12 жылға сотталған Mudarabah Capital басшысының анасы қарттар үйіне түсіп қалды

0
407

Руслан Бурканов – анасының жалғыз ұлы.


12 жылға сотталған Mudarabah Capital басшысының анасы қарттар үйіне түсіп қалды

ERNUR.KZ. Mudarabah Capital ЖШС басшысы Руслан Буркановтың анасы қарттар үйіне түсіп қалды, деп жазады stan.kz.

Мұндай ақпаратты Алматыдағы аппеляциялық алқа отырысында Буркановтың адвокаты – Анар Катебаева мәлімдеді.

"Руслан Бурканов – анасының жалғыз ұлы. Қазір анасы мемлекет қамқорлығында, яғни қарттар үйінде тұрады. Себебі зардап шеккендердің шығынын өтеу үшін қорғаушым пәтерін сатуға мәжбүр болды, - деді адвокат.

Руслан Бурканов – Mudarabah Capital компаниясының бас директоры. Ол 2021 жылы қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша тұтқындалды. Mudarabah Capital директоры Руслан Бурканов салымшылар мен компания арасында делдал болған. Руслан Astex-ке 160 адамды әкелгенін айтты. Ол өзі де компанияға үлкен ақша салды.

Бұған дейін осы іске қатысы бар вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сот қаулысымен бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Вайнерлерден бөлек, сот үкімімен компанияның бас директоры Руслан Бурканов 12 жылға, "Astex.kz" ЖШС басшысы Алмас Құранғалиев 14 жылға, қаржы пирамидасын құрушылардың бірі Дания 10 жылға, "Mudarabah Capital" ЖШС құрылтайшысы Андрей Ча 8 жылға, "Mudarabah Capital" ЖШС-ның бұрынғы қаржы директоры Тимур Рүстемов 12 жылға, "Mudarabah Capital" ЖШС құрылтайшысы Самат Қасенов 8 жылға, қаржы пирамидасының заңгері Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға, "Mudarabah Capital" ЖШС құрылтайшысы Біржан Жармұхамед 6 жылға, қаржы пирамидасын құрушылардың бірі Ерлан Мансуров 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ бүгін "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасының атышулы ісі бойынша сотталғандар Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов аппеляциялық шағым түсіргені белгілі болды. 18 қаңтарда сот істі қарай бастады.