Астанада медицина қызметкерлері тапшы

0
1 229

Елорда ауруханалары толыққанды жұмыс жасау үшін 400-ге жуық маман қажет


Астанада медицина қызметкерлері тапшы

фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Астанада ем іздеген тұрғындардың барлығын қабылдап, ауруханалардың толыққанды жұмыс істеуі үшін жалпы саны 400-ге жуық қызметкер қажет. Әсіресе, невропатолог, кардиолог және балалар дәрігерлерінің тапшылығы ерекше байқалып отыр деп жазады 24.kz.

Астаналық Айнұр Жұрынтаева – төрт баланың анасы. Кенжесі бір жастан енді ғана асқан. Сондықтан ақ халатты мамандардың көмегіне жиі жүгінеді. Жалпылама сипаттағы қызметті үйіне жақын орналасқан емханаға барып алады. Ал салалық дәрігердің кеңесі керек болғанда, өзге ауруханадағы маманның қабылдауына жазылуына тура келеді. Себеп – кадр тапшылығы.

Айнұр Жұрынтаева, қала тұрғыны: – Біз басқа ауруханаға барамыз. Сол ауруханаға бару үшін 2-3 жұма, 1 ай бұрын жазыламыз. Жазылғаннан кейін ғана дәрігерге кіре аламыз. Емдеу мекемелеріндегі ұзын-сонар кезек те, бір дәрігердің үлесіне тиетін науқастың саны да жауапты басқарма өкілдеріне аян. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жетекшілік ететіндер мамандардың жетпейтінін мойындап отыр. Елорданың медициналық мекемелерінде емделетін әрбір бесінші адам өзге өңірдің тұрғыны екен. Бұл да жергілікті мамандарға салмақ түсіретін көрінеді.

«Ал кадр тартудың тиімді жолы – оларды баспанамен қамту», – дейді басқарма өкілдері.

Әлия Рүстемова, Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: – Семей, Қарағанды және Алматыдағы мемлекеттік медициналық жоғарғы оқу орындарымен меморандумға қол қойылды. Қазір баспана мәселесін шешіп жатырмыз. Әзірге акушер-гинеколог, анестезиолог, реаниматологтарға 10 пәтер қарастырылған. Сондай-ақ келесі жылдың соңына дейін 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Жалпы қызметтік баспанамен қатар елордада жаңа медициналық нысандар ашылады.

2025 жылға дейін Астанада 10-нан астам емхана және оңалту орталығы бой көтермек. Олардың құрылысы инвесторлардың есебінен жүзеге асады деп жоспарланып отыр.