​«Қайын енем қартайғанда кешірім сұрады»: шымкенттік азамат әйеліне қалыңмалсыз үйленгенін айтты

0
595

«Әйелім екеуміз екі әулеттің ата-анасы боп отырмыз»


​«Қайын енем қартайғанда кешірім сұрады»: шымкенттік азамат әйеліне қалыңмалсыз үйленгенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Естеріңізде болса, ERNUR.KZ сайтында «Қалың малға келісе алмадық»: алматылық ару жігітінің сараңдығынан айырылысып кетті» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда үйленуге сөз байласқан жігіт қызының ата-анасына қалыңмал төлеуден бас тартып, сол үшін ара-қатынастарының суып кеткені жайлы айтылып еді.


Екі жастың арасында болған оиқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қалыңмалға қатысты халықтың пікірі әртүрлі екен. Осы ретте редакциямызға Маратбек есімді азамат хабарласып, өз басынан өткен жағдайды баяндап берді.


«Осы қалыңмал деген мәселе шығыс, батыс өңірлерде онша еленбейді. Ал біздің оңтүстікте бұған ерекше мән береді. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп құдаласатын екі тарап алдын-ала кездесіп, шай ішіп, кәде-сыйдың бәрін ақылдасып, ортақ бір мәмілемен шешіп алады.


Жаңағы Шынар қарындасымыздың жігітіне қалыңмал туралы айтып, жігіттің оны төлеуден бас тартқанын онша түсіне алмадым. «Жігіттің жағдайы жоқ шығар» деп ойлайын десем, қызына сөз саларда гауһар сырға, сақина тағып, достарының көзін қыздырыпты. Меніңше, ол жігітті ата-анасы, араласатын ортасы айнытты-ау. Айналып келгенде екеуінің тағдыры тоғыспай тұрған ғой. Осы ретте өз басымнан өткен оқиғаны айтып бергім келеді. Бұл жағдайдан көпшілік сабақ алса, кейінгі жастар үлгі етсе, менің мақсатым сол ғана.


Отыз бес жыл бұрын үйдегі жеңгеңе есім кете ғашық болдым. Екеуміз бір-бірімізді адаспай дәл тапқандай, бақыттан басымыз айналып, екі жыл қыз бен жігіт боп араластық. Сүйіктім үйінің үлкені-тұғын. Сол себепті қызын сұрап үйіне құда түсіп келетін кісілер көп болды. «Маған папамның әскерде бірге болған досы құда түсіп келмекші», «мамамның құрбысы баласына айттырып жатыр екен» деп айтқан сайын жүрегім аузыма тығылардай, дем жетпей кететін. Себебі өз жағдайым өзіме мәлім. Үйлене салатындай артық-аспай ақша жоқ. Жесір қалған шешемнің сенетін ешкімі жоқ. Ол кездегі елдің жағдайы да анау айтқандай емес еді ғой. Менімен қосқанда бес перзентті өлме-талма күн кешіп, асырап отырғанына да шүкір еді.


Өзім қалада студентпін. Сабақтан шыға сала вокзалды бетке алам. Барып вагоннан жүк түсіріп, түскен тиын-тебенді үнемдеп жаратып, реті келсе ауылдағыларға арттырып жібергенді көздеп жүрген адаммын. Сүйген қызым тұрмысқа шығу туралы сөз айтқан сайын «саған үйлене қалатын жағдайым жоқ» деп айтуға ұялам, бар тапқаным «әлі жассың ғой, тұрмысқа шықпаймын деп айтсаңшы» деп лажсыз бетіне үмітпен қарап қоям.


Не керек, бір күні сүйген қызым «Сенің маған үйленетін ойың бар ма, жоқ па? Ары-бері тұспалдап айтсам, әрекет жасар түрің жоқ. Бүйтіп аузың ашылып отыра берсең менен айырылып қаласың. Мен енді ата-анама сылтау айта алмаймын, олар менің жауабымды күтіп жүр» деп сұрақты төтесінен қойды. Сосын амал жоқ, шынымды айттым. «Қазір үйлене қоятын жағдайым жоқ. Үйлену үшін қалыңмал, құдалық, той, оның бәрі қырғын ақша тұрады. Шешемді бұлай қинай алмаймын. Көктемде оқуымды бітіріп, жұмысқа тұрған соң болмаса...» деп күмілжідім.


«Сенің сылтауың осы-ақ па? Соған бола маған үйлене алмай жүрсің бе?» деп жеңгең аң-таң болды. Сөйтті де «Келесі аптада анаңдар біздің үйге келсін, мен ата-анама ескертіп қоям, бәрі жақсы болады» деді. Қуанып кетіп, үйленетінімді, қыздың шешімін шешеме айтып ем, «бір-біріңді сүйіп тұрсаңдар барайын, қалыңмал, басқаның бір мәнісі болар, ел ішіндеміз ғой» деп ақ батасын берді.


Біздің кезімізде қалың мал бағасы, «Пәленшеге алтын, Түгеншеге тон» деген нәрсе айтылмайтын. Той күні құда түсіп келген жақ өзінің ізетімен жөнін жасап келе беретін. Менің шешем де ағайын-туыспен ақылдасып, шама-шарқы жеткенше тоғыздарын жасап, бәріміз жолға шықтық.


Сүйіктімнің үйіне кіріп барғанда шалқамнан түсе жаздадым. Жағдайы келіскен, ауылдағы ең бай кісінің тұңғышы екенін сонда білдім. Сандуғаш оған дейін әкесінің қызметі, байлығы жайлы айтпайтын. Ішімнен қатты қуыстанып, «енді қалай болар екен, көрпеме қарай көсілмеген өзіме обал жоқ» деп ұяттан жерге кіріп кете жаздадым.


Бір уақта азаматтар жағы сыртқа шығып, әйелдер жағы әкелген шапан-шаттығын табыстауға кірісті. Шешем марқұм ала дорбаларының аузын ашып, бәріне атағанын үлестіріп жатыр. Бір шетте уайым шегіп қарап тұрғам. Бір кезде Сандуғаштың мамасы «Құдағи, қызымыздың қалыңмалын бермедіңіз, ұмытып кеттіңіз-ау...» деп дауысын жұртқа естірте сөйледі. «Біз енді қалыңмалды сәл кейіндеу берсек... Әзірге жастар үйленіп, өздерімен өздері бола берсін, қалыңмал болады міндетті түрде...» деп күмілжіді. Біткен жеріміз осы шығар деп ұяттан жерге кіріп кете жаздадым. Бірақ сол сәтте жарықтық қайын атам сөзге араласты.


«Манзура, не оттап тұрсың?! Ұялмастан қызымызды ақшаға сатпақсың ба? Құдағи не әкелді, қандай сый ұсынды, қатындығыңа баспай, соған риза бол. Жастар бақытты болсын! Мен батамды бердім. Енді мына жиналысты доғарыңдар» деп ішке кіріп кетті. Күйеуінен мұндай сөзді күтпеген енем ернін жыбырлатып, жан-жағындағыларға сыбырлаған күйі әрең басылды.


Сол күні қайын атам болмағанда Сандуғаш екеуміздің қосылуымыз екіталай еді. Дер кезінде іске араласып, екі құдағидың ашуын баса білді. Марқұм дана кісі болатын. Үйленген соң да біздің үй боп, аяқтан тұрып кетуімізге жағдай жасады. Досына айттырып, университеттің жатақханасынан бір бөлме әперді. Кейін оны бізге сыйлады. Жұмысқа тұрып, екі балалы болғанша сол құттыхананың рахатын көрдік. Кейін сатып, үстіне ақша қосып екі бөлмелі пәтер алдық. Мал-жанымыздың басы жылдан жылға көбейіп, ауылдағы шешеме қарайластым. Үлкен етіп үй тұрғыздым. Іні-қарындастарымды оқытып, бәріне бір-бір диплом әпердім.


Сол кездері ауданда белді қызметте істеген қайын атамның денсаулығы сыр беріп, бір жыл төсек тартып жатты да, ана өмірге аттанып кетті. Ол кісі барда қайғысыз-қамсыз күн кешіп жүрген қайын енемнің пәпігі басылып, енді маған арқа сүйей бастады. «Маратбек, балдыздарыңа құда түсіп келіп жатыр» деп менімен ақылдасып, бар тірлікті екеулеп шештік. Сөйтіп үш балдызды құтты орнына қондырдық. Өкінішке қарай, жалғыз қайным авариядан қаза тауып, атамыздың ізін жалғар ұл бала қалмады. Ол кезде де енеме сүйеу боп, бар ауыртпашылықты өз мойныма алдым. «Мен сіздің балаңызбын» деп жанына жалау боп, қартайғанда енемді өз қолыма көшіріп алдым.


Жастау кезімізде, Сандуғаш екеуміз үй болғасын ара-тұра ұрысып қаламыз ғой, сонда енем арамызға түсіп «қалыңмалсыз алған соң қадірің жоқ» деп қызына тиіскенсіп, мені сөзімен түйреп отыратын. Кейін, біздің үйге көшіп келгенде сол қылығы үшін кешірім сұрап, көзіне жас алды. «Қалыңмалды мың есеп бердің. Саған ризамын, балам» деп батасын берді.


Менің анам да, ата-енем де бақилық болған. Сонда да Сандуғаш екеуміз қазір екі әулетке ата-ана боп отырмыз. Балдыз-бажаларым да, өз бауырларым да бір сөзімді екі етпейді. Ата-аналарымыздың разылығын алғанымыз себеп те болған шығар.


Қазір ойлаймын да, сол кезде енем көргенсіздік танытып, оған қайын атам қосылып, «жетім балаға қызымды бермеймін» деп бетімді қайтарып тастағанда екеуміздің қазіргі күйіміз не болар еді деп. Сүйген жүрекке қалыңмал да, материалдық жағдай да кедергі емес. Сондықтан қызыңыз жарлы жігітті сүйіп қалса, қалың мал үшін бағын байламаңыз. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген бар...»