"Алаяқтар Жәнібектен 5 мың еуро сұраған": Қымбат Досжан белгиялық асырап алған балаға қатысты тың дерек айтты

0
294

Қазір бұл іс бойынша прокуротураға хат жолданған.


ERNUR.KZ. Белгілі журналист Қымбат Досжан биологиялық әке-шешесін іздеп келген белгиялық Жәнібек есімді баланың оқиғасына қатысты тың дерек айтты, деп жазады stan.kz.

Журналистің айтуынша, алаяқтар хабарласып, баладан ақша сұраған.

“Жәнібек елге 30 күнге келген еді. Сол уақыт аралығында оған алаяқтар хабарласқан. Бір жігіт жекесіне "5000 еуро бер, анаңды тауып беремін" деп хабарлама жазған. Жәнібек "ақшаңды төлеймін, бірақ скрин жасап, әлеуметтік желіге жариялаймын" деген екен. Сөйтсе, "жоқ, рақмет, әзілдеген едім" деп жауап жазған", – деді журналист.

Сондай-ақ Қымбат Досжан Жәнібекті асырап алған шетелдік ата-анасы қазақстандықтарға қомақты қаржы төлегенін де жасырмады.

"Әуелі шетелдік азаматша Жәнібекті асырап алмай тұрып, Бельгияда отырып, электрон поштасы арқылы оның мәліметтерін, суретін көрген. Ешқандай ауруы жоқ екенін анықтаған. Қазақстанға келгенде бірден "Жәнібекті аламын" деп келген. Тіпті, біздің елдің азаматтарының сұраған ақшасын ала келген. Сол ақшаны бір кісіге қолма-қол берген. Бірақ, кімге қанша бергені еш жерде әзірге айтылмайды. “Әзірге ғана” деген сөзімнің жаны бар. Мұның бәрі уақыт өте жарияланады”, – деді ол.


Қазір бұл іс бойынша прокуротураға хат жолданғанын айтты.

"Жәнібек дүниеге келген кезде дәрігер медицина саласына еш қатысы жоқ "грузовые перевозки путевые лист 1983 жыл, СССР" деген қағазға салмағы мен атын жазып толтырған. Ал анасы деп жазылған Жазира есімді әйелдің жеке басын растайтын құжат табылмады. Баланы дүниеге әкелгеніне 4 күн болғанда анасына қолхат жазғызып алып, перзентханадан шығарып жібереді. Артынан ешқандай іздеу салмаған. Бұл – салғырттық. Бірақ, Арқалық қаласындағы перзентхананың сол кездегі бас дәрігері қазір зейнетке шыққанымен, сонда жұмыс істеп жүр", – деп шындықты айтты журналист.