​«Өзіміз үшін туып аламыз»: алматылық ана екі қызының тағдырына алаңдайтынын айтады

0
3 380

«Жігіттер арамтамақ, пайдакүнем, жалқау» деп ешкімді менсінбей отыр»


​«Өзіміз үшін туып аламыз»: алматылық ана екі қызының тағдырына алаңдайтынын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ана үшін балаларының бақытын көргеннен асқан қуаныш жоқ. Өз басым солар өсіп, жетіліп, жақсы адам боп қатарға қосылса, уақыт-сәті келгенде өз теңдерін тауып, үйлі-жайлы боп кетсе төккен тер, берген сүттің ақталғаны деп есептеймін. Бірақ кейде өмірдің жолы біз ойлағандай түп-түзу бола бермейді екен. Кедір-бұдыры көп, балалар өскен сайын проблемасы да қоса өседі, тыңдамай, өзіңе ақыл айтып шығады», - дейді Жадыра есімді әйел.


Ұзақ жыл мектепте ұстаздық қызмет атқарып, биыл зейнетке шыққан ана екі қызының тосын мінезінен шошынып қалыпты. Мәселенің мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуден бағым жанбады. Ол кісі ішімдікке құмар, қит етсе үйде ұрыс шығарып, мені төпелеп отыратын біреу еді. Жер барып хабар айтпасын, өмірден өткенде балам мен екі қызым түк қайғырмады. «Мама, қайта құлағымыз тыншып қалатын болды» деп мені жұбатқандары есімде. Қайтсін, көзін ашып көргеннен әкелерінің әр жерде аунап жатқанын көретін. Сыныптастарынан ұялып, мектептен жылап келетін.


Күйеуім қайтыс боп, ұлым Алматыға оқуға түскенде тұрып жатқан пәтерімізді сатып, екі қызыммен осында көшіп келгем. Көзімнен таса еткім келмеді, үлкен қалада бұзылып кетер деген күдігім де болды. Қазір үш бөлмелі пәтерім бар. Екі қызыммен сонда тұрамын. Ал балам үйленіп, әйелімен бірге Астанаға қоныс аударды. Жұмыстары сонда. Екі-үш айда бір келіп кетеді. Келініме көңілім толады, барсам да, келсе де алдымды кеспей, асты-үстіме түсіп, бәйек боп жатады. Аман болсын әйтеуір.


Мені қинайтыны екі қызымның жай-күйі. Үлкенім дәрігерлікті бітірген. Қалалық аурухананың біріне жұмысқа тұрды. «Жұмысқа тұрдың ғой, енді тұрмысқа шық, әр нәрсе өз уақытымен болуы тиіс» деп қанша айттым. Тыңдамады. «Мама, әлі ерте, жұмысқа жақсылап орнығып алайын» деді. Сол сылтаумен тағы оқыды, кандидаттық қорғады, одан шетелде іс-тәжірибеден өтіп келді. Докторлық диссертациясын да қорғап, мансап қуып кетті. Қазір жасы 38-де. Білдей бір ауруханада бас дәрігердің орынбасары боп отыр.


Қызымның материалдық жағдайы жақсы, үш бөлмелі пәтер алған. Астында көлігі бар. Жылына екі рет шет елге барып демалып келеді. Бірақ күйеуге тиетін ойы жоқ. Айта-айта шаршадым. «Мама, күйеуге тиіп сіз жетістіңіз бе? Қазір еркектердің бәрі есеппен үйленеді. Оларға менің қызметім, атағым, пәтерім ғана керек. Ондай адамға қызмет қылып ненің азабы маған? Одан да өзім үшін біреуден туып алсам болды» деп айтқанынан қайтпай отырып алды. Мен не дейін, уақыт-сәті өтіп бара жатқасын батамды бердім. Қазір үш жасар қызы бар. Екеуі тұрып жатыр. Күнара үйге келіп тұрады. Немерелі болғалы менің де күшім тасып, өмірге деген құлшынысым оянып, басқаша боп кеттім.


Ендігі лекциям кіші қызға басталды. Жасы отызға келіп қалған. «Тұрмысқашықсайшы, ұнататын жігітің бар ма?» деп сұраудан шаршадым. «Ешкімім жоқ» деп бет бақтырмай жүретін. Оның да қызметі жақсы, әуежайда бір бөлімнің басшысы боп отыр. Бес тіл біледі. «Қызыңа құда түсейік» деп құда-жекжаттардан, дос-жарандардан неше түрлі ұсыныс түскен. Қызым адам менсінбей, бір-екі кездесуден кейін жігіттердің бетін қайтарып тастап жүрді.


Былтыр күзде «тұрмысқа шығатын сияқтымы, бір жігітпен таныстым» деп қуантып қойды. «Ойпырмай, шүкір-шүкір» деп желпініп, іштей ұзату тойын істейтінімді ойлап, бәрін жоспарлап, шет-жағасын Астанадағы балама айтып қойғам.


Сөйткен қызым өткен аптада келіп тұр, «тойы да, өзі де құрысын, мен енді ешкіммен кездеспеймін» деп бедірейіп отырып алды. «Не болғанын айтсаңшы» деп сұрап ала алмадым. Ақырында әпкесін араға салдым. «Сөйлесші, бауырың ғой, не болғанын біліп бер» деп өтіндім.


Сөйтсем кіші қыздың жігіті мұның аяғы ауырлағанын білген күні шетелге кетіп қалыпты. «Балалы болуға дайын емеспін, алдырып таста» деп шарт қойыпты. Қызым олай ете алмайтынын айтқан. «Олай болса өзің өсір, өзің тәрбиеле, бала көтерерден алдын менімен ақылдасуың керек еді» деп уәдесінен тайқып шыға келген. Ақымақ қызым «ақыры үйленеміз ғой» деп алды-артын ойламай жүре беріпті.


«Масқара-ай, енді елдің бетіне қалай қараймын?! Сен де некесіз бала таптың, мынаны естісе жұрт артын ашып күледі ғой» деп жылап, давлением көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шықтым. Ары-бері ойланып, «баланы алдырып тастасын, әлі кішкентай екен ғой. Алдағы уақытта өзім жақсы жігіткет ұзатам, балалы болып үлгереді» дедім. Сөйтсем үлкен қызым да сіңлісінің сөзін сөйлеп, іштегі баланы алдыруға қарсы боп отыр. «Қазір заман басқа, елдің бізде шаруасы болмасын» деп бет бақтырмайды. «Өзіміз үшін өмір сүреміз, бітті» дейді, келісіп алғандай. Қанша жерден шыр-пыр болсам да екеуі осы ойға анық бекінген.


Өз басым, күйеуім қайтыс болғаннан кейін екінші мәрте тұрмысқа шықпадым. Бар ойым, ел-жұртқа сөз болмай, балаларымды аман-есен адам қатарына қосу еді. Енді «сол арман-мақсатыма жеттім, қыздарым мен ұлымды оқыттым, жоғары білімді азамт қылдым» дегенде көрейін дегенім осы ма еді?! Әу баста үш баламды да «кішкене еті тірі болсын» деп орыс мектебінде оқытып едім. «Әлде бұл сол орысша тәрбиенің салдары ма» деп те ойланам. Қыздарымды алған бетінен қайтару үшін не істесем екен? Екі қызым бірдей некесіз бала тауып алып отырса бұл тірідей өлім ғой. Маған ақыл қосыңыздаршы...»