмектесетін қарапайым, барлық адамның қолынан келетін 2 ережені психологтар ұсынады. Орындаңыз!



1-ЕРЕЖЕ

фото: spinalbackrack.com

Бүкіреймеу, яғни жүргенде де, отырғанда да, телефонмен сөйлескенде, тіпті тамақ ішкенде де арқаны тік ұстау. Осы ережеге дағдыланыңыз.

Басты көтеріп, тік жүрудің көңіл күйге қалай әсер ететінін дәл қазір-ақ сынап көрсеңіз болады. Әп-сәтте көңіл күй ғана емес, өмір сүруге деген құлшыныс та өзгергенін аңғарасыз. Иә, дәрі ішудің де, аффирмация айтудың да қажеті жоқ. Тек арқаны түзу ұстайсыз, болды.

Мұнымен гарвардтық психолог Эми Кадди дененің қалыптары арқылы ішкі күйді өзгерте алатынымызды айтады. Ол «Мұңлы, күңіренген адам денесін тік ұстап жүруін бақыласын. 1-2 күн бүкіреймей жүрсе, бақытсыздығын ұмытып, көңіл күйі өзгере бастайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген» дейді.

Эми Кадди бұл психологиялық терапияны тіпті депрессиядағы адамдарға қолданған екен. Нәтижесі екі күнде байқалады. Бұл екі күннен соң қайтадан бүкірейіп жүруге болады деген сөз емес. Бүкірейсеңіз, қайтадан көңіл күйіңіз түсіп, жағымсыз ойлар санаңызға үйірсектеп алады. Үнемі еңсеңізді, басыңызды тік ұстауға өзіңізді үйретіңіз. Бұл қиын емес.



2-ЕРЕЖЕ

фото: stockhead.com.au

Өзіңізді өзіңіз мақтайсыз. Кішкентай баланы ата-анасы, мұғалімі мақтау арқылы ынталандырады. Кез келген ынталандыру – көңілді биіктететіні белгілі. Ешкімнен мақтауды күтпеңіз, өз-өзіңізді мақтаңыз. Ерте тұрдыңыз ба, «Жарайсың!» деп, атыңызды атаңыз. Ыдыстарды жуып тастадыңыз ба, «Пысықпын ғой мен» деңіз. Тамақ пісірдіңіз бе, «Дәмі керемет, қолым гүл ғой менің» деп айтыңыз. Түнге қалдырмай қоқысты төгіп келдіңіз бе, тағы мақтау сөз айтыңыз өзіңізге.

Осы секілді кішкентай, болмашы жұмыстар үшін мақтай беріңіз, мақтау сөзді өзіңізден аямаңыз. Бұл көңілді көтереді, күні бойы жаман ойларды жолатпайды. Нәтижесінде қалай бақытты болғаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз.

Осы екі-ақ ережені күн тәртібіне енгізіңізші, бақытты күндеріңіз көбейеді. Бұл екеуі көңіліңізді кір басудан сақтайды. Ал бақыт көңіл күйіңізбен тікелей байланысты. Осыны ұмытпаңыз.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Энергияңыз осы екеуіне кетіп жатыр


Бала ата-ана махаббатына "тоймаса" не болады?