Денсаулық сақтау министрі омбылап қар кешкен ақтөбелік фельдшерлерге алғыс білдірді

0
330

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында жүрегі сыр берген науқасқа барған фельдшерлердің еңбегін министрдің өзі бағалады.


Денсаулық сақтау министрі омбылап қар кешкен ақтөбелік фельдшерлерге алғыс білдірді

Жаңа тағайыналған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова омбы қарда шақыртуға барған фельдшерлердің еңбегін бағалап, алғыс айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында жүрегі сыр берген науқасқа барған фельдшерлердің еңбегін министрдің өзі бағалады. Сол күні жедел жәрдем бригадасының көлігі қар басқан көшеге кіре алмай, мамандар қарды омбылап, жаяу жүрулеріне тура келген. Олардың бұл еңбегі еленді.

- Кез келген ауа райында, аяз бен боранда, жол жоқ жерде жедел жәрдем бригадалары төтенше жағдайларға қарамастан адамдардың өмірін сақтап қалу қажет миллиондаған шақыртуға қызмет көрсетеді. Осындай батырлардың қатарында – Хромтау ауданының жедел жәрдем фельдшерлері Құдияров Бауыржан Сұлтанханұлы, Тілеу Қайрат Берікұлы, Рысбай Сая Ыбырайқызы бар. Олар омбы қарға қарамастан жүрек ұстамасымен ауыратын науқасқа жетіп, өздерінің асыл кәсібіне адалдықтары мен күш-жігерлерін танытты. Дәрігерлердің айтуынша, сол жерде кардиограмма жасалып, ұсынымдар берілді, сәтін салғанда пациент емдеуге жатқызуды қажет етпеді. Денсаулық сақтау министрлігі Хромтау ауданының жедел жәрдем бригадасы фельдшерлерінің қажырлы еңбегін атап өтеді. Әртүрлі қиындықтарды жеңе отырып, науқастардың өмірін сақтап қалатын барлық медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз,- деп жазды Ақмарал Әлназарова.