5 қазан – ҰСТАЗДАР КҮНІ: Мәртебе жоғарылап, мереке жаңғырды

0
4 266

Жыл сайын 5 қазан күні бүкіл әлем ұстаздар немесе мұғалімдер күнін атап өтеді.


5 қазан – ҰСТАЗДАР КҮНІ: Мәртебе жоғарылап, мереке жаңғырды

Адамды адам қылатын сапалы білім болса, сол білімді адамзаттың бойына сіңіретін ұстаздар, яғни педагогтар екені бәріне белгілі. Сол себепті, кез келген қоғамда аталған мамандық иелеріне деген құрмет-қошемет айрықша болады. Тіпті, жыл сайын 5 қазан күні бүкіл әлем ұстаздар немесе мұғалімдер күнін атап өтеді. Осы ретте бұл мамандықтың шығу тегіне үңіліп, мерекенің қоғамдағы маңыздылығы жайлы сө қозғамақпыз.


Педагог ежелгі грек халқының «баланы алып жүруші» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан екен. Алайда, ол кездегі педагогтар бай-бағландардың балаларын 6 жастан бастап қорғап, қарап жүретін құлдар болыпты. Олар әрдайым баланың жанында болу, мектепке апарып-келу, үйден тыс жерде баладан көз жазбай қасында жүру қызметтерін атқарған. Дегенмен, кейінгі кезеңдерде бұл мамандықты бүкіл адамға жазу-сызуды үйрететін ұстаздар иеленіп, әлі күнге дейін ілім-білімнің, мәдениет пен өркениеттіңдамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр.


Осы ретте мұғалімдердің құрметіне арналған әлемдік мереке жайында да сөз қозғай кетейік, Негізі аталмыш датаның пайда болу тарихы да өте ерекше. Дәлірек айтсақ, 1965 жылдың 29 қыркүйегінде Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен қазан айцының бірінші жексенбісі мұғалімдер күні ретінде белгіленген. Ал, бұл мейрамның дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне Біріккен Ұлттар Ұйымы ықпал жасаған екен. «Сондай қалай?» деген сауал туындаса, оны да айтайық. Бұл күннің мерекег айналуына 1966 жылдың 5 қазанында Францияның Париж қаласында өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция негіз болған екен. Тиісінше, осы жиын аясында Халықаралық еңбек ұйымы мен ЮНЕСКО-ның өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған. Ол құжат – «Recommendation concerning the Status of Teachers» деп аталыпты. Ал, 1994 жылы ЮНЕСКО маңызды ұсыныс жасап, 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні болып бекітілді. Сол кезден бастап бұл дата білім-ғылым саласында қызмет етіп жүрген барша азаматтың кәсіби мерекесіне айналған.


Бүгінгі таңда аталмыш мерекені жер бетіндегі жүзден астам мемлекет тойлайды екен. Ол елдерге Біріккен Ұлттар Ұйымының: «сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы; білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы; мұғалімдер алаңсыз жұмыс жасау үшін еңбек жағдайын жақсарту туралы; ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы; мұғалімдер өз жұмыс орнында алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту» сынды маңызды мәлімдемелері оң әсерін тигізген. Дегенмен, әлемдік ұйымның айтқанына құлақ аспаған елдер де жетерлік екен. Мәселен, бұл мейрамды Түркия 24 қараша, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Албания 8 наурыз, Қытай 10 қыркүйек, Аргентина 11 қыркүйек, Польша 14 қазан, Солтүстік Корея 9 мамыр, Бразилия 15 қазан, Оңтүстік Корея 15 мамыр және Австралия қазан айының соңғы жұма күні атап өтеді. Бұл мемлекеттердің мерекені бұлай тойлауына өз елдеріндегі маңызды даталар әсер еткен көрінеді. Ал Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения мен Эстония 1994 жылдан бастап мұғалімдер күнін 5 қазанға ауыстырған. Белорусь, Латвия, Украина елдері мұғалімдер күнін қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.


Сондай-ақ, әлем елдері арасында мұғалімдерге өте ерекше құрмет көрсететіндер де бар. Мысалы, өзбек халқы 1 қазан күні ұстаздарына құрмет білдіріп қана қоймай, ел көлемінде демалыс жарияланады. Ал, Италияда 12 жыл ұстаздық еткен азаматтарды жауапты ұмыстардан түбегейлі босатқан екен. Олар осыншама еңбек өтілі бар ұстаздарға қатысты «мемлекет пен ұрпақ үшін еңбек етті, психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген пікірде.


Сондай-ақ, аталған мереке біздің елімізде де қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын. Дегенмен, биылғы жылдың наурыз айында ел Үкіметі Қаулы қабылдап:

«Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазанның бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден аса елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді», - деп мәлімдеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамында бар ел болғандықтан, бұл шешім де дұрыс болған шығар.


Сонымен қатар, хабарламада:

«Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі», - делінген.


Бір айта кетерлігі – бұл күні, яғни ертең елордада Республикалық педагогтер съезі өткізіледі. Оған еліміздің барлық аймағынан жеті жүзге жуық мұғалім қатысып, арнайы жасақталған алаңдарада ұстаздар озық еңбектерімен және халықаралық тәжірибелерімен бөліседі деп жоспарланып отыр.


ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог жұмыс істейді екен. Осы орайда, елімізде мұғалімдерге қандай қолдаулар көрсетіліп, нендей реформалар орын алғанын да бір шолып өтелік.


Бұл тақырып қозғалғанда ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, педагогтердің жалақысы 2020 жылдың басынан бастап жыл сайын 25 пайызға көтеріліп, бүгінге дейін 100 пайыз өскені ойымызға оралады. Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға жоғарылады. Осылайша, бұл мамандыққа деген қызығушылық жоғарылап, бүгінде ел аумағындағы орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін мұғалімдер саны саны 388 200-ге жеткен. Ал, 11 мыңнан астам мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде 100 мыңға жуық азамат жұмыс істеп жатыр екен. Одан бөлек, педагогтердің карьерасына қолдау көрсетіп, мол мүмкіндік сыйлайтын бастамалар да баршылық.

Мәселен, биыл министрліктің бұйрығына сәйкес, пилоттық режимде «1000 КӨШБАСШЫ» ЖОБАСЫ іске қосылды. Құзыреттілікті бағалауға арналған тестілеу; кадр резервіне үміткерлерді оқыту; тағылымдамадан өткізу; қорытынды бағалау; Министрлік жанындағы комиссия мүшелерінің үміткерлерді қабылдауы сынды 5 кезеңнен тұратын сынақтан сүрінбей өткендер 11 желтоқсанда сертификатқа ие болып, кадр резервінің республикалық базасына енгізілмек. Тиісінше, бұл тізімге енгендер конкурстан өтпей-ақ, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы лауазымына тағайындала алады. Оған қоса, лауазымға ие болғасын бір жыл бойы сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.


Сондай-ақ, бүгінде елімізде жыл сайын мыңдаған мұғалім «Өрлеу» бағдарламасы арқылы біліктіліктерін де, жалақыларын да көтеріп жатыр екен. Тиісінше, биыл 110 мыңнан астам маманды біліктілікті арттыру курстарынан өткізу жоспарланып, жоспардың жартысы іске асырылып қойған. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар көптеген жоба аясында жүргізіліп жатыр.

Ал, ауылдық жерлерге жұмыс істеу үшін барған мамандарға әлеуметтік қолдау ретінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу бағытында көмек беріледі. Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, оларға ставка және балаларын балабақшамен қамту тұрғысынан да қолдау қарастырылған.


Сонымен қатар, білім беру саласына сүбелі үлес қосқан ең мыты мұғалімдерге ынталандыру мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы, оған қоса 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі. Осы уақытқа дейін бұл атаққа 30-ға жуық ұстаз қол жеткізген екен. Сондай-ақ, конкурс нәтижесінде 624 педагог «Үздік педагог» атанып, олар да 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы алған.


Ендігі кезекте «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін қандай нәтижелер орындалды деген сауалға жауап беріп көрелік:

- 2020 жылдан бастап жыл сайын педагогтердің жалақысы 25 пайызға өсті;

- педагогикалық шеберлік үшін мұғалімдерге 30 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленіп жатыр;

- білім беру ұйымдары басшылары мен басшылары орынбасарларының біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақының 30 пайыздан 100 пайызына дейін қосымша ақы берілуде;

- тәлімгерлік, магистр дәрежесі, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексеру үшін қосымша ақы қарастырылды;

- мемлекеттік тапсырыс алатын барлық мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің жалақысы 30 пайызға көтерілді.


Жалпы, елімізде айналдырған төрт жыл көлемінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе көтерілген. Қазір 220 мыңға жуық ұстаз тағайындалған санаты үшін 50 пайызға дейін үстемеақы алып отыр. Одан бөлек, өндіріс орындарынан келген техникалық және кәсіптік білім беру педагогтерінің жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы қосылған. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға жоғарылады.

Қорыта айтқанда, елімізде еңбегі ерен мұғалімдерге материалдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да зор құрмет көрсетіліп жатыр.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ