"Ауғанстанда туғаныма кінәлімін бе?": Қазақстаннан кеткісі келмеген қандас белгісіз жағдайда жоғалып кетті

0
430

Ол Қазақстанда қалу үшін Астана әуежайында құжатын жыртып тастаған.


ERNUR.KZ. Ауғанстаннан Қазақстанға қоныс аударуға ниеттеніп келген 32 жастағы Сами Ата Гүл есімді азамат Астана әуежайында елде қалуы үшін құжатын жыртты. Айтуынша, оның Қазақстанда қалу туралы өтініші қабылданбай, депортациялау туралы шешім қабылданған, деп жазады stan.kz.

Сами Ата Гүл Ауғанстанда туып-өскен. Ол Қазақстанға өткен жылы күзде келіп, кейін атамекенінде қалуға шешім қабылдаған. Осылайша азаматтық алуға құжат тапсырған. Алайда биліктегілер оған азаматтық беруден бас тартып, ел аумағында болу ережелерін бұзды деп айыптап, депортациялау туралы шешім қабылдаған.

Сами Ата Гүл бұл шешіммен келіспей, оның қорғаушысы депортациялау туралы сот шешіміне шағымданған. Дегенмен бұған қарамастан, полицейлер азаматты ұстап, әуежайға дейін алып келген. Ешқайда кетпес үшін Ата Гүл әуежайда төлқұжатын жыртқан. Себебі ұшаққа төлқұжатсыз кіргізбейді.

"Ауғанстанда туғаныма кінәлімін бе? Ешкімді өлтірмедім, өтірік айтпадым", - деп ашуланды жас жігіт.

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының Астанадағы өкілі Бақыт Сарайдың айтуынша, Ақмола облысы Целиноград ауданының Көші-қон полициясының үш қызметкері Ата Гүлді тікелей жатын орнынан алып кеткен. Кейін оны бір тәулікке жуық уақыт іздегенін айтады.

“Олар таңғы сағат 7:30-да билетке алып, оны елден күштеп депортациялауға тырысты. Оны металл жақтаудан өтуге мәжбүрлеген. Бірақ Сами өз отанынан кетпейтінін айтып, паспортын жыртып тастапты”, - деді Бақыт Сарай.

Сами төлқұжатын жыртқаннан кейін де полиция оған әуежай ғимаратынан кетуге рұқсат бермеген екен.

"Олар бізге прокуратурадан құжаттарды әкелуімізді талап етті. Сонда ғана оның қорғаушысы ретінде маған оны әуежайдан алып кетуіме рұқсат етеді екен. Қажетті қағаздарды алуға кеткенімізде Целиноград ауданының Көші-қон полициясы Сами Ата Гүлді белгісіз бағытқа алып кеткен. Біз оның қайда екенін әлі білмейміз", – деп қосты Бақыт Сарай.

Бақыт сарайдың айтуынша, Ауғанстанда Қазақстанға көшу үшін виза ала алмай жүрген қазақтар көп. Ал Сами Ата Гүлдің қайда кеткені туралы жауапты Целиноград ауданының полиция бөлімі әлі күнге дейін бермеген.