СҚО-да су тасқынының екінші толқыны басталды

0
292

Бұған дейін СҚО-да бір тәулікте 400-ден астам тұрғын үйдің су астында қалған болатын.


СҚО-да су тасқынының екінші толқыны басталды

ERNUR.KZ. Петропавлда бірер күнде су тасқыны шарықтау шегіне жетеді деп болжанған. Бұған дейін мыңға жуық тұрғын үй суға кеткен Қызылжар ауданында су деңгейі біртіндеп түсе бастады, деп жазады inform.kz.

Облыстық штабта өткен брифингте СҚО ТЖД басқармасының бастығы Сәкен Ағзамов әлі 15 ауылды су басу қаупі бар екенін айтты. Сондықтан қазір негізгі күш осы елді мекендерге жұмылдырылған. Олардың барлығы Есіл өзенінің маңында орналасқан.

«Большая малышка» ауылында қазір эвакуация жүріп жатыр. Бұл елді мекенде 5 күннен бері біздің мамандар жұмыс істеуде. Қажет болған жағдайда Петропавлдан тағы да көмек барады. Барневка, Кустовое, Вагулино, Ольшанка сияқты шағын елді мекендер тасқын судың жолында тұр. Олардың барлығын бақылауға алдық. Кейбірінен тұрғындар толық қауіпсіз жерге көшірілді. Соколовкамен байланыс үзілуі мүмкін. Қасынан республикалық маңызы бар автожол өтеді, оны су басады деп болжап отырмыз. Жолды сақтап қалу үшін бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр», — дейді Сәкен Ағзамов.

Сондай-ақ облыста су тасқынының екінші кезеңі басталды. Тоқсан би ауылы маңындағы Есіл өзені деңгейі өткен тәулікте 3 см-ге көтерілген. Су Ақмола облысындағы Терісаққан, Жабай және Қалқұтан өзендерінен келіп жатыр.

«Бүгін Петропавл маңында су тасқынының шарықтау шегі тіркелмек. Облыс орталығында 17-18 сәуір күндеріне болжанған. Петропавл су қоймасындағы су деңгейі 1340 см-ге дейін көтерілді, қауіпті деңгей 940 см. Долматово ауылы маңында Есіл өзені қарқынды көтеріліп жатыр. Қазір су деңгейі 1425 см болса, қауіпті көрсеткіш — 1450 см. Ал екінші толқынға келер болсақ, Тоқсан би ауылы маңында Есіл өзенінде — 15-20 сәуір аралығында, Сергеев су қоймасында — 16-21 сәуір аралығында, Покровка ауылында — 18-23 сәуір, Новоникольское елді мекенінде — 20-25 сәуір аралығында, ал Петропавлда — 22-27 сәуір аралығында су тасқынының екінші кезеңі өтпек», — дейді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.

Бұған дейін СҚО-да бір тәулікте 400-ден астам тұрғын үйдің су астында қалғанын айтқан едік.