​Тістің ҚИСЫҚ шығуына ерте жаста ЖҰЛДЫРУ себеп болады – дәрігер

0
20 748

Тістің неге қисық шығатынын, оны түзетудің тиімді жолдары туралы дәрігер айтып береді


​Тістің ҚИСЫҚ шығуына ерте жаста ЖҰЛДЫРУ себеп болады – дәрігер

фото: cosmeticdentistryguide.co.uk

Тіс – жан мен тәннің сұлулығы. Тістің саулығы арқылы адамның денсаулығының қаншалықты деңгейде екенін білуге болады. Тіпті, бір тістің жағдайы 32 тістің саулығына әсер етеді. Сондықтан да тіс күтімі өте ерте кезден бастау алу керек. Байқасаңыз, балалардың көпшілігінің тісі ерте жастан құрттайды, қисық шығады әрі ауызда жағымсыз иіс пайда болады. Осы жайсыздықтың алдын алу үшін не істеу керек? Қандай әдіс арқылы мәселені шеше аламыз? Осы орайды, Шымкент қалалық тіс емханасының дәрігері Кучкарова Лаура Ералиқызының (суретте) тіс саулығы туралы кеңестеріне назар аударыңыз.


- Лаура Ералиқызы, баланың тісі сау болуы үшін қай кезден бастап күтім жасау керек?

- Тіс саулығы адам өмірі үшін өте маңызды. Сондықтан да ерте жастан ауыз қуысының күтіміне аса мән беріңіздер. Тіске ерекше әрі нәзік күтім керек. Жалпы, тіс күтімі сәби кезден бастау алады. Алғашқыда анасы сәбиінің ауыз қуысын бинттің көмегімен тазалайды. Бинтті сұқ саусағына бос орайды да қайнаған жылы суға малып, ауыз қуысын сүртеді. Сонда баланың аузындағы қақтар мен бактерия жойылады.

Ал, 1 жастан асқан баланы тіс дәрігеріне тексертіп алып, арнайы тіс пастасы мен щетқасын сатып алыңыз. Алдымен өзіңіздің көмегіңізбен баланың тісін тазалайсыз. Уақыт өте келе бала үйренеді. Сөйтіп ол өз бетінше тіс тазалауды бастайды.

Негізінде, әр балаға ата-анасы үлгі екенін ескеріңіз. Бала сізден көргенін жасайды. Тіс тазалауды ешқашан кейінге қалдырмаңыз. Әр тамақтан соң міндетті түрде ауызды жылы сумен шаясыз. Ал күніне 2 рет тіс пастасымен тісіңізді тазалайсыз. Тіс тазалау уақыты 5 минуттан 10 минутқа дейін жалғасу керек әрі тіс тазалаудағы тәртіпті де қатаң сақтаңыз.

Ал 2-3 жастан асқанда тіс жібімен тазалауды үйретіңіз. Тіс жібі ауыз қуысын түрлі аурудан, тіс жегінің қабынуынан, кариестен қорғайды. Мейлінше, тіс тазалау ісіне мұқият болғаныңыз жөн.

фото: hipwee.com

- Бүгінде балалардың 80 пайызының тісі 2 жаста-ақ құрттап жатады. Бірі пломба салуға келсе, көпшілігі жұлдыруға тура келеді. Оның себебін қалай түсіндіресіз?

- Иә, жасыратыны жоқ, тіпті 2 жасқа жетпей-ақ тісін жұлдырып жүрген балалар бар. Тіс жұлу – ауыз қуысының саулығына айтарлықтай кері әсер етеді. Бұған тіс күтімінің дұрыс әрі уақытылы болмауы себеп болады. Тістің түбін шірітіп, жарамсыз ететін жағдай тамақ қалдықтары екенін біле жүріңіз. Сондықтан да әр тамақтан соң ауыз қуысын жылы сумен шайған дұрыс. Жемісті жиі жеген баланың да тісі сау әрі таза болады.

Тіске кариес түскен кезде уақыт оздырмай дереу дәрігерге тексертіңіз. Сонда тазалап, пломба салып, тістің түбірін сақтай алады. Егер құрттаған тістің ауырғанын күтіп жүре берсеңіз, соңы жұлдыруға тура келеді. Бұл кезде тіс ауруы асқынып, жарамсыз болып қалады.


- Сүт тістері түскен соң тұрақты тіс шығады. Неге сол қисық шығады екен?

- Тістің қисық немесе түзу шығуы сүт тісінің қай уақытта түскеніне байланысты. Ерте немесе кеш түсуінің маңызы зор. Егер сіз балаңыздың тіс күтіміне мән бермесеңіз, жоғарыда айтқанымыздай ерте жастан тісін жұлдырасыз. Тістің ерте жұлынуынан немесе түсуінен жақ толық әрі қалыпты өспейді де, дұрыс дамымайды. Салдарынан жаңа тіс қисық шығады.


- Тісті түзу, сапалы әрі әдемі етіп шығарудың әдісі бар ма?

- Әрине, тісті түзу әрі әдемі етудің әдісі бар. Қазірде техника дамыған. Пластинка, брекет системаның көмегімен тісті түзетеміз.

Пластинка сүт тістері мен тұрақты тістер аралас кезде қойылады. Пластинканың көмегімен жақты кеңейтіп, әр тісті өз орнына қояды.

Ал брекет сүт тістері мен тұрақты тістер аралас кезінде қойылмайды. Ол тек тұрақты тістерді түзету үшін шығарылған. Тұрақты тіс түгел шыққан соң қисық тіске тас қою арқылы, түзету жұмыстары жүргізіледі. Бұл біраз уақыт пен төзімді талап етеді.

фото: pediatrinfo.ru

- Тісті түзетіп, бір қатарға орналастыратын брекет туралы не дейсіз? Оны қанша жастан бастап қою керек және қанша жыл тұрады?

- Брекет дамыған тіс түзететін құрал. Оны 12-ден асқан кез келген балаға қоюға болады. Тістің жағдайына байланысты 1 жылдан 2 жылға дейін брекет тұрады. Кейбірінде 1 жылда керемет нәтиже беріп, тістері түзу әрі әдемі болады. Ал бірінде ол 2 жылға жалғасады. Мұның бәрі жоғарыда айтып өткеніміздей тістің саулығына байланысты.


- Мүмкін тіс шығатын кезде қандай да бір дәрумен қабылдап, арнайы күтім жасау керек шығар...

- Тістің саулығы жеген тамағымызға да байланысты. Мейлінше құрамы кальций, фтор элементтері бар тағамдарды жиі тұтыну керек. Сүт өнімдерін, балық, ет секілді азықтарды жиі жеп жүріңіз. Жемістер мен көкөністерді де үзбеуге тырысыңыз.


- Лаура Ералиқызы, маман ретінде тіс саулығын сақтау үшін біздің оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

- Тіс саулығы дұрыс күтімге байланысты. 2 жастан бастап өте мұқият болғаныңыз жөн. Тіс пастасы мен щетканы дұрыс таңдап, таңертең және кешке тісті тазалау керек. Оған қоса, тіс тазалайтын сұйықтар мен жіпті де қолдану керек. Сұйықтық тістегі бактерияларды жойып, ауыздағы жағымсыз иісті кетірсе, ал жіп тіс арасындағы қалдықтарды шығарып, оның шіруіне жол бермейді.

Кез келген адам жылына 2 рет тіс дәрігеріне тексеріліп, қажетті ем-шараларын жүргізу керек. Тістің саулығын бірінші орынға қойған адамның жаны да, тәні де сау болады. Егер сіз ауру тіспен тамақ шайнасаңыз, ол асқазанға дұрыс жете ме? Әрине жоқ, сондықтан да тістің саулығын сақтау арқылы жалпы денсаулығыңызды сақтайтыныңызды ұмытпаңыз.


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Неге ДӘРІГЕРЛЕР бұл ТАҒАМДАРДЫ жеуге БОЛМАЙДЫ дейді?


БОРЖОМИ + СҮТ - ЛАРИНГИТТІ емдейді


Мына АЛТЫ жағдай ИММУНИТЕТТІ әлсіретеді