​«Барымнан айырылдым, масқара болдым»: күйеуінің көзіне шөп салған әйел өкінішін жеткізді

0
1 351

«Ол бар кінәні маған аударып, түк болмағадай өмірін сүріп жатыр»


​«Барымнан айырылдым, масқара болдым»: күйеуінің көзіне шөп салған әйел өкінішін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір сәттік қателік, алдамшы сезімнің жетегіне еріп, барымнан айырылған адаммын. Тіпті туған ата-анам менен бас тартты. Осыншалықты күнәммен мені мынау қара жер қалай көтеріп жүр екен десейші. Кейде өмірден түңіліп, өліп қала салғым келеді», - деп хат жазыпты аты-жөнін атағысы келмеген оқырманымыз, ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына.


«Тұрмысқа шыққаныма он жылды жүзі болған. Екі баланың анасымын. Жолдасым жуас, көп сөйлемейтін, «ішімдегіні тап» деп қалған адам. Мінезі ауыр, бірақ бір көтерілсе ашуы алай-дүлей боп кетеді.


Отбасын құрған он жыл ішінде күйеуім маған «сені сүйем», «жаным, күнім» деп еркелетіп, жылы сөз айтпапты. Білмеймін, сүйіп-ақ қосылған едік. Тіршіліктің қамытымен маған көңіл бөлуді қойып кетті. Арамызда жылулық, сырласу жоқ. Ағайын-туысқа, бала-шағаға қатысты нәрселерді ғана сөз ететін болдық.


Соның әсері болды ғой деймін, бірте-бірте қайынсіңлімнің күйеуіне есім кете бастады. Табыскер, өзінің жекеменшік дүкені бар, қайынсіңлімнің асты-үстіне түсіп, қашан көрсең айтқанын екі етпейтін жігітке уақыт өте ғашық боп, көрмесем тұра алмайтын халге жеттім. Күйеу балам дегенім болмаса, менен бір жас үлкен. «Құрдас, бажа» деп қалжыңдасатыны бар еді.


Бір күні қайынсіңліме «бала-шағамызбен бәріміз Астанаға, Бурабайға демалып қайтайық» деп ұсыныс білдірдім. Ондағы ойым күйеу баламен жақындасу еді. Олар бірден келісті, сөйтіп бәріміз пойызбен жолға шықтық. Астанадан ары Көкшетауға сапар шегіп, суға түсіп, мәз-мейрам боп жүріп күйеу баланың да менде ойы барын байқадым.


Елге келген соң екеуміздің басымыз төсекте түйісті. Бір-бірімізсіз өмір сүре алмастай жағдайға жеттік. Бөтен емес, туған арамызда жалғыз қайынсіңлім тұрғандықтан қатты қиналып, уайымдағанымды жасырмаймын. «Бұлай болмайды, енді кездеспейміз» деп қоштасып, қарым-қатынасымызды үзсек те, ағайын-туыстың той-томалағында бас қосып жүріп қалай жақындасып кеткенімізді білмейтінбіз.


Жарты жылдай желігіп, қызу қарым-қатынас құрдық. Жұмыстың арасында ыңғайын тауып, кездесуден ол да шаршады ма «күйеуіңмен ажырас» деп шарт қойды. Өзі де уақыт өте ажырасатынын айтып, менің басымды айналдыра бастады. Күйеуімнен көңілім қалып, арамыз әлдеқашан суып кетсе де екі балам үшін ажырасуға асықпадым. Отбасымды сақтағым келді.


Күйеу баламмен қарым-қатынасымыз жылға жуықтағанда күйеуім бірдеңеден күдіктенгендей, ойламаған жерден жұмысымызға келіп, тексеретін әдет шығарды. Сонда да ебін тауып, екеуміз кездесіп жүрдік. Бір күні артымнан аңдыпты, үстімізден түсті. Оңдырмай сабап, мойнымнан қылқындырып, өлтіруге әрекет жасады. «Жаным алқымыма тығылып, күйеу баладан көмек күтіп, жәутеңдей қарап едім, ол киімін киер-кимес алды-артына қарамай қаша жөнелді.


Уәдені үйіп-төгіп, мен оны жігіттің сұлтанындай көріп, сеніп едім, қайынағасын көргендегі бұралқы иттей әр жерден бір басып қашып бара жатқан түрінен жиіркеніп кеттім. Оңбай алданғанымды, көрсоқыр болғанымды сонда түсіндім.


Күйеуім екі баламмен үйден қуып шықты. Басым салбырап төркініме бардым. Бірақ жағдайды айтуға ұялып, жасырып қалдым. Дегенмен өсек әңгіме жерде жатсын ба, ата-енем әкеме хабарласып «сондай қыз тәрбиелеп өсірген сендерге нәлет болсын» деп қарғапты. Әке-шешем қайғыдан қан жұтып, әкем инсульт алып, ауруханағат түсті. Есін жинағанда «Көзіме көрінбесін, құрысын» депті. Солай мен төркінімнен де қуылдым.


Ең сорақысы, күйеу бала бар бәлені менің басыма үйіп-төгіпті. «Өзі айналдырды, мен тұзағына түсіп қалдым» деп қайынсіңліме өтірікті шындай сапырып, соғып, кешірімін алыпты. Енді екеуі түк болмағандай өмір сүріп жатыр.


Ары қарай қалай өмір сүрерімді білмеймін, тығырыққа тірелдім. Күйеуімнен қайыр жоқ, екі баласына көмек қолын созбайды. Тек анам ғана жаныма жалау боп, әкеме білдірмей, ақша аударып тұрады. Оларды да елге қарабет етіп, әкем мүгедек боп қалды. Бәріне өзім ғана кінәлімін. Енді бұл күнәмен қалай өмір сүрем, екі балам өсіп, осы жағдайды естігенде беттеріне қалай қараймын? Миым жетер емес. Бір білерім, қыз-келіншектер менің қателігімді қайталамаса екен...»