​«Мүгедек әйелін күштеп төсекке сүйреген»: қызылордалық әйел көршісінің басындағы жағдайды баяндап берді

0
958

«Ұлымның тойынан соң есімнен танып құладым. Қатерлі ісікке шалдығыппын»


​«Мүгедек әйелін күштеп төсекке сүйреген»: қызылордалық әйел көршісінің басындағы жағдайды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай бар бейнетті, азапты әйелдердің басына үйіп-төгіп бере салғандай көрінеді маған. Танымайтын ортаға келін болу, ата-ененің, күйеудің бабын жасап, бала туып, оны бағу, қала берді үйдің кем-кетігін түгендеп, ас-ауқатымен қамтамасыз етуді кей әйелдер мойнына ауыр жүк қылып арқалап алған. Осы жолда өз денсаулығын сарп етіп, өмірін құртқандарды да көз көрді», - дейді Ақжібек есімді қызылордалық әйел.


Оқырманымыз өз танысының басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Оқу, жұмыс деп жүріп тұрмысқа шығуды кейінге ысыра бердім. Қазір де жалғызбын, өз адамымды кездестірмедім. Қиялымдағы идеал адамды табам ба, жоқ па, білмеймін. Менің идеалымдағы адам – отбасының ас үйден басқа бүкіл шаруасын мойнына алып, бар керегімен қамтамасыз ететін адам.


Олай дейтінім, көрші үйде тұратын әйелдің басынан өткен оқиғасы маған үлкен ой салды. Ол әйелді танығаныма көп бола қойған жоқ, бар жоғы екі-үш-ақ рет көрістік. Жұмысбасты адам болғасын аулаға шығып, көршілермен әңгімелесуге уақыт жоқ, көбісін танымаймын. Бір жолы Құдай айдап, сол әйелмен әңгімелесіп қалдық.


«Сені көп көрмейді екем, жақында көшіп келдің бе?» деп өзі әңгіме бастады. «Ал біз бұрыннан тұрамыз. Он сегіз жыл болды, бір баламызбен көшіп келіп едік, тағы екі балады болдық. Бірақ денсаулық деген құрыды» деп өзінен өзі басынан өткен жағдайларды баяндап берді.


«Жассың ғой, күздің салқын күні болса да жеңіл киініп шығыпсың, денеңді жылы ұста, - деп жалғады әңгімесін. – Бүкіл ауруды суықтан табады екенбіз ғой. Оны білмедік, денсаулықтың қадіріне жетпей, жас кезімізде жан аямай тірлік қылдық. Қыстыгүні желдің өтінде, жаздыгүні күннің астында тұрып сауда істедік. Соның пайдасы, міне, ешкімге керегі жоқ инвалидпіз. Қанша күнім қалды деп санаумен отырмыз.


Кешегі күнге дейін балаларымды асыраймын, оқытамын деп жүріп денсаулыққа көңіл бөлмедім. Емделуге уақытымды да, ақшамды да қимадым. Екі бүйрегім қысып, қуығымның айналасы шаншып ауырғанда жаным көзіме көрінетін. Белім де шыдатпай ауыратын. Бірте-бірте мұндай қыңқылдың түр-түрі шыға бастады. Түнімен дөңбекшіп, ауырып аламын да, азанда дәрі ішіп, саудаға жүгірем. Бір күн шықпай қалсаң әжептеуір табыстан қағыласың. Оның үстіне «ішем, кием» деп бес бірдей бала бетіңе қарап отырғанда ауруға уақыт бар ма? Күйеуімнің тұрақты жұмысы болмады, бірде бар, бірде жоқ, жоқ кезде алқаштарға қосылып алып ішеді...


Осылай ілініп-салынып жүргенде үлкен ұл үйленетін жасқа жетті. Соның құдалығын, тойын өткізіп алайын деп ішімнің ауырғанына да мән бермей жүре бердім. Үлкен дәретке отыруым қиындаса да, тістеніп жүріп үлкен тойды өткізіп алдық. Бірақ ертеңіне есімнен танып, сұлқ түстім. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, тік ішегімді кесіп алып тастады. Қатерлі ісікке айналып кеткен екен. Одан кейін бірталай мәрте химия қабылдап, қазір мүгедек боп отырмын. Дәретімді пакетке шығаратын етіп, түтікшемен жалғап берген. Жиі толып қалады, қазір де толып тұр. Ауыстырайын десем үйде көкең ішіп алған, ұйықтағанын күтіп, кірмей отырмын. Сен қыз денсаулығыңды күт, өзіңді сақта».


Алғаш кездескен адамның маған қамқорлық танытып, «өзіңді күт» дегені ерекше әсер етті. Бірақ бала-шаға, үй деп жүріп қалай өзін мүгедектікке дейін жеткізген әйелге жаным ашыды. Үйге келіп, мамама көрші әйелдің оқиғасын айтып беріп ем. «Ә, Зағира ма, оның көрген күні құрысын, - деді мамам. - Ауырып жүрсе де алқаш байымен алысып жүр ғой ол байғұс. Онысы сондай ессіз ғой, ішіп алып төсекке шақырып, тыным бермейді екен жынды байы. Ахуалы анадай әйелді қинауға Құдайдан қорықпай ма екен. «Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы» дегендей болып тұр ғой жағдайы. Ішіп алған күні әйелін сабап, ұратынын қайтерсің. Сонда да тәуір болған күндерінде базарға шығып, әркімнің тауарын сатып беріп, содан табыс тауып, байын асырап отыр. Онысы кешке дейін томардай боп көшеде карта ойнап отырады».


«Адам ит жанды» деген рас екен ғой. Әлгі әйел содан кейін де бір жылдай аурудың азабын тартып төсекте жатты. Тұп-тура бір жылдан соң көрші үйден жылаған адамдардың даусы естілді. Зағира апайдың қайтыс болғанын ішім сезді. Не жақсылық көрді бұл өмірден, соның қадірін түсінген біреу бар ма?...


Қыздар, біз нәзікпіз, көтере алмас шоқпарды белімізге байлап, өмірдің бар ауыртпашылығын арқалауды тоқтатайықшы. Біздің миссия – өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеу. Ал оларды тойдыру, киіндіру, үйдің жоғын түгендеу – күйеудің тірлігі. Жауапкершілікті соларға артып үйренейікші. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, сізге өзіңізден басқа ешкімнің жаны ашымайды...»