Хиджаб проблемасы: Формаға байланысты мектепке бармай жүргендер мәселесі онлайн оқу арқылы шешілуі мүмкін

0
389

Аймағамбетов министрліктің алдында тұрған басты мәселе – осы балаларды мектепке тарту, оларды біліммен қамту екенін атап өтті.


Хиджаб проблемасы: Формаға байланысты мектепке бармай жүргендер мәселесі онлайн оқу арқылы шешілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Мәжілістің кулуарында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен журналистер мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты сұрады, деп жазады baq.kz.

"Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекемелер. 2016 жылдан бастап қабылданған бұйрық бар, ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мектеп формасын сақтау керек. Бірақ шындыққа қарап, мәселені жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты (хиджаб кию – авт.) мектеп жасындағы балалардың мектепке бармай жүрген фактілері бар", - деді бас ұстаз.

Аймағамбетов министрліктің алдында тұрған басты мәселе – осы балаларды мектепке тарту, оларды біліммен қамту екенін атап өтті.

"Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды. Яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін. Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалы, ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шын мәнінде олар Қазақстанның шекарасын асып, ешқайда бармайды. Яғни олар елімізде онлайн білім болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн-мектептерінде оқып жатыр. Ал кейбірі мүлде мектепте оқып жатқан жоқ. Бізге бұған жол беруге болмайды. Балаларымыз міндетті түрде білім алуы керек", - деп айтты министр кулуарда.

Білім басшысы көтеріліп отырған мәселе – балалардың біліммен қамтылуы екенін айтады.