"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП": Ақтөбе облысында 20 мектеп салынады

0
505

Ақтөбе облысында 426 мектеп, 577 балабақша, 42 колледж жұмыс жасайды.


Елімізде жыл сайын өңірлерді дамытуға бағытталған көптеген жобалар қолға алынуда. Жоспарға енгізіліп жатқан барлық жобаның бағытымен қатар, мақсаты да ұқсас. Яғни, мемлекет бекіткен барлық бағдарламалар елімізді одан әрі дамытуды көздейді.

Соңғы жылдары іске асып жатқан жобалардың басым бөлігі халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталуда. Оның ішінде тұрғындардың өмір суру салтына тікелей әсер ететін мәселелерге көбірек көңіл бөлінуде. Осы арқылы күн тәртібінен түспейтін мәселелерді біржола шешу көзделген.
Қазіргі таңда аталған бағыттар бойынша нақты жоспарлар тізімі бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте Қазақстанда территориясы бойынша ең үлкен облыс атанған Ақтөбе облысының даму көрсеткіштеріне көз жүгіртейік.
«Ақтөбе облысы - Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан. Солтүстігінде Ресей Федерациясының, оңтүстігінде Өзбекстан Республикасының құрамындағы, батысында Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарымен, шығысында Қостанай облысымен және оңтүстік-шығысында Ұлытау мен Қызылорда облыстарымен шектеседі. Облыс 12 әкімшілік аудандарға бөлінген. Аумағында 6 қала, 3 кент бар. Әкімшілік орталығы — Ақтөбе қаласы”.

"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП" ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 20 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ


(суреттер: Ақтөбе облысы әкімдігі)

Бірінші кезекте, облыстың білім саласының дамуы мен алдағы жоспарларына тоқталайық. Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, өңірде 426 мектеп, 577 балабақша, 42 колледж жұмыс жасайды.
2023 жылы облыста білім саласына қатысты көптеген жаңа жобалар қолға алынуда. Атап айтар болсақ, биылдан бастап Ақтөбе облысында республика бойынша алғаш болып «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы басталды. Аталған жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейін теңестіру мақсатында іске асырылуда. «БІЛІМ ALL» жобасы басталмай тұрып ауыл мен қала мектептері арасындағы білім деңгейінің айырмашылығы 15%-ды құраған. Дегенмен, жобаның басталғанына көп болмаса да, нәтижесі көңіл қуантарлық.
Сонымен қоса, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба тек қана білім ордаларындағы орынның жетіспеушілігін ғана емес, мектептерді бірыңғай стандартпен салу мәселелерін де қарастырады. Яғни ауылдық жерлерде салынатын мектептер мен облыс орталығында салынатын мектептер арасында ешқандай айырмашылық болмайды.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ақтөбе облысында 20 мектеп салу жоспарлануда. Оның 14-і 2024 жылы, қалған 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталады.
Ақтөбе облысында білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы бекітілген. Бұл бағдарлама өңірлердегі апатты мектептер мен үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Ақтөбе облысында осы бағдарлама негізінде 40-қа жуық мектеп салынып, 55 білім беру нысаны кешенді жаңартудан өтеді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдардағы мемлекеттік тапсырыс 18,3 мың орынға ұлғаяды. 30-ға жуық балабақшада күрделі жөндеу жүргізіледі.
Білім беру жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы аясында балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. Осы мақсатта өңірдегі білім ордаларында қосымша 5500-ден астам, балабақшаларда 1500-ден астам бейнебақылау камералары орнатылатын болады. Сонымен қатар, мектептерді 100 пайыз лицензиялық күзет, дабыл түймесі және турникеттермен қамту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, облыстағы барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жоспарланып отыр.
Айта кететін жайт, өңірлік бағдарлама аясында инклюзивті білім беру мәселесін дамытуға басымдық берілген. Осы ретте Ақтөбе облысында инклюзивті қолдаудың 14 кабинеті ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, арнайы психологиялық-педагогикалық көмек алу үшін мемлекеттік тапсырыс 1750 орынға артады.
Жол картасы аясында облыста студенттер жатақханасын салу, төрт колледжде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Ақтөбе облысында балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мақсатында нақты шаралар қабылданған. Нәтижесінде өңірдегі 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың 88,4 пайызы, 2-6 жас аралығындағылардың 92,6%-ы балабақшамен қамтылған. Ал, 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізілді. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған балабақшалардың үлесі 47%-ды құрайды. Өңірде 1 тәрбиеленушіге мемлекеттік тапсырыс көлемі қала бойынша 41 718 теңге, ал ауылда 45 869 теңгені құрайды.
Ақтөбе облысында білім саласындағы теңсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, биылғы жаңа оқу жылында мектептердегі білім сапасын тексеру мақсатында бірнеше халықаралық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде облыстағы білім сапасы төмен 60 мектеп анықталды. Қазіргі таңда аталған білім ордаларында оқу жетістіктерін жақсарту және дамыту жұмыстары қолға алынды.
Дегенмен, бұл көрсеткіштерге қарап, облыстың білім сапасын төмен деп бағалауға келмейді. Олай дейтініміз, облыс оқушылары түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Нақтырақ айтатын болсақ, биылдың өзінде облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадаларда 80-ге жуық медальға ие болды. Нәтижесінде оқушылардың олимпиадалық жетістік деңгейі 21 пайызға артып, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда», Білім-инновация» лицей-интернаты «Ең үздік инновациялық мектеп» атағын иеленді. Сондай-ақ, облыстың 6 мектебі еліміздегі 100 үздік мектептің тізіміне енді.
Одан бөлек, өңірдегі оқушылардың білімін жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, әр тоқсандық демалыс кезінде мұғалімдермен қатар оқушылар да химия, биология, физика, математика, ағылшын пәндері бойынша қосымша сабақтар алатын болады.
Облыстың білім беру ұйымдарында дебаттық қозғалыс, мектеп және студенттік өзін-өзі басқару да белсенді дамуда. Өңірде аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін 400-ден астам дебат клубы жұмыс жасайды. Ал, 126 мыңнан астам оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Оның ішінде оқушылар 807 мемлекеттік, 2833 мектепішілік үйірмеге барады.
Ақтөбе облысында инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Нақтырақ тоқталатын болсақ, өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 14 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және 1 оңалту орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда облыста 6700 ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленеді. Ал, өңірде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі 64 пайызды құрайды.
Өңірде мектептерді модернизациядан өткізу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Облыста 2021 жылы 56, өткен жылы 58 мектеп жаңартылды. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін облыс бойынша 282 мектеп модернизациядан өтеді.
Қазіргі таңда облыс аумағында 6 үш ауысымды және орын тапшылығы қалыптасқан 50 мектеп бар. Осы мәселелерді шешу мақсатында өткен жылы 3920 орындық 14 мектептің құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 2 үш ауысымды мектептің, үш апатты, төрт орын тапшылығы қалыптасқан, бес ескі бейімделген мектептің мәселесі шешілді. Осы жылы 900 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Ал, жыл соңына дейін тағы 5 мектеп пайдалануға беріледі.
Мектеп оқушыларына тиімді жағдай жасау мақсатында 30-дан астам автобус сатып алынды. Сондай-ақ, арнайы мектеп автобустарының автопаркі жаңартылды.
Ақтөбе облысында еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау 82 мамандық пен 122 біліктілік бойынша жүргізіледі. Биылғы жылы техникалық мамандықтар, білім, медицина, ІТ, ауылшаруашылығы саласына бөлінген грант саны артты. Сонымен бірге, нарықта сұранысқа ие мамандар дайындау үшін жаңа мамандықтар ашу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, «Колледждерге арналған ERG» жобасы бойынша Ақтөбе Жоғары политехникалық және Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледждері ERG жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес «әмбебап мамандарды» дайындау бойынша эксперименттік оқу бағдарламаларын жаңарту және түзету туралы пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында «Мамандығым болашағым» жобасы аясында жаңа мамандықтар мен құзіреттіліктерді енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ, әртүрлі өндіріс орындарынан 50 маман арнайы пәндерді оқытуға тартылды. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде өңірде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 5 пайызға артты.


23 МЫҢНАН АСТАМ МӘДЕНИ ІС-ШАРА ӨТКІЗІЛГЕН



Ақтөбе облысының мәдениет саласы да кейіндеп тұрған жоқ. Өңірдің мәдениетін, кәсіби өнерін, ұлттық тарихи мәдени мұрасын дамыту мақсатында 500-ге жуық мемлекеттік мәдениет ұйымдары қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 236 кітапхана, 197 клубтық мекеме, 19 музей, 1 планетарий, 2 театр, филармония және тағы да басқа мекемелер бар.
Сонымен қатар, өңірде «Ер Едіге» жыр мектебі ашылған. Аталған орталық балаларды ақысыз түрде оқытады. Қаіргі таңда 40-тан астам бала білім алуда. Биылдыққа жыр мектебінің шәкірттері екі рет есеп беру концертін өткізді. Ал, жалпы облыс аумағында өткен жылы 23 мыңнан астам шара өткізілген.
Атап айтар болсақ, «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдеби форумы, Тама Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған «Еркіндік қыраны, қалықта!» атты республикалық ақындар айтысы, Қ.Мұханбетқалиұлының 80 жылдығына арналған «Тар кезең» тарихи драмасының премьерасы, «Жармола жәрмеңкесі – 2022», «Көкжар» жәрмеңкесі, «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» ІІІ Халықаралық ғылыми форум-конференциясы сында көлемді шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында 100 мектепті қамтыған «Kids book-2022» кітап фестивалі, «Ымырттағы кітапхана» мәдени-әлеуметтік жобасы және «Kitaptime» мәдени көпшілік жобасы өткізілді.
«Облыста мәдени брендке айналған «Бақытты бала-2022» IV ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы, «Елім менің» халықаралық ән байқауы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері М.Әйтімовтің республикалық «Дауыс» вокалистер байқауы, V халықаралық «Balausa» экспериментальды спектакльдер фестивалі, «Ассалаумағалейкум» VI Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі, «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы, «Толғау да толғау сөздер бар...» жыршылар байқауы, «Жан серігім домбыра» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, Жұбановтар әуені» хор музыкасы фестивалі, «Классика» түрлі аспапта ойнаушы жасөсіпірімдер байқауы, Т.Ахтанов атындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған І республикалық үздік драматургия байқауы өткізіліп келеді», - делінген әкімдік ақпаратында.

Ақтөбе облысында мәдениетпен қатар бұқаралық спорт та қарқынды дамып келеді

Бүгінгі таңда өңірде тұрғындардың спортпен шұғылдануға арналған 2 мыңға жуық спорт нысаны бар. Облыста спорт нысандарының санын көбейту жұмыстары әлі де жалғасуда. Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылы Жарлы және Жарқамыс ауылдарында ангар үлгісіндегі спорт кешені, Қандыағаш қаласында бассейні бар спорт кешені тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыстың 5 ауданында 8 спорт нысанының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2022 жылы ұзындығы 2,5 км веложолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. "Самұрық-Қазына" АҚ есебінен Мұғалжар ауданының Ембі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.
Жалпы Ақтөбе облысында 2500-ден астам дене шынықтыру-спорт ұжымы жұмыс істейді. Облыс аумағында 370 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады.
Сонымен қатар, спорт саласын дамыту мақсатында облыстың аудандары мен қалаларында түрлі спартакиадалар, турнирлер мен біріншіліктер өткізіліп тұрады. Атап айтатын болсақ, өткен жылы 3 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізілген. Оның ішінде тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты, бес халықаралық турнир және 30-дан астам республикалық деңгейдегі турнирлер сынды ауқымды іс-шаралар бар.
Облыста бұқаралық спорт қана емес, ұлттық спорт түрлері де жақсы дамып келеді. Олай дейтініміз, өткен жылы ұлттық спортпен айналысатындардың саны 26 720 адамды құраған. Бқл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 345 адамға көп. Қазіргі таңда, өңірде ұлттық спорт түрлері бойынша 1 арнайы спорт мектебі жұмыс істейді.


30-ҒА ЖУЫҚ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ НЫСАНЫ САЛЫНАДЫ


Облыстың денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ, өңірде денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған «Салауатты ұлт» әрбір азаматқа арналған «Сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Аталған жоба тұрғындарға қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Сондай-ақ, медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен 2022-2024 жылдарға арналған меморандумға қол қойылды.
Облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсету сапасын одан әрі жақсарту мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, соңғы үш жылда облыстағы ауруханалардың жабдықталуы 76,9%-дан 91,2 пайызға артты.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысында республика бойынша жалғыз және бірегей 190 төсектік облыстық перинаталдық орталық салынды. Ал, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория және 4 медициналық пункт пайдалануға берілді. Жалпы алғанда облыс аумағында соңғы 3 жылда 16,8 миллиард теңгеге 13 медициналық мекеме салынды.
Ақтөбе облысында көз аурулары бойынша 6700-ден астам адам, оның ішінде 1,5 мың бала мен жасөспірім диспансерлік есепте тұр. Бұл көрсеткіштер облыс аумағында көз аурулары клиникасына сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
Осы ретте 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында «Koz Alemi» орталығы өз жұмысын бастады.
Материалдық-техникалық базасы ең жоғары әлемдік стандарттарға сай орталықта балалар мен ересектерге толықтай офтальмологиялық қызметтер көрсетіледі. Аталған орталық жылына 5000-нан астам көз операциясын жасауға қауқаурлы. Сондай-ақ, әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы науқастардың көзіне операциялық емдеуді тегін жүргізу жоспарлануда.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, болашақ офтальмологтар мен офтальмохирургтарды клиникалық даярлауды жетілдіру мақсатында орталықта М.Оспанов атындағы БҚМУ резиденттері тегін оқытылады.
Ал, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында Ақтөбе облысының ауылдық елді мекендерінде 30-ға жуық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарлануда. Оның ішінде 18 медициналық пункт, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 5 дәрігерлік амбулатория салынады.
Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеу және медициналық жабдықтармен жабдықтау қарастырылған. Ауруханаларды жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар 2023-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Ал, өңірдегі кадр тапшылығын азайту мақсатында мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында облысқа 28 орын бөлінді. Сондай-ақ, биыл облыстық әкімдік есебінен 20 клиникалық маман оқуға жіберіледі.
Облыста ауылға жұмысқа келген жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалмаған. Атап айтатын болсақ, Ақтөбе облысының әкімдігі аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа орналасқан жас мамандарға 1,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы мөлшерін белгіледі.

Ақтөбе облысының даму қарқыны жоспарға сай жүргізіліп жатыр десек артық айтпаған болар едік. Ең негізгі салалардың барлығында оң өсім бар екенін айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табар.

ERNUR.KZ.