Құс тұмауы шыққан СҚО фабрикалары үйректі 1000 теңгеден саудалап жатыр

0
870

Өңірдегі 10 елді мекен карантинге жабылады.


Құс тұмауы шыққан СҚО фабрикалары үйректі 1000 теңгеден саудалап жатыр

ERNUR.KZ. Ресми мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауынан қырылған қанаттылар саны 7 мыңға жетті. Тұрғындар бұл көрсеткіштің әлдеқайда жоғары екенін айтады. Жағдай ушығып тұрғанда, Бескөл ауылындағы құс фабрикасы үйректерін нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағаға, басына мың теңгеден саудалап жатыр, деп жазады «Azattyq Rýhy».




Коронавирус жағадан алғанда, құс тұмауы солтүстікқазақстандықтардың етегіне жармасты. Шаруалар жаз бойы бағып-қаққан құстарынан бірнеше күнде айрылып, сан соғып қалды. Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданының 10 ауылында құс тұмауының ошақтары тіркелді. Қазір елді мекендерді карантинге жабу мәселелі қарастырылуда.

«Құс тұмауы тіркелген ауылдарды карантинге жабу үшін әкімдік қаулысы қажет. Құжат дайын болған соң, бірден іске кірісеміз. Құс тұмауымен ауырудың соңғы фактісі тіркелгеннен кейін 21 күн өткенде ғана карантин алынып тасталады. Әзірге комиссия құрып жатырмыз. Нақты қанша құс өлгенін анықтап, иелеріге өтемақы беру мәселелері қарастырылады. Ол құстың түріне, жыныстық-жастық тобына қарай нарықтағы орташа бағасы бойынша төленеді, нарықтағы орта бағасы бойынша есептеледі», - дейді облыстық ветеренария басқармасының жетекшісі Берік Әлжанов.

Әлжановтың мәліметі бойынша, өңірдегі құс фабрикаларында жұқпалы дерт тіркелмеген. Ал жабайы құстардың індеттен қырылып жатқанын растады.




БҰЛ НЕ ДЕГЕН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ?!

Ал облыс орталығының іргесінде орналасқан «Алекри» құс фабрикасы үйректерін басына 1 мың теңгеден, тауықтарды одан да арзан бағаға саудалап жатыр. Тұтынушы қажетіне қарай тірідей немесе тазаланғанын алуына болады. Әрқайсысына түрлі баға қойылған.

«Осыдан бірер апта бұрын Бескөлдегі құс фабрикасының үйректерін арзан бағаға сатып жатқанын естідім. 10 бас сатып алдым. Тазаланғаны 1500 теңгеден екен. Біразын тұтындық. Балапан болған соң, еті онша толып үлгермеген. Дегенмен, өз бағасына жарап жатыр. Денсаулығымызда ешқандай келеңсіздік байқалмады. Ол кезде облыста құс тұмауы өршіп тұрғанын естімеген едім», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Арайлым Иманбаева.

1 мың теңге. Көктем мезгілінде үйректердің балапандары орта есеппен, осындай бағаға сатылады. Оны жаз бойы асырап-бағып, күзде дәл сол құнына сатуының өзі күмән тудырады. Облыстық ветеринария басқармасының басшылығы бұл мәселеден бейхабар екенін жеткізді.

«OLX» жарнамалар сайтынан фабриканың хабарландыруын да таптық. 29 тамыз күні жарияланған. Білмеген адамды бағасы бірден қызықтырады. Оның ар жағында не жасырынғаны тұтынушыға беймәлім. Көрсетілген нөмірді тердік.

«Тірі үйректі 1 мың теңгеден сатамыз. Ешқандай ветеринарлық анықтама бермейміз. Оны жасату үшін кемінде екі апта өтуі керек. Ешкімді күштеп жатқан жоқпыз. Алса да, алмаса да, өз еріктеріңіз. Ветеринарлық анықтама бере аламыз. Ал үйректердің құс тұмауымен ауырмағаны жайында құжат жоқ. Былтырғы үйректерді арзан бағамен сатып жатырмыз, ол 1000 теңге, биылғы - 1500 теңге», - деді желінің ар жағындағы адам.

Ал нарықта үйрек етінің келісі орта бағамен, 1200 теңгеден сатылып жатыр.

АДАМДАРДЫҢ ҚҰС ТҰМАУЫНА ШАЛДЫҒУ ФАКТІСІ ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде адамдардың құс тұмауына шалдығу фактілері тіркелмеген. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Аталған сырқат тек құстарға ғана емес, адам ағзасына да қауіп төндіреді.

«Аурудың адамға жұғу жолдары – жабайы құстармен, ауырған үй құстарымен қатынаста болу, термиялық дұрыс өңделмеген ауру құстың ет өнімдерін жегенде жұғуы мүмкін. Адамдарда инфекцияны жұқтырған мезеттен алғашқы белгілері білінгенге дейінгі мерзім үш күннен аспайды. Адамдарда аурудың белгілері кәдімгі тұмау белгілеріне ұқсас: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бұлшық еттің ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы, кейде конъюктивит байқалады. Кешірек науқаста өкпе-жүрек жетіспеушілігі, өкпенің ісінуі, геморрагиялық өкпе қабынуы туындауы мүмкін. Сонымен қатар тамырлар жұмысының бұзылуы, көп реттік сұйық су тәріздес іштің өтуі, көп реттік құсу болуы, мидың ісінуі мүмкін. Құс тұмауы кезінде адамдарды емдеу кәдімгі адам тұмауының еміндей қолданылады», - дейді СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы Толқын Қаженова.

Құс тұмауына шалдыққан адам жедел түрде дәрігерге қаралып, уақытылы ем қабылдауы шарт. Дерт адам ағзасына ғана емес, өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Ал тауар өнірушілер өз пайдасын ойлап әлек. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы.