Тоқаев: Жихадты насихаттайтын радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды

0
1 139

​Астанада алғаш рет өтіп жатқан Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам дініндегі өзекті мәселелерді атап көрсетті, деп хабарлайды Baq.kz.


Тоқаев: Жихадты насихаттайтын радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды

фото:parlam.kz

Астанада алғаш рет өтіп жатқан Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам дініндегі өзекті мәселелерді атап көрсетті, деп хабарлайды Baq.kz.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің ұзақ уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіретінін атап өтті.

«Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам – елімізде діннің мәдениетін, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Қазіргі таңда екі жарым мыңнан астам мешіт жұмыс істейді, халықтың 75 пайызын ислам дінін ұстанушылар құрайды», - деді ол.

Осы орайда Сенат төрағасы ислам дініндегі өзекті мәселелерге тоқталды.

«Бүгінгі күні еліміз бүкіл әлем мемлекеттері сияқты күрделі экономикалық-саяси, оның ішінде басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда. Жаһандану, әлемтану ұстанымдарының жаңаруы тарихи уақыт көшінің қарқынымен жеделдей түсуі - сенім мен діни құндылықтардың алатын орнын қайта бағалауды қажет етіп отыр. Мұндай жағдайда исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын бейбітсүйгіштіктен, толеранттылықтан, діни төзімділіктен бас тартатын күштердің алға шығуы жиі орын алуда. Жихад идеяларын насихаттайтын, экстермизм мен лаңкестік жолымен жүретін радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олардың мұсылмандардың барлық тарихи кезеңдерде барша дін өкілдерімен диалогқа дайын болғанын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, бұл жағдайдар ислам әлемінің дамуына кері әсер етуде.

«Бұл ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеуде. Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет. Менің ойымша, бұл – қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі. Себебі қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалымен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде», - деді Сенат төрағасы.

Сөз соңында ол бұл дағдарыстан шығудың жолын іздестіру қажеттігін жеткізді.

«Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық әрі моральдық әдістерді іздестіруді талап етеді», - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада алғаш рет Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтуде. Халықаралық форумға Еуропа мен Орталық Азияның 21 елінен 35-тен астам делегаттары қатысуда.

Шараны ұйымдастырушы – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы. Форумда «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, шараға қатысушылардың қарары жарияланатын болады.