Nur Otan партиясының басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралатын болды

0
648

Бірқатар жаңа жобаны іске қосу ұсынылып отыр.


Nur Otan партиясының басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралатын болды

ERNUR.KZ. «Nur Otan» партиясының басты бағдарламалық құжаттарын қайта қарау мәселесі көтерілді. Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов кезектен тыс өтіп жатқан XXII Съезде әуелі партияның Жарғысын, одан кейін бағдарламалық құжаттарын өзгерту қажеттігін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Партияның стратегиялық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу де өте маңызды. Қазіргі күні арнайы жұмыс тобы «Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламаларын қайта қарауға кірісті. Халықпен жұмыс жасауда стратификациялық тәсілді қолдану маңызды деп санаймыз. Халықтың бүгінгі сұранысын ескере отырып, бұрыннан бар партиялық жобалардан бөлек, бірқатар жаңа жобаларды іске қосу ұсынылып отыр», - деді Асхат Оралов.

Оның айтуынша, партия экологиялық, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға дайын.

«TazaLike жобасы қоғамда экологиялық ойлауды қалыптастыруға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталмақ. Белсенділік пен алдын алу қоғамдық көңіл-күйді тексеру және әлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау үшін «Әлеумет» жобасының негізі болады. Осының арқасында біз мәселелерді шешудің ең тиімді жолдарын ұсына аламыз. Бұл ретте біз сарапшылар мен белсенді азаматтардың ұсыныстарын краудсорсингке енгізу үшін «Жаңа Қазақстан үшін 30 инновациялық идея» жобасын бастаймыз», − дейді «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы.

Айта кетейік, Асхат Оралов өз баяндамасында партияның аймақтардағы филиалдарының жұмысы күшейетіні, депутаттар шалғай ауылдарға жиі баратыны туралы да айтты.